Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұржігіт Ерімбетов: Мақсатым - өзіміз жете алмаған жетістікке шәкірттерімді жеткізу

Нұржігіт Ерімбетов: Мақсатым - өзіміз жете алмаған жетістікке шәкірттерімді жеткізу

Қазақстан жастар әйелдер құрамасы биылғы әлем біріншілігін өте нәтижелі аяқтады. Жас бұрымды балуандар елге бір алтын және қос қоламен оралды. Әйелдер күресінен жастар арасындағы жеңімпазды, алтын медальді Қазақстан 13 жыл күткен. 57 келіде белдескен Нилуфар Раимова жарыс барысында қарсылас шақ келтірмей, топ жарып, әлем чемпионы атанды. Дүниежүзілік біріншілік аяқталғаннан кейін Olympic.kz жеңімпаздың жеке жаттықтырушысы Нұржігіт Ерімбетовпен тілдескен болатын. 

Нұржігіт, сізді әлем чемпионатының алтын медалімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл Қазақстан үшін тарихи жүлдеге айналып отыр. Шәкіртіңіз жеңімпаз атанған сәттегі әсеріңізбен бөлісіңізші. 

Жеңімпаз болғандағы сезімді айтып жеткізу мүмкін емес... Еліміздің әнұраны шырқалып, көк туымыздың көкке желбіреген кезде қуаныштан көзге ыстық жас келді. Тұла бойымды қуаныш кернеді. Бұл бір егін егіп, сол егіннің жемісін шынайы махаббатпен жегендей...

- Жаттықтырушылық қызметке қалай келгеніңіз туралы айтсақ. Бәрі неден басталды? Спортты қалай және қайда бастадыңыз? Неге жаттықтырушылық жолды таңдадыңыз? 

- Мен 2009 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түріс Университетін тәмамдап, Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде аға әдіскер болып бастадым. 

Жаттықтырушылық қызметке 2014 жылы қосымша 0,5 жүктеме негізінде атқарып қыздарды жаттықтыруды бастадым. Нулифар сол алғашқы шәкірттерімнің бірі. Жаттықтырушылыққа келумнің өзі қызық болған. 

Бір жаттықтырушы ағайдың аға әдіскер болғандықтан оқу-жаттығу сабағын, журналын тексеріп кішкене оқылықтар барын айтып, түзеп қоюды ескерттім. Сонда әлгі ағай маған "жаттықтырушылықтың қиын екенін және өзің бірінші облыс чемпионын тәрбиелеп шығаршы, содан кейін сені мойындаймын" деп, ескертуімді сын деп қабылдап, ашуланды. 

Осы сөзден кейін ойлана келе, мен де жаттықтырушылық тұрғыдан бағымды сынап көруге бел байладым. Басшымыз марқұм Тәңірберген Ерқанат деген мықты азамат еді. Сол кісіге кіріп жаттықтырушылықпен қосымша айналысқым келетінін айтқанда, басшылық тараптан бірден қолдау таптым. Қыздар жинап, жаттығуды бастап келіп жібердім. Қатты кіріскенім соншалық, тіпті, жексенбі күндері де тынбай жаттығу жасадық. Меркелік демалыс дегенді мүлдем ойламайтынбыз. 6 ай өткеннен кейін Қарағанды қаласында Қазақстан чемпионаты болатын болды.  Ел біріншілігіне облыс құрамасымен 4 қыз қатысып, алғашқы шәкіртім  Аялым Туғанбаева ІІІ орынға ие болды. Сол кездегі қуанышымды айтып жеткізу мүмкін емес шығар.  Сол медальді алып, әлгі ағайға барып көрсеттім. Ағай риза болып қолымды алып, мойындадым деп, ақ батасын берді.

Содан бір жыл өткенде 4 шәкіртім ұлттық құрама қатарына еніп, 2016 жылы Якутияда өткен Азия балалары ойындарында күміс жүлдегер атанды. Тиісінше, Қазақстан Республикасы  спорт шебері атағын алды. Тағы бір шәкіртім Азия чемпионатында (Тайпейде) қола жүлдегер атанғанда төбем көкке бір елі жетердей болып, жаттықтырушылық жолдың қиында қиғалаң жолына түстім.  Содан бері тоқтамай елдің көк туын көкте желбіретіп, әнұранымызды шырқатуды алдымызға мақсат қойып, қызмет етіп келемін.

- Нилуфардан бөлек, жарыстың қола жүлдесін жеңіп алған Мадина да сіздің шәкіртіңіз. Бір жарыстан екі бірдей мықтыны тәрбилеп шығарудың сырымен бөліссеңіз.

- Мен үшін Мадинаның қола алғаны ерлік болды. Себебі ол спортты 2017 жылдың соңында бастады. Сонымен карантин басталды, карантин деп үйде қарап жатпай дарынды қыздарды үйге жатқызып, күнделікті жаттығуды жалғастып отырдық. Оның үшінші орын үшін белдескен қарсыласы екі рет әлем чемпионатының жүлдегері, бес дүркін Еуропаның жүлдегері, адуынды мықты балуан болатын. Мадинада бір қасиет бар. Кіммен күресіп жатса да қорықпай, тайсалмай өз күресін жүргізеді. Өте өжет қыз. 

Қыздардың нәтежие беруінің себебі қажырлы еңбек пен жеңіске деген құштарлығы деп білемін. Басты қасиеттердің бірі - патриоттық сезімнің болуы. Елін-жерін сүйіп, өзіне артылған жауапкершілікті сезініп тұрса - кез келген спортшы әлемді, Олимпиаданы бағындыруға әбден лайық.

- Елімізде әйелдер күресінің деңгейін қалай бағалайсыз? Біздің ұлттық құраманың спортшыларына не жетпейді деп ойлайсыз?

Елімізде әйелдер күресінің деңгейі жаман емес. Біздің қыздар ешкімнен кем емес, кішкене психалогиялық тұрғыда жұмыстар жетіспей жататыны бар. Үлкен додаларда қателіктер кешірілмейді. Кез келген спортшы жеңсем деп барады, соны армандайды. Меніңше, жасөспірім қыздарға көп көңіл бөлу керек. Олар болмаса жастар, әйелдер құрамасындада жақсы спортшылар болмайды. Жасөспірімдер арасында жарыстарды өте көп мөлшерде өткізу керек. Сыйақылар тағайындалып, жігерленуі тиіс. Жасөспірімдер сыйлыққа қатты қызығады. Осындай жолмен болсын спортшылардың қызығушылығын оятып, спортшыларды тарту керек. Олардың тіптен демалуға уақыттары болмағаны жөн деп ойлаймын. Сосын сол қыздардардың ішінде шынайы күрескісі келетін қыздарымыз іріктеліп, ұлттық құрамаға өтеді. Сонымен қатар темірдей тәртіп те болғаны жөн.

- Көп спортшы жасөспірім және жастар сапында халықаралық аренеда ел намысын аброймен қорғап, өте жақсы күресіп жүреді. Одан кейін ересектерге ауысқанда жұтылып кетеді. Бұны немен түсіндерер едіңіз? Спортшының ересектер сапына ауысқанда құлдырауына не себеп болады деп ойлайсыз?

- "Кім қайратты
Кім кімге асқар тұлға,
Мүмкін бе екен тағдырдан бас тартуға?
Неткен ғажап,
Биіктен құлаған тас
Сынғанымен қалады тас қалпында.
Құзар шыңда,
Ойпаңда,
Бұралаңда,
Талайларды сын күтіп тұрады алда...
Быт-шыт болып кетпей ме қам кесектер
Кіп-кішкентай жырадан құлағанда.
Алуан тағдыр берілген бұл адамға
Есегінен ез жігіт құлағанда
Жұбатыңдар,
Аяңдар,
Өйткені оның,
Құм боп кетер жігері жылағанда.
Алуан тағдыр берілген бұл адамға,
Тұлпарынан ер жігіт құлағанда,
Жұбатпаңдар!
Ер адам от-жігерін
Намысына жаниды жылағанда", -  деген Мұхтар Шаханов ағамыздың керемет өлеңі бар.

Спортшыларымыз жас кезінде ата-анасының қамқорлығында болады. Не ішемін, не киемін деп алаңдамайды. Өсе-келе әркімде әртүрлі проблемалар пайда болып, психалогия өзгеріп, қоршаған орта, түрлі себептермен, өкініштісі, спорт жолын ерте аяқтап жатады. Одан бөлек себептері жетерлік. Бұл жағдайды тек қыз баламен жұмыс жасаған жаттықтырушы ғана түсінеді. Есейіп, спортшылар жаттықтырушыларды тыңдауды қоййып, өзім білдіге салынған сәтте-ақ спортшы құлдырай бастайды. Тиісінше, жетістік жолы да кесіледі. Сонымен, сәтсіз және нәтижесіз күрес көрсетеді. 

Қазіргі буынның мұндай кедергілерден аман-есен өтіп, Париж төрінде еліміздің көк байрағын желбіретеді деп сенемін. 
26 тамыз 2021 ж. 237 0