Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәкен БИБОСЫНОВ, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері: Жанкүйерлерге басымды иіп, алғыс айтамын

Сәкен БИБОСЫНОВ, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері: Жанкүйерлерге басымды иіп, алғыс айтамын

Аудандық газет редакциясында тілші қызметін атқарған Майя Қожабай Олимпиаданың қола жүлдегері, боксшы Сәкен Бибосыновпен сұхбаттасыпты. Аудандық «Тіршілік тынысы» газеті үшін арнайы жүргізілген сұхбатты оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік. Сұхбатта жас боксшы жетістіктерінің бәрі еңбекпен, жаттығумен келгенін айта келе байрақты бәсекеде қолдау көрсеткен жанкүйерлерге өз ризашылығын білдірген. Сонымен қатар спорттағы алдағы жоспарларымен бөліскен.

– Сәкен, ең алдымен жеңіс құтты болсын. Алғашқы сауалды олимп шыңына шығуға не жетіспеді, сәттілік пе әлде өз бабыңызда бола алмадыңыз ба?

– Әрине, бізге қолдау көрсетіп, жанкүйер болған барша қазақстандықтарға алғысымды білдіргім келеді. Себебі, әр жекпе-жектің алдында елдің ықыласы мені шабыттандырды. Жартылай финалға дейін жетуіме бірінші Алла себепкер болса, екінші ол жаттықтырушымның ақыл-кеңесі деп білемін. Бұл менің алғашқы олимпиадам. Ал оған дайындық өз деңгейінде болды. Осыған дейін түрлі чемпионаттарға, Азия біріншіліктеріне қатыстым. Жалпы, әр спортшы Токиодағы жарыс жолына қосылу үшін үлкен тер төкті. Оны мойындауымыз керек. Оңай келетін олжаның қатарынан емес. 4 қарсыласпен қолғап түйістіріп, оның үшеуін тізе бүктірдім. Бірақ жартылай финалдағы өнерім барша қазақ елінің көңілінен шықса да, финалға жолдаманы ала алмадым. Өкінішті, бірақ бұл менің соңғы жекпе-жегім емес. Сәттілік жетіспеді деп ойлаймын. Мұнымен тоқтамақ емеспін...

– Иә, төрткүл дүние көз тіккен бай­рақты бәсекеде төрешілердің әділет­сіз­дігін көріп біз де таң қалдық. Жарыс­тан кейін осы мәселеге қарсы ешқандай әрекет жасалмады ма?

– Бірінші раундта есе жібергенім рас. Бірақ одан кейін жеке бапкерім Мырзағали Айтжанов намысымды оятты. Менің артымда тек олимпиада федерациясы емес күллі қазақ елі тұрғанын, халықтың үмітін ақтауды айтқанда, намысым оянып, жігерлендім. Бізге жарыс басталар тұста бас төреші ескерткен болатын. Рингте төреші кімнің қолын көтерсе, сол жеңімпаз болады. Одан кейін ешқашан протест қабылданбайтынын, оны қайта қарауға мүмкіндік жоқ екенін ескертті. Төрешілерге шағымдануға, іс-шара қабылдауға болмайтынын білген соң, осы жүлдеге қанағат тұтуға тура келді.

– Биылғы олимпиада ойындары әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көптеген сыни пікірлер айтылды. Әрине, бірі мақтады, бірі даттады. «Қаншама қаржыны желге ұшырды» деп ренжігендер де болды. Жалпы, қазақ елінің қолдауын қаншалықты сезіне алдыңыздар, әлде пандемия кері әсерін тигізді ме?
– Бахтияр Артаев ағамыз айтқандай, біздің 19 миллион бапкеріміз бар (күліп). «Біткен іске сыншы көп» деген секілді, сынаушы адамдардың болуы заңдылық. Бірақ өз басым Токио төрінде жүргенде жанкүйерлердің қолдауын жақсы сезіндім. «Саған үміт артып, жеңіс күтеміз» деген толассыз хаттар келіп жатты. Осы тұста менің барша қолдаушыма басымды иіп алғысымды білдіргім келеді. Бізде барлық карантин талаптар сақтай отырып жасаған жаттығуларымыз еш тоқтаған емес. Әр оқу-жаттығу жиындарында тыңғылықты дайындалдық. Құрама команданың артында үлкен жауапкершілік болды. Бізге бұл жолы тек қола медаль бұйырған екен, оған өкпеміз жоқ. Барлық спортшы ел үмітін әлі талай ақтайды деп ойлаймын.

– Сәкен, Азия біріншілігінде сізден ешкім медаль күтпеді. Токиоға дейін де аса көп көзге түспедіңіз. Бір күнде спорт­тың жұлдызына айналу қандай әсерін беруде?

– Олимп шыңына дейін үлкен кезеңдерден өттім. Көптеген оқу-жаттығулар, жарыстар болды. Куба еліне бардық, жақында Ресейде бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Германия, Испания, Сербиядағы барлық са­йыста бақ сынадым. Азия біріншілігінде мен қола жүлдемен елге оралғанда, көп сын айтылды. «Бұл бала олимпиадаға барғанымен бірінші ұтылып қалады» дегендер болды. Бірақ мен өзіме сендім. Абай атамыздың ең керемет сөзі бар ғой, «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген. Дәл сол секілді сенімділік маған күш сыйлады. Шаршы алаңға шыққан әр жекпе-жегімді соңғы ойыным деп түсінемін. Сол арқылы жеңіске бір қадам жақындаймын. Бар күшімді салып бокстестім. Қайтсем де елге жүлдемен ораламын деген мақсат болды. Күллі қазақ елі мені теледидардың ар жағында қолдау көрсетіп, тілеуімді тілеп отырғанда мен елдің Туын ешқашан жықпаймын. Бір өкінішім бар, ол Әнұранымызды Токио төрінде шырқату еді. Ал жұлдыз болып, даңдайсып кетуге отбасымдағы тәрбие жол бермейді. Біз қарапайым жанұядан шыққан адамдармыз, тек жетістігіміз бізді елге танытып жатыр. Әрине, мұның бәрі Алланың, отбасымның жә­не жеке бапкерімнің арқасы.

– «Сәкен кім, қандай отбасында дүниеге келді, спортқа қалай тап болды» деген заңды сауалға кезек берсек...

– Мен Өзбекстан Республикасы, Бостан­дық ауданында дүниеге келдім. Ол жерде көбінесе, тіпті барлығы деуге болады, қазақтар тұрады. 2013 жылы отбасымызбен елге қайту мақсатында Түркістан облысы, Сайрам ауданына қоныс аудардық. Қазақстан азаматтығын алып, ел намысын асқақтатам деген бала арманым мақсатқа айналып, бүгін міне орындалып жатыр. Бала күнімде мен футбол ойыншысы болғым келген. Бірақ ағам командалық ойында жеке жетістікке жету өте қиын екенін айтып, жаттығу залына әкелді. 13 жасымнан бастап сол залдан әлі шықпадым. Отбасымда анам және үш ағайындымыз. Мен – үйдің кенжесімін.

– Ең алғашқы рингке шыққан кезіңіз есіңізде ме?

– Алғашқы жарысқа қатыса алмадым, мені жарыс жолына шығармады. Себебі, жас аралығындағы болатын сайысқа менің сал­мағым жетпеді. Кішкентай кезімнен тым жеңіл болдым. Додаларға қатысушы үшін салмақ дәрежесі 34 келіден басталу керек болса, менікі бар болғаны 28 келі болды. Осылайша бірінші жарысқа қатыса алмай үйге жылап қайтқаным әлі есімде. Кейін біршама уақыт ешқандай жарыстарға қатыспадым, салмақ жиналған соң рингке шыға бастадым. Ең бірінші бәсекеде бірінші орын алып, қатты қуандым. Сол жарыста үш кездесу өткізіп, үшеуін де жарыс жолынан шығарғаным әлі есімде.

– Алдағы мақсат-жоспарыңыз қан­дай?

– Алда екі айдан соң әлем біріншілігі болады. Негізгі жоспарымда осы дода болатын. Жеке бапкеріммен ақылдасып, тағы да нақты мақсаттар қоямыз. Әлем чемпионы болуға жұмыс жасаймын, еңбек етемін. Бұйырса Парижде өтетін олимпиадаға да аз уақыт қалды. Оған да жаттығуды күшейту керек. Алтынмен елді қуантуға аянбай тер төгемін.

– Сұхбат беріп, жоспарыңызбен бө­ліс­кеніңізге рахмет. Байрақты бәсе­ке­лер­де ел мерейін асқақтата беріңіз!

Сұхбаттасқан
Майя ҚОЖАБАЙ
17 тамыз 2021 ж. 735 0