«Қайсар» – индорхоккей чемпионы
Жақында Талдықорған қаласында индорхоккейден ерлер мен әйелдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында қызылордалық «Қайсар» командасы табысты өнер көрсетті. Дүбірлі бəсекеде әйелдер командасы 41 ұпаймен көш бастаса, ерлер құрамасы 31 ұпаймен екінші орынды иеленді.
«Қайсарлық» Ақнұр Нұрлыбекқызы мен Қарақат Төлепбергенова бұл жеңісі арқылы индорхоккейден «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына қол жеткізді.
Чемпионатта әйелдер құрамасы ел чемпионы атанса, ерлер командасы күміс жүлдені иеленді. Спортшылар 15-24 сәуір аралығында Талдықорғанда көгалдағы хоккейден өтетін ел чемпионатының бірінші және екінші тур ойынына қатысады.
– Биылғы жылдың күзінде Қазақстан құрама командасы Бельгияда индорхоккейден өтетін Әлем чемпионатында бақ сынайды. Ерлер арасында Нұрхан Сансызбаев, Бақытбек Сәрсенбайұлы, Шыңғыс Сейітқалиев, ал әйелдер арасында Әйгерім Маханова, Малика Сражадинова, Гузаль Бахавадин, Қарлығаш Болғанбаева мен Алиса Чепкасовалар құрама команда сапында сайысқа түседі.
Мақсатымыз – бірінші орынды алу, – дейді көгалдағы хоккейден және индорхоккейден ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобландин.
Алдағы уақытта «Қайсар» командасына байрақты бәсекеде сәттілік серік болғай дейміз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ