Бильярд бәсекесінде ардагерлер топ жарды
Кент ардагерлерінің спорттың төресі – бильярд сүйікті ойыны. Олар жиі болмағанмен (карантинге байланысты) ара-тұра турнир ұйымдастырып тұрады. Мысалы, бұдан бір-екі жыл бұрын кент ардагерлері Абылай Әшірбековтың 75 жасқа, Бақтыбай Мәтібаевтың 70 жасқа толуына орай турнир ұйымдастырылды. Бұл кент ардагерлерін спортқа жақын, белсенді азаматтар екенін көрсетеді.
Жақында Ұлы Жеңістің құрдасы, ауданға белгілі темір ұстасы Мырзалы Орынбаев өзінің мерейлі жасқа толуына орай ардагерлер арасында бильярдтан турнир өткізді. Бұл біріншіліктің бір ерекшелігі жүлдеге ұстаның өз қолынан шыққан кәдесый бұйымдар тігілді. Сөйтіп, ардагер карантинге байланысты көптен тоқтап қалған жарысты жандандырса, (карантиндік шараларды сақтай отырып жиырма ғана адам қатысты), екіншіден жүлдегерлер мен жарысқа қатысушылар ұстаның шеберлікпен соққан бұйымдарына ие болды.
Турнир үш күнге созылды. Біріншілікке белгілі спортшы, шахматтан республика ардагерлері арасында чемпион Мектепхан Елеусінов қазылық етті. Тартысты бәсекеде кент ардагерлерінің басшысы Муса Келдібаев шеберлік танытып, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Әнуар Қарсақбаев иеленсе, үшінші орынды Амантай Есмағанбетов пен Байырбек Әмірбеков өзара бөлісті.
Жеңімпаздарға арнайы жүлделерді Ұлы Отан соғысының ардагері, батагөй қарт Яхия Тасыров, Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген Рахымжан қажы Бәймен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы тапсырды.
Жарысты қорытындылаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы «Біздің ардагерлер спорттың қай түріне болсын белсенді атсалысады. Соның ішінде бильярдты айрықша ұнатып ойнайды. Турнир тартысты болды. Шеберліктерімен көзге түскендерге жүлделі орындар берілді. Ардагерлер бос уақыттарын мазмұнды өткізіп, спортпен айналысып, сергектікті өздеріне серік етіп келеді» деді. Ал турнирді ұйымдастырушы Мырзалы Орынбаев «Мен атымды шығарамын деп турнир ұйымдастырғаным жоқ. Үлкендердің батасын алайын дедім. Турнир өрнекті ойынға толы болды. Қатысушыларға ризашылығымды білдіремін» дейді.
Жарыс соңында батагөй қарт Яхия Тасыров ақ жарылқап, бата берді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ