Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ спортының 30 жылда бағындырған белестері

Қазақ спортының 30 жылда бағындырған белестері

Қазақстан тәуелсіз мемлекет болған 30 жыл ішінде ел спортшылары едәуір жетістікке жетті. Олимпиада ойындары мен әлемдік додаларда көк туымыз сан мәрте желбіреп, әнұранымыз шырқалды, рухымыз асқақтай түсті, –деп жазды ҚазАқпарат.

Қазақстанның намысын қорғаған спортшылардың жетістіктері мен жеңістері әлемдік спорттың дамуына үлес болып қосылды. Одан бөлек елде қаншама спорт ғимараты бой көтеріп, ұлттық спорт түрлері қайта жанданды. Әйтсе де Қазақстан 30 жылдық тарихында «спорттық мәрені» қалай кесіп өтті?

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің Дене шынықтыру және спорт комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тоғымбаевадан білген еді.

Ұлттық спорттың 25 түрі қайта жанданды

Дене шынықтыру және спорт саласы жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қоғамның бірігуіне, ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты еркін, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытуға мүмкіндік берген алаңдардың біріне айналды. Тәуелсіздіктің арқасында өшкеніміз жанып, ескіміз жаңарып, көнеміз жаңғырды. 25-тен астам ұлттық спорт түрі жанданып дамыды. «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақ» секілді ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бүгінде республикамызда ұлттық спорт түрлерінен 8 мамандандырылған спорт клуб, 13 мамандандырылған спорт мектебі және 45 ипподром жұмыс істейді. «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі ұлттық спорттық брендіне айналды. Сондай-ақ, «Әлем Барысы», «Жас Барыс» сынды жарыстардың да мәртебесі артуда. Бүгінгі күні білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарында «қазақ күресі», «тоғызқұмалақ», «асық ату» сияқты ұлттық спорт түрлерін міндетті компонент ретінде енгізу қолға алынған.

Раухан Тоғымбаева келтірген мәлімет бойынша, жалпы, тәуелсіздік жылдарында спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттік саясаттың өзіне тән ерекшелігі бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын теңгерімді тәсілдермен дамыту болған. Бұл ретте сала заңнамасын жетілдіру шеңберінде 2014 жылы саланы дамытудағы заманға сай талаптарға сәйкес келетін «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Президенттің Жарлықтарымен және Үкіметтің қаулыларымен бекітілген бес жылдық кезеңдерге арналған 4 мемлекеттік бағдарлама, 1 тұжырымдама бекітіліп, іске асырылды.

Осы бағдарламаларды және алға қойылған міндеттерді іске асырудың нәтижесінде халықты дене шынықтыру және спортпен қамтудың үлесі 31,6%-ға жетті. Бұл - ел тұрғындарының 5,9 миллионға жуығы дене шынықтыру және спортпен айналысатындығын көрсетеді.

«Әрине, мұнша халықты дене шынықтырумен қамту тиісті инфрақұрылымды қажет етеді. Ведомстволық статистикалық есепке сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 41 352 спорт ғимараты қызмет етеді (ауылдарда 23 693). Тәуелсіздік жылдарында елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 7,8 мыңнан астам спорт алаңы мен 2 мыңнан астам спорт залы салынды», - дейді ол.

Қандай спорт ғимараттары бой көтерді?

Елімізде 7-ші Қысқы Азия ойындары мен 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада сияқты ірі спорттық жарыстардың өткізілуіне байланысты әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бірқатар ірі спорт ғимараты («Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Астана Арена», «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондарының кешені, «Барыс Арена», «Алау», «Алматы арена», «Халық арена» мұз айдындары, «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені) сондай-ақ, алғаш рет Алматыда Олимпиада ауылдарына ұқсас 5000 орындық Атлетикалық қалашық салынды. 2018 жылғы 11 шілдеде Елбасының қатысуымен Ақмола облысының Щучье қаласында жаңа «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы ашылды. Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы пайдалануға берілген Жекпе-жек сарайына аты аңызға айналған қазақстандық балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің аты берілді.

2020 жылдың қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан» жеңіл атлетикалық спорт кешені пайдалануға берілді.

Бұқаралық спортты дамыту арқылы дені сау өскелең ұрпақты тәрбиелеу қоғам үшін маңызды. Осы орайда, Тәуелсіздік жылдарында еліміздің болашағы балалар мен жастарды спортқа белсенді түрде тарту жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының ішінде 1 938 598 бала дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Балалар мен жасөспірімдер спорты инфрақұрылымын 477 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, спортта дарынды балаларға арналған 17 мектеп-интернат құрайды.

Қосымша білім беру мекемелері қатарына 602 балалар мен жасөспірімдер клубы, 119 балалар мен жасөспірімдер дене даярлығының клубтары жұмыс істеп келеді. Оқушылар арасында жыл сайын еліміздің әртүрлі аймақтарынан 100 мыңнан астам оқушы қатысатын «Былғары доп», «Шұбар доп», «Жұлдызша», «Алтын шайба» және «Жас Барыс» спартакиадалары өткізіліп келеді.

Тәуелсіздік жылдары жоғары оқу орындарында 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциялары ашылды, онда 177 мың 263 студент спортпен шұғылданады. Сондай-ақ, Ұлттық студенттер лигасы белсенді дамып, жолға қойылды.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі нзардан тыс қалған жоқ

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда «Қазақстан Республикасының жазғы Спартакиадасы», «Қазақстан Республикасының қысқы Спартакиадасы», «қысқы Жастар ойындары», «жазғы Жастар ойындары»; «Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін 17 спорт түрінен халықтық спорт ойындары», «Мүгедектер арасындағы Спартакиада», «Ақ бидай» республикалық ауылдық спорт ойындары», «мектеп және колледж оқушыларының жазғы және қысқы республикалық Спартакиадасы» сынды республикалық кешенді іс-шаралар өткізу ісі қайта жанданды. Дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тартылған мүмкіндігі шектеулі адамдар санының өсу серпіні сақталды. Бүгінгі таңда олардың саны 34 114 адамды құрайды. Республикада мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 13 спорт клубы және 3 мектеп жұмыс істейді. Жыл сайын 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі спортшының қатысуымен әртүрлі санаттағы тұлғалар үшін 40-тан астам халықаралық және республикалық чемпионаттар мен турнирлер өткізіледі.

Спорт түрлерінен спартакиадаларды, түрлі турнирлерді, «Тұңғыш Президент – Елбасының тестілерін» тапсыру айлықтарын, отбасылар арасындағы спорттық жарыстарды, жаппай жүгіру мен өзге де іс-шараларды өткізу дәстүрге айналды. Мұндай іс-шараларға жыл сайын 2 млн-нан астам адам қатысады.

Елімізде 101 федерация жұмыс істейді

Бұқаралық дене шынықтыру – спорт қозғалысын тиімді дамытудың нәтижесінде спортшылармыз Олимпиада ойындары мен халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Тәуелсіздік кезеңінде республикада кәсіби спортшыларды дайындаудың бастапқы кезеңінен жоғары спорттық шеберлікке дейінгі жүйесі қалыптасты, жекелеген спортшылар мен командалар федерацияларға, ассоциациялар мен одақтарға бірігіп, ұлттық біріншіліктерде және спорттың әртүрлі түрінен өткен жарыстарға қатысты. Бүгінгі таңда елімізде спорт түрлерінен 101 республикалық федерация жұмыс істейді.

Жазғы Олимпиада ойындарынан – 64 медаль!

Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Онда аты аңызға айналған жерлесіміз Владимир Смирнов Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет 1 алтын және 2 күміс медальге ие болды.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің спортшылары мынадай жетістіктерге қол жеткізді:

- қысқы Олимпиада ойындарында (1994, 1998, 2002, 2006, 2010, 2014, 2018) 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль. Барлығы 8 медаль иеленді;

- жазғы Олимпиада ойындарында (1996, 2000, 2004, 2008, 2012, 2016) 15 алтын, 21 күміс, 28 қола медаль. Барлығы 64 медаль жеңіп алды;

- жазғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында (2010, 2014, 2018) 10 алтын, 6 күміс, 9 қола медаль. Барлығы 25 медаль иеленді;

- қысқы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында (2012, 2016, 2020) 1 күміс, 4 қола медаль. Барлығы 5 медаль жеңіп алды.

- жазғы Паралимпиада ойындарында 1 алтын, 1 күміс медаль. Барлығы: 2 медаль жеңіп алды. - қысқы Паралимпиада ойындарында 1 алтын, 1 күміс медаль. Барлығы: 2 медаль иеленді.

- паралимпиадалық спорт түрлерінен жазғы әлем чемпионатында 5 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль. Барлығы: 14 медаль жеңіп алды.

- паралимпиадалық жазғы Азия ойындарында 12 алтын, 21 күміс, 26 қола медаль. Барлығы 59 медаль иеленді;

Тәуелсіздік жылдары қазақстандық спортшылар 7 жазғы Азия ойындарына қатысты (1994, 1998, 2002, 2006, 2010, 2014, 2018) ол жерде 155 алтын, 158 күміс және 244 қола медаль, барлығы 557 медаль жеңіп алды.

Осы жылдары 6 қысқы Азия ойындарында (1996, 1999, 2003, 2007, 2011, 2017) еліміздің спортшылары 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль, барлығы 196 медаль жеңіп алды.

Қазақстанда 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының өткізілуі жалпыұлттық спортты зор салтанатқа бөледі, онда ел құрамасы бұдан бұрынғы Азия ойындарының бәріне қарағанда, жеңіп алған медальдар бойынша рекорд орнатып, бірінші орынға ие болды.

Тәуелсіздік алған күннен бастап осы уақытқа дейін қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында ұлттық құрама командалардың спортшылары 5 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль, барлығы 18 медаль иеленді.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында ұлттық құрама командалардың спортшылары 47 алтын, 52 күміс, 101 қола медаль, барлығы 200 медальға ие болды.

Сонымен қатар, еліміз тәуелсіздік алғалы бері қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың спортшылары Бүкіләлемдік қысқы универсиадаларға қатысып, 87 медаль жеңіп алды, оның ішінде 29 алтын, 25 күміс және 33 қола медаль бар.

Ал, тәуелсіздіктің алғаш күндерінен бастап қазіргі уақытқа дейін жазғы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың спортшылары Бүкіләлемдік жазғы Универсиадаларға қатысып, 103 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 22 алтын, 43 күміс және 38 қола медаль бар.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Алматы қаласы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы қабылдады. 2017 жылғы 8 ақпанда басталған іс-шара 12 спорт түрінен 8 спорт объектісінде («Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Сұңқар» халықаралық кешені, Б. Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондары кешені, «Табаған», «Алматы арена» және «Халық Арена» ойын-сауық кешені) абыроймен ұйымдастырылды. Универсиадада қазақстандық студенттер құрамасы 36 медаль ұтып, жалпыкомандалық есепте 57 елдің арасында 2-ші орынға тұрақтады.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде кәсіпқой спорт та қарқынды түрде дамыды. Бокстан, велоспорттан, футболдан, хоккейден кәсіпқой клубтар құрылды. Василий Жиров пен Геннадий Головкин бастаған еліміздің кәсіпқой боксшылары әлемге танылды. 2020 жылы боксшымыз Данияр Елеусінов орта салмақтағы бос IBF континентальдық белбеуін жеңіп алды. Геннадий Головкин Камил Шереметаны жеңіп, әлем чемпиондық атағын қорғады.

Биыл әлемдегі ең беделді Ultimate Fighting чемпионатында (бұдан әрі - UFC) алғаш рет 3 спортшымыз бақ сынады. Қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов ММА әуесқой нұсқасы бойынша Әлем чемпионы болды.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында қол жеткізген спорттық жетістіктеріміз мұнымен шектелмейді. Бұл жерде тек ең бастыларын ғана атап өттік. Жалпы, спорт патриоттық сезімді оятып, Тәуелсіз елімізге деген сүйіспеншілікті бекемдейтін басты құралдың бірі болып қала береді деп сенеміз», - дейді Раухан Тоғымбаева.

14 ақпан 2021 ж. 601 0