ТАҒДЫРЛЫ ШЕШІМ
Кезектен тыс Президент сайлауы биліктің заңдылығын нығайтып, еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет деп ойлаймын. Шынында да, бұл сайлаудың ел ертеңін айқындау үшін жасалып отырған байыпты қадам деп білемін. Мұны Ел Президенті Үндеуде атап айтты.
Көптеген жылдар ішінде мемлекетіміз сан қырлы сынақтан сүрінбей өтті. Елбасы елдік пен мемлекеттіліктің туын тіктеді, небір қиын сәттерде жол тауып, дана шешімінің арқасында туған елін өтпелі кезеңнен аман-есен алып шықты. Елдің еңсесі көтерілді, жағдайы түзелді. Біздің ендігі міндетіміз – Елбасы белгілеген осы жолдан, осы бағыттан ауытқымай, тек алға басу, өсу, өркендеу. Жетістіктерімізді еселеп, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу бағытындағы тірлігімізді жалғастыру үшін алдымен Президентімізді сайлап алғанымыз жөн.
Дана халқымыз «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді. Сондықтан бір үйдің баласындай татулық пен бірлікте болып, алдағы сайлауға баршаңызды жауапкершілікпен қатысуға шақырамын. Әр отбасының, әр азаматтың тағдыры бәріміздің дұрыс таңдау жасауымызға тікелей байланысты екенін ұмытпаңыздар. Ауыл ардагерлері кезектен тыс Президент сайлауын дұрыс деп бағалап, әділ өтуін тілеп, барынша қолдау білдіреді.
Х.АЛИШЕВ,
еңбек ардагері,
Аманкелді ауылы