Ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері қаралды
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері қаралды.
Мәжілістен кейінгі жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев берілген тапсырмаларды нақтылады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға баса назар аударып, ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту – басты мақсаттардың бірі. Ауылдық аумақтарды дамытудың тұжырымдамасына сәйкес облыста ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Тұжырымдаманың басты мақсаты – ауылдың инфрақұрылымын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, кадрлармен қамтамасыз ету. Инфрақұрылым мәселелері «Ауыл - ел бесігі» жобасы шеңберінде шешілуде. Жобамен 372,1 мың тұрғыны бар 58 тіректі, 45 спутниктік, барлығы 103 ауылдық елді мекен қамтылады. Соңғы 5 жылда 69 елді мекенде құны 30 млрд. теңгеден асатын 443 жоба жүзеге асырылды. Осылайша облыс халқының 98 пайызы, ауылдық елді мекендердің 86 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. 194 шақырым электр желілері қайта жаңғыртылып, 35 ауылдық елді мекен газдандырылды», - деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, облыс халқының саны 841,8 мың адам болса, оның 53%-ы ауылда тұрады.
Жиында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы тапсырған 4 ауқымды инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыру барысы егжей-тегжейлі қаралып, тиісті міндеттер айқындалды. Сондай-ақ, ауылдық жерлерді дамытуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бірқатар бағдарламаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы қала және аудандардың әлеуетін ескере отырып, биылға барлық көздерден 517 млрд. теңге инвестиция тарту межесі қойылғанын еске салды. Осыған орай, облыс әкімінің жауапты орынбасарына бір апта ішінде аудан және қала бөлінісінде инвестиция көлемін ұлғайту мүмкіндігін қайта зерделеп, ұсыныс енгізу тапсырылды. Нұрлыбек Машбекұлы қала және аудан әкімдері жұмысының тиімділігі инвестиция тарту көрсеткішімен бағаланатынын ескертті.
©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі