Облыстық «Qyzylorda» телеарнасының жаңа директоры тағайындалды
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында әріптестері ҚР Ақпарат саласының үздігі, облыстық «QYZYLORDA» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабаланы зейнетке шығарып салды.
Аймақ басшысы Жағыппар Аманжолұлын құттықтап, Сыр елінің телевизия саласына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс білдірді.
«Құрметті Жағыппар Аманжолұлы, сіз басшылық жасаған жылдар ішінде облыстық телеарна бәсекеге қабілетті, қаржылық жағдайы тұрақты, телевизиядағы соңғы тенденцияларды батыл меңгерген арналар санатына қосылды. 2005 жылы небәрі 8 сағат эфирге шыққан телеарна бүгінде тәулігіне 14,5 сағат үзіліссіз хабар таратады. Жағыппар Аманжолұлы, сіз білікті мамандар тәрбиелеп шығарған мықты ұстазсыз. Телеарна қабырғасынан түлеген Дана Рысмұхамедова, Ғалымжан Бәйімбет, Құрманәлі Қалмахан, Бағдат Әбдіқожаева, Нұрбек Әмиша, Рауан Мыңбаев секілді 50-ден астам журналистер мен телеоператорлар шетелдерден жаңалық таратып, республиканың беделді БАҚ-тарында абыройлы қызмет етуде. Сіздің шәкірттеріңіз тек БАҚ саласында емес. «Сыр жұлдыздары», «Таңшолпан» тележобалары арқылы бүгінде халықтың сүйікті әншісіне айналған жұлдыздардың өнердегі тұсауын да өзіңіз кестіңіз. Қазіргі қазақ эстрадасының көрнекті өкілдері Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, Өмірқұл Айниязов, Бибігүл Жанұзақ, Алмас Кішкенбаев және өзге де өнер жұлдыздары – сіздің продюсерлік қызметіңіздің жемісі», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сыр бойындағы руханият саласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Жағыппар Аманжолұлына Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы табысталды.
Жиында Астанадан арнайы келген «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрайымының орынбасары Азамат Кеңесұлы Жағыппар Қарабаланы марапаттап, телеарнаның жаңа директорын таныстырды.
«Qyzylorda» телеарнасының басшылығына «Болашақ» бағдарламасының түлегі, осыған дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің баспасөз қызметін басқарған Нұрбек Әмиша тағайындалды.
Нұрбек Шынтемірұлы 1982 жылы 5 маусымда Қызылорда облысында дүниеге келді. 2004 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. 2017-2018 жылдары Ұлыбританияның Лидс университетінде магистратурада оқып, «Саяси қатынастар магистрі» атағын алған.
Еңбек жолын «Халық», «Сыр бойы», «Айқын» газеттерінде тілші қызметінен бастады. «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында редактор, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында сарапшы, «Хабар» телеарнасында бас редактор, «Bilim Media Group» компаниясы және Ұлттық аударма бюросында әдеби редактор қызметтерін атқарды. «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз хатшылығының басшысы, «Сан-Ай пресс» ЖШС-да бас директордың орынбасары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы болып еңбек етті.
Іс-шара соңында ақын, журналист, «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының» құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, ардагер журналист Айткүл Шалғынбаева Жағыппар Аманжолұлын құрметті демалысқа шығуымен құттықтап, телеарнаның жаңа директорына сәттілік тіледі.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі