Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – тыныштық күні

Бүгін – тыныштық күні

«Жаңа Қазақстан» қалыптастыру бағы­тындағы саяси жаң­ғырудың кезекті нау­қанының жүзеге ­асуына бір күн қалды. Яғни ертең Мәжіліс және мәслихат депу­таттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Ал бүгін – тыныштық күні.

Мемлекет басшысы осыдан екі ай бұрын, нақ­тысын айтқанда, 19 қаңтар күні жетінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәс­ли­хаттардың өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлық шы­ғарды. Содан соң 19 наурызға Мәжіліс және бар­лық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұған дейінгі Мәжіліс құра­мында 107 депутат бар еді. Енді жаңадан жасақталатын Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын 9 мандат қысқарып, 98 депутат сайланады. Атап өту керек, Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайы­­зы – бірмандатты округтерден сайланып, ел жүгін арқалайды. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан қатысуға және өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар облыстардың, республикалық ма­­ңы­зы бар қалалардың және астананың мәсли­хаттарына депутаттардың 50 пайызы мажоритарлы жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы – партиялық тізім­дер бойынша сайланатын болады. Айта кететіні, ау­дандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау толық мажоритарлық жүйе бойынша өтеді, яғни саяси пар­тиялар емес, нақты жеке тұлғалар дауысқа түсетін әдіс.

Сайлауға түсетін үміткерлер тіркелгеннен кейін 18 ақпан күнгі сағат 18.00-ден 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ха­лыққа ұсынып, кездесулер өткізді. Елімізді дамыту тұр­ғысындағы өздерінің атқаратын жұмыстарын атап көр­сетіп, қолдау білдіруге шақырды.

Жоғарыда айтқандай, кеше үгіт-насихат жұмыстары аяқталып, бүгін – тыныштық күні. Ал ертеңгі 19 нау­рыз – сайлау күні. Сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Дауыс беруді аяқтаудың өзге уақыты белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санау­­ды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасау­­ды бастайды.

Бұл жолғы сайлауда 1 емес, 4 немесе 5 бюллетень болатынын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісі депутаттарын пропорционалды негізде, яғни партия тізімі бойынша сайлауға бөлек бюллетень болады. Ол барлық өңірлерде барлық сайлау учаскелерінде таратылады. Екінші бюллетень – Парламент Мәжілісінің бірмандатты депутатына арналған, мұнда әр округтен 29 депутат сайланады. Үшінші бюллетеньде – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, ел астанасының мәслихаттарына сайланғысы келетін партиялар тізімі болады. Төртінші бюллетень – облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, ел астанасының бірмандатты округы үшін таратылады, онда да кандидаттар ұсынылады. Сондай-ақ бесінші бюллетень облыстарда – 17 өңірде қолжетімді болады, бұл қалалық немесе аудандық мажоритарлық бюллетень. Осылайша, мегаполис­терде 4 бюллетень, қалған өңірлерде 5 бюллетень бо­лады. Айта кететіні, барлық бюллетеньде «Бәріне қар­сымын» бағанасы бар.

Е.БЕРКІНБАЕВ

18 наурыз 2023 ж. 259 0