Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саяси жаңғырудың жалғасы

Саяси жаңғырудың жалғасы

Жыл басы ел үшін маңызды саяси науқанмен басталды. ҚР Парламентінің жоғарғы палатасы Сенатқа өңірлерден ел сенімін арқалаған халық қалаулылары сайланды. Енді Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сай­лау мерзімін 19 наурызға белгіледі. Соған орай бүгінде тағы бір саяси науқанға дайындық жұмыстары жүргізіліп, депутаттыққа кандидаттар­ ұсынылуда.

Бұл жолғы кезектен тыс сайлаудың артықшылықтары бар. Оның ішінде, басты ерекшеліктерінің бірі – саяси науқан аралас сайлау­ жүйесі бойынша өтеді. Яғни, Мәжіліске сайланатын 69 депутат пар­тиялық тізім негізінде пропорционалды жүйе бойынша және 29 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланады.

Аралас сайлау жүйесінің артықшылығы – сайлаушының партияға дауыс беру арқылы белгілі бір саяси бағдарламаға, сондай-ақ өз аймағынан нақты бір кандидатқа дауыс бере алу мүмкіндігі. Мұнда саяси мүдделердің өкілдігі сақталады және сайлаушының белгілі бір аймақтан сайланған депутатпен байланысы нығаяды. Айта кете­тіні, сайлаушылар енді бір мандатты округ бойынша сайланған өз депутаты егер міндеттерін дұрыс атқармаса, оның мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігіне ие болады. Мұның депутаттар жұмысының тиімділігіне, олардың азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігіне оң әсер ететіні анық.

Жоғарыда айтқандай, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау биыл 19 наурызда өтеді. Кандидаттарды ұсыну 20 қаңтардан басталып, 8 ақпанда сағат 18.00-де аяқталады. Ал кандидаттар мен саяси партияларды тіркеу 20 қаңтар мен 18 ақпан аралығында жүргізіледі. Депутаттыққа үміткерлер тіркелген соң сайлау алдындағы үгіт-наси­хат жұмыстары 18 ақпан 18.01-де басталып, 18 наурыз сағат 00.00-де аяқталады. Ал 18 наурыз – тыныштық күні.

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына түсетін кандидаттар 1 050 000 теңге, мәслихат де­п­утаттығына үміткерлер 350 мың теңге сайлау жарнасын төлейді.

«ТТ» ақпарат
04 ақпан 2023 ж. 344 0