Бүгін үгіт жұмыстары басталады
Елімізде кезектен тыс мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы 19 наурызда өтетіні белгілі. Осыған орай саяси партиялардан партиялық тізім бойынша және бір мандатты округтер бойынша сайлауға түсетін партия мүшелерінің кандидатурасы бекітілді. Оған қоса, өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға қатысуға ниет білдірген азаматтар тиісті аймақтық сайлау комиссияларына құжаттарын ұсынды.
Сайлауға дайындықтың күнтізбелік жоспарына сәйкес, кандидаттарды тіркеу бүгінгі күнге, яғни 18 ақпанға дейін жүргізілді. Енді бүгінгі сағат 18.01-ден бастап сайлауға үміткерлер үгіт жұмыстарын бастайды. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, сайлауалды үгіт-насихат тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталып, 18 наурызда тыныштық күнін өткізу үшін дауыс беру күніне бір күн қалғанда аяқталады.
Үгіт-насихат жұмыстары барысында депутаттыққа кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырады, өңір халқымен түрлі бағыттағы кездесулер өткіздеді. Әрбір аумақтан түсетін үміткерлер бір ай бойына тұрғындарға халық қалаулысы ретінде атқаратын жұмыстарын насихаттайтын болады.
Жоғарыда айтқандай, 18 наурыз – тыныштық күні. Ал 19 наурызда Парламент сайлауымен қатар барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайланады.
«ТТ» ақпарат