Қаржыгерлер құрмет төрінде
Аудан әкімі М.Ергешбаев түрлі сала өкілдерін кәсіби мерекесінде құттықтап, құрмет көрсетіп келеді. Осынау игі дәстүр қаржыгерлердің де төл мерекесінде жалғасын тапты. Аудан басшысы сала ардагерлері мен мамандарды құттықтап, еңбегі еселі сала үздіктерін төрге оздырды.
Аудан әкімі ең алдымен аудан бюджетiнiң атқарылуын талдау және ауданның коммуналдық меншiгiн басқару саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруда қаржыгерлердің алатын орны ерекше екенін атап өтті.
– Баршаңызды Ұлттық валюта және қаржы саласы қызметкерлері күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізді экономикасы өркендеген елге айналдыру жолында қаржы, экономика, қазынашылық, статистика, салық жүйесінің мамандары зор еңбек сіңірді. Осы жетістіктерге Сырдария ауданының білікті қаржыгерлерінің де қосқан үлесі аз емес. Тиыннан теңге құрап, табыстың берекесін тасытқан сала ардагерлері ауданымыздың экономикалық көрсеткіштерінің артуына талмай еңбек етті. Бүгінде бұл жұмыстарды майталман мамандар жалғастыруда. Ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарын және басымдықтарын, негiзгi бағыттарын қалыптастыруда аудандық қаржы бөлімінің алатын орны ерекше. Бөлім аудан бюджетiн қалыптастыру және оның атқару процесiн жетiлдiруде де кешенді жұмыстар атқаруда, – деді аудан әкімі.
М.Ергешбаев сондай-ақ Сырдария ауданының биыл «Үздік аудан» атанғанын айтып, бұл жетістікке жетуде қаржыгерлердің де үлесі мол екеніне тоқталды. Сондай-ақ сала ардагерлері мен еңбекте үздік шыққан мамандарды облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, естелік сыйлық табыстады.
Мерекелік қабылдауда сала ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Ибрагим Әкімжанов және аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімін ұзақ жылдар басқарған Мағрипа Жүсіпбекова сөз сөйлеп, құрмет көрсеткені үшін аудан басшысына алғыс айтты. Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов аудан бюджетінің атқарылуын ұйымдастыруда талмай еңбек етіп жүрген қаржыгерлердің еңбегін жоғары бағалап, игі тілегін жеткізді. Іс-шара соңында аудандық қаржы бөлімінің басшысы А.Есмағанбетов әріптестерінің атынан алғыс айтып, артылған сенімді абыроймен атқару жолында қаржыгерлердің қажырлы еңбек ете беретінін айтты.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ