Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі М. Ергешбаев: Ауылдағы жұмыссыздықты азайту басты көрсеткіш болуы қажет

Аудан әкімі М. Ергешбаев: Ауылдағы жұмыссыздықты азайту басты көрсеткіш болуы қажет

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қалжан Ахун, С. Сейфуллин, А. Тоқмағамбетов және Тереңөзек кенті әкімдерінің елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, 9 айда атқарылған жұмыстарға және проблемалық мәселелерге талдау жасау мақсатында есебін тыңдады.

Сырдария ауданына қарасты аталған елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамытудағы жобалар мен оған қатысушылар мәселесі көтерілді. Ауылдарда шағын және орта бизнесті дамыту бұл ең алдымен жұмыссыздардың санын азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болады.

- Ауыл әкімдері ауылдың әр азаматы мен олардың проблемаларын жете білуі керек. Ол елдің тыныс-тіршілігі мен дамуы тікелей ауыл әкіміне байланысты. Әрбір кәсіп ашамын, жаңа жобаларым бар деген ауыл тұрғынын сүйемелдеп, қаржы институттары мен бизнес орталықтар арқылы қолдау білдіру керек. Мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, кепілдік немесе құжаттарын сәйкестендіру бойынша көмектер берілу керек. Бұл жұмыссыздықты жеңудің бірден бір жолы. Ал ауылдағы жұмыссыздықты азайту мен кәсіпкерлікті дамыту ауыл әкімінің басты көрсеткіші болуы керек,- деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Сонымен қатар, аталған ауылдардағы қоғамдық-саяси ахуал мен басқа да көрсеткіштер талқыланып, проблемалық мәселелерді шешу талқыланды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын шешілуі тиіс бірінші кезектегі мәселелерге қатысты ауданда бірқатар мәселелер республикалық және облыстық бюджеттен қолдаулар табылып келер жылға атқарылуы тиіс жұмыстардың тізбесіне енгізуде. Газдандыру мәселесі бойынша Қалжан Ахун ауылы мен С.Сейфуллин ауылы мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыру үшін өтінім тиісті министрлікке жолданған. Қазіргі таңда Қалжан Ахун ауылы қолдау тапты, Сәкен ауылы қайта қаралуда. Ал, А. Тоқмағамбетов ауылының газ мәселесі сараптамада жатыр. Сараптама аяқталғаннан кейін тиісті ұсыныс беріледі. Медицина саласы бойынша А. Тоқмағамбетов, Қалжан Ахун ауылдарының дәрігерлік амбулаториясының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. С. Сейфуллин ауылы биыл жаяу жүргіншілер жолы салынып ел игілігіне берілді. Қазіргі таңда бұл ауылдардағы шаруашылықтар егіндерін жинап болды. Ендігі кезекте осы жұмыстарды жалғастырып, бірінші кезекте шешілуі тиіс шараларды қолға алынуда.

09 қазан 2022 ж. 344 0