Үш үміткердің есімі белгілі
Өткен аптада «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс XXІХ конференциясы өтті. Жиында партияның жаңа Саяси Тұғырнамасының жобасы талқыланып, 6 қазан күні Астана қаласында өтетін партияның кезектен тыс ХXIV съезіне Сыр елінен делегаттар сайланды.
Алқалы басқосуда «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова Саяси Тұғырнама жобасы бойынша бірнеше ай көлемінде түрлі сарапшылар тарапынан пікірталас қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов пен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары, саясаттанушы Сәулет Сахиев сөз алып, Тұғырнаманың негізгі мақсаты мен одан туындайтын міндеттер төңірегінде хабарлама жасады. Мұнан соң күн тәртібіне сәйкес конференция шешімімен Сыр өңірінен «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХXIV съезіне қатысатын 35 делегат сайланды.
Конференция барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа Тұғырнаманың ел дамуындағы жаңа кезеңнің басты идеологиялық құжаты болатынына сенім білдірді және съезге қатысатын сырбойылықтарға сәттілік тіледі.
– Еліміздегі қабылданған реформалар сайлау жүйесі мен саяси партияларды дамытуға арналғанын да ескерсек, баршамыз демократия дәстүрлерін одан әрі нығайтып, өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға белсенді қатысуымыз қажет. Бұл үшін барлығымыз Мемлекет басшысының әрбір бастамасына қолдау білдіріп, басты құндылықтар болып табылатын – тәуелсіздік, жалпыұлттық бірлік, бәсекеге қабілетті экономика, білімді өркендеген қоғам, заң және тәртіп секілді ортақ басымдықтарды сақтап қана қоймай, оны әрі қарай нығайтуымыз керек, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, «AMANAT»-тың өңірлік филиалдарындағы 20 конференцияның қорытындысы бойынша партияның кезектен тыс XXIV Съезіне 700 делегат сайланған.
Ал «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің экономикалық зерттеулер институтының басшысы Мейрам Қажыкен кезектен тыс президент сайлауына өз кандидатурасы ұсынылғанын растады.
«Өткен аптада «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінде жиын болып, кезектен тыс өтетін президент сайлауына менің кандидатурам ұсынылған болатын. Ұйым мүшелері қолдап дауыс берді. Ертең Орталық сайлау комиссиясына барып, үміткер ретінде тіркелу жұмыстарымен шұғылданамын», – деді Мейрам Қажыкен. Бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – Нұрлан Әуесбаевты, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Жигули Дайрабаевты кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынған болатын. Сонымен әзірге үш үміткердің есімі белгілі болды. Алдағы уақытта үміткерлер қатары тағы да артуы мүмкін.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ