Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: СЫРҒА ТОЛЫ СЫР ЕЛІ

ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: СЫРҒА ТОЛЫ СЫР ЕЛІ

   
Бұдан 6 жыл бұрын, яғни 2012 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жағынан Қызылорда облысы республикадағы 16 аймақтың соңғы жағында болған еді. Ал соңғы бес жылда көшбасшы бес аймақтың қатарына енді. Сөйтіп, облыс құрылыс салудан республикада алдыңғы орынға шықты. Аймақ бүлдіршіндері балабақшамен толық қамтылды. Соңғы үш жылда облыс орталығында 12 ықшамаудан бой көтерді. Сыр диқандары Кеңес үкіметінің кезінде қол жетпеген мол өніммен жыл сайын рекорд жаңартуда. Бұрын Дарияның суын тазартып ішіп отырған қызылордалықтар жерасты су қоймасына скважина салып, мөлдір тұщы суды тұтынатын болды. Қызылорда мен Байқоңыр қаласын айтпағанда, төрт аудан орталығына табиғи газ тартылды. Қалған үш аудан да көп ұзамай көгілдір отынның қызығын көрмек… 

Міне, мұның бәрі – Елбасы Н.Назарбаев туған жеріне басшы етіп тағайындаған Сыр елінің төл перзенті, алғыр азамат Қырымбек Көшербаевтың облыс әкімі болған жылдарда атқарған ауқымды жұмыстардың бір парасы. Сыр өңірінің руханияты мен мәдениетіне ерекше қамқорлық жасап, туған жер, туысқан жұрттың қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ел ағасы, іскер азамат Қ.Көшербаевты әңгімеге тартқан едік.
– Елбасының «Қызылорданың қазіргі жағдайынан-ақ Қазақстанның қанша­лықты қарқынды дамығанын көруге болады» дегені бар. Қырымбек Елеуұлы, сіздің Сыр өңірінің төл перзенті ретінде туған жерге толассыз еңбек сіңіріп жатқаны­ңызды жерлестеріңіз жақсы біледі. «Театр – киім ілгіштен басталса», облыс орталығы алыстан келген жолау­шы үшін әуежайдан басталмай ма? Бұрын ұшақтан түнде түскен жолаушы қалаға дейінгі тас қараңғылықтан зорға жетуші еді. Бүгінде жол бойы самаладай жарқы­рап, жасарып-жайнап кетті. Осының өзі де кісі көңілін күрт көтеріп жібереді екен…
– Жұртшылық та сондай қуанышты ойда. Уақыт көші орнында тұрмайды. Бұл өзі заман талабымен оңды шешілген іс болды. «Қорқыт ата» әуежайы 2014 жылы халықаралық мәртебе иеленді. Шет мемлекеттерге әуе қатынасы ашылды. Ол үшін, әрине жаңа әуежай терминалы салынды. Әлемнің ірі қалаларына тұрақты рейстер ұшыру жолға қойылды. Осының арқасында туристік агенттіктердің де жұмысы жандану­да. Мәселен, өткен жылғы ЕХРО – 2017 көрмесі аясында «Байқо­ңыр» космодро­мына 10 мыңнан астам турист келді. Өзіңіз білесіз, өлкеміздің қат­парлы тарихы, өзіндік табиғаты, , құмы, сексеуі­лі, шөл даласы, өзен-теңізі – бәрі де туризмге сұранып тұр емес пе?! Сон­дық­тан алдағы уақытта әуежайдың жо­лау­­шылары да арта түседі деп ойлай­мыз.
– Елбасының тағайындауымен Сыр өңірінің басшылығына келгеніңізге де біраз уақыт өтті. Осы жылдарда өңір өніміне дем беруші негізгі өндіріс орындарының жай-күйі қалай дамыды?
– Облыс экономикасының ауқымын кеңейтіп, халықтың әл-ауқатын жақсартатын негізгі өндіріс орындары дегенде – «Шалқия» кен орны, Ферро­қорытпа зауыты, шыны шыға­ра­тын зауыт, Молибден комбинаты, Кальци­лендірілген сода зауытын алдымен атаймыз. ТМД елдерінде теңдесі жоқ шыны зауытының жылдық қуаты –197 мың тонна шыны табақ­шасы. «Шалқия» кен орнының жылдық қуаты – 4 миллион тонна. 1540 адам жұмыспен қамтылады. 2013 жылдан бері 16 жаңа өнеркәсіп іске қосылды. Құрама жем зауыты тәулігіне 80 тонна өнім шығарады. «Аралтұз» өнімі соңғы жылдары 7 есе ұлғайып, 1200 адам жұмыспен қамтылды. Осындай өркенді істердің арқасында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 7,1 пайыздан 4,2 пайызға дейін түсті. Президент айқындаған бағыт – экономиканы әртараптандыру екені анық. Мұнай бағасы түсіп кеткенін білесіз. Мұнай кен орындарының азаюынан 2015-2017 жылдары мұнай өндіру 3 миллион тоннаға азайды. Республика бойынша азайған мұнайдың 70 пайызы біздің облысқа тиесілі. Алайда облыс экономикасы тек қана мұнайға тәуелді емес. Мұнай өндіру көлемінің азайға­нына қарамастан, облыс экономикасын әртараптандырудың нәтижесінде аймақ бюджеті соңғы бес жылда 42 миллиард теңгеге артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны тек соңғы жылдың өзінде 6,4 пайызға артты. Инвестициямен жүйелі жұмыс көлемі өсті. Мәселен, «Байқо­ңыр» инвестиция­лық форумы 2013 жылдан бері тоғыз мәрте ұйымдас­ты­рылған екен. Соның нәтижесінде, 123 меморандумға қол қойылып, 265 миллиард теңге инвестиция тартылды.
Соңғы бес жылда облыста 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені де баспанадан таршылық көріп жүрген жұрт үшін үлкен қуаныш болды. 2013 – 2017 жылдары Қызылорда қаласында 12 ықшамаудан бой көтерді. Құрылыс қарқын алып, Сырдың сол жағалауын игеру басталды. 1500 гектар аумақта жаңа қаланың құрылысы басталып кетті. Келешекте мұнда 90 мыңнан аса адам қоныстанады. Жұрттың өздері баспана тұрғызуы үшін «Бәйтерек» жаңа ықшамауданы ашылып, 6600 адам жер телімін алды. Жер телімінің бәріне инженерлік инфрақұрылымдар тартылды.
Елбасының арқасында Аралға көмектің еселеп артқаны мәлім. Президенттің өзі «сол арманыма жетке­німе қуаныштымын» деген-ді. Соңғы төрт жылда балық өндірісі 65 пайызға артты. Таяу жылдары балық аулау көлемі жылына 30 мың тоннаға дейін жеткізіліп, осы салада 3000 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. «Көксарай» бөгеті салынып, Арал арнасы тола бастағанда балықшылар да ата кәсібіне қайта оралды. Баяғы игі дәстүр «Балықшылар слеті» жаңғырды. Осының бәрі – елдегі азаматтардың маңдай терінің, елеулі еңбегінің арқасы.
– Ауыл шаруашылығы алға басса, ауылдағы халықтың да жағдайы жақсарады. Бұл салада не өзгерді?
– «Ақ күріштің астанасы» деген атағымыз бар. Ежелден ақ күріш – Сыр елінің асы да, байлығының басы да. Елбасы «Соңғы жылдары Сыр диқан­дары әр гектарынан 50 центнерден аса өнім алуда. Мұндай көрсеткіш кеңес үкіметі кезінде де болған емес» деп атап көрсеткен-ді. Сыр диқаншылары соңғы үш жыл бойы күріштен рекордтық өнім жинады. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткіз­гелі бері алғаш рет 502 мың тонна күріш жиналды. Жүйелі селекция арқасында соңғы үш жылда күріш түсімі 20 пайызға артты. Мұнда қарапайым күрішшілермен қатар, дақыл өнімділігін арттырған ғалымдардың да еңбегі барын ескерген дұрыс. Күрішпен қатар атакәсіп – мал шаруашылығы да даму үстінде. Облы­сымыз буферлік аймақтан шығып, мал етін БАӘ мен Иран секілді алыс шет­елдерге экспорттай бастады. Өңдеу саласында өнім шығару 2013 жыл­мен салыстырғанда 36 пайызға өсті. Кейінгі бір жарым жылда 2036 жеке қосалқы шаруашылықты бірік­ті­ру жолы­мен 81 кооператив құрыл­ды. Облыстардағы шаруашы­лық­тарда төрт түліктің барлық түрі өсіріледі. Мал басы саны өңір үшін ең жоғары саналатын 1993 жылғы көрсеткіштен асып түсті. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері тұңғыш рет малшылар слеті 2015 жылы ұйымдасты­ры­лып, оны жыл сайын өткізу дәстүрге айналды. 2016 жылы көп жылдан бері тұралап қалған бақша дақылдарын Ресейге экспорттау қайта жан­данды. Көрші елге тасы­мал­данатын көкөніс биыл был­тыр­ғымен салыстырғанда 8 есе көп.
– Ежелден тоғыз жолдың торабы саналатын өлкедегі өркениетті дамытуда ең маңызды стратегиялық қадам инфра­құрылымнан басталатыны аян. Осы жағына да тоқтала кетсеңіз.
– Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралының 812 шақырымы Қызылорда облысы аумағын басып өтеді. 2014 жылы құрылысы аяқталған «Жезқазған – Бейнеу» теміржолының 547 шақырымы да облыс арқылы жалға­сады: Осының өзі облыстың бойы­на қан жүгіртіп, өңір тынысын барынша кеңейтті. Қызылорда қаласына жаңадан 112 автобус әкелінді. Өңірдегі 63 пайыз елдімекенге табиғи газ құбыры тартылды. Қызылорда мен Байқоңыр қалалары және төрт аудан орталығының тұрғындары табиғи газ тұтынып отыр. Қалған үш аудан орталығына көгілдір отын биыл жетеді. Халықаралық қаржы ұйымдарымен әріптестік арқасында жалпы сомасы 220 млрд теңгені құрай­тын 13 ірі жоба келісіміне қол қойылды. Еуропаның қайта құру және даму банкі бірлесе қаржыландыратын төрт жоба іс жүзінде басталып кетті. Инвестициялық жобалар облыс орталығындағы жылу, су, электр қуаты желілерін және қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуды көздейді.
2014 ЖЫЛЫ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛҒАН «ЖЕЗҚАЗ­ҒАН – БЕЙНЕУ» ТЕМІРЖОЛЫНЫҢ 547 ШАҚЫРЫМЫ ДА ОБЛЫС АРҚЫЛЫ ЖАЛҒА­САДЫ: ОСЫНЫҢ ӨЗІ ОБЛЫСТЫҢ БОЙЫ­НА ҚАН ЖҮГІРТІП, ӨҢІР ТЫНЫСЫН БАРЫНША  КЕҢЕЙТТІ. ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНА ЖАҢАДАН 112 АВТОБУС ӘКЕЛІНДІ. ӨҢІРДЕГІ 63 ПАЙЫЗ ЕЛДІМЕКЕНГЕ ТАБИҒИ ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛДЫ. ҚЫЗЫЛОРДА МЕН БАЙҚОҢЫР ҚАЛАЛАРЫ ЖӘНЕ ТӨРТ АУДАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ТАБИҒИ ГАЗ ТҰТЫНЫП ОТЫР.
– Әлеуметтің әлеуетін көтерудегі қандай игі шаралар бар?
– Жан басына шаққандағы әлеу­меттік салаға бөлінетін қаржы жөнінен Қызылорда облысы – Қазақ­стан бойынша бірінші орында. Бірнеше жыл бойы осылай алда келеміз. Бір адамға бюджеттен жылына 176,9 мың теңге жұмсалады. Әрине, бұл да осы саладағы қордаланып қалған мәсе­ле­лерге де байланысты. Бұрын ғарыш айлағы орналасқан Байқоңыр қаласы Мәскеуге қарап бой түзейтін. Осы Байқоңырдағы алты мектеп пен бір балабақша Қазақстанның білім беру стандартына көшті. 2013 жылдың басында апатты мектептердің саны 13 еді. Апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесі шешімін тапты. 2015 жылы елімізде алғашқы болып «Балапан» бағдарламасы мерзімінен бұрын орын­далды. Бүлдіршіндер балабақ­ша­мен 100 пайыз қамтылды. Яғни, бес жылда олардың саны екі есе өсті. Қызылорда өңірінде жетімдер үйі жоқ. Ең соңғысы 2015 жылы жабылып, орнына отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы ашылды. 2013 жылдан бері 174 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.
Соңғы төрт жылда өңір халқының саны 52 мың адамға көбейді. Алды­мыздағы тағы бір міндет – әлеуметтік көмекке мұқтаж облыс тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Ол үшін үш жылға арналған «Орда» тұрғын үй құрылысы Жол картасы дайындалды. «Орда» тұрғын үй құры­лысының жол картасы 3 жылға есептелген. Бұл құжаттың негізгі мақса­ты – жаңа айтқанымыздай, облыс тұрғын­дарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Әсіресе, әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға басым­дық беріледі. Тағы бір айта кетер жай, сол жақ жағалауда тұрғын үйлерді жобалағанда ұлттық дәстүрлерді сақтау мен дамытуға өзіндік үлесімізді қосудамыз. Яғни, ағайын-туғанмен араласуға ыңғайлы түрде кең де жайлы етіп салудамыз. Жалпы, Елбасының әлеуметтік саланы ерекше қолдауының арқасында тұрғын үй құрылысы Қызы­лорда облысында жоғары қарқын­мен жүзеге асырылып келеді. Дәл мұн­дай көрсеткіш Қызылорданың тарихында болған емес.
– Елбасы Жолдауында айтылғандай, әлем Төртінші өндірістік революция кезеңіне көшті. Осы кезеңге сай міндет­терді шешу үшін қабілетті маман­дар керек екені мәлім. «Жасампаздық – жастар­дан» деген емес пе?
– Өткен жылы Қызылорда облысы мектеп түлектерінің 97 пайызы ЖОО және арнаулы орта оқу орындарына түсті. Қазіргі таңда Сыр елінің 452 студенті Ресей үкіметі гранты есебінен көрші елдің жетекші техникалық оқу орындарында білім алуда. Білім беруде жаңа­шылдығымен ерекшеленетін Мәс­кеу мен Санкт-Петербордың техни­­калық жоғары оқу орындарына мектеп бітірушілерді дайындауды облыс болып ұйымдастыруды бірінші болып қолға алдық. Олар жыл сайын өте маңызды мамандықтарға 20 грант­тан бөліп тұратын болды. Қазан­ның жо­ғары оқу орындарында түлек­те­рі­міз­ді оқыту жөнінде де уағдаластыққа кел­дік.
2013 жылдан бастап аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларынан және ауылдық жерлерден шыққан дарынды балаларды еліміздің жоғары және орта оқу орындарында оқытуға облыс әкімінің грантын беруді бастадық. Мұндай гранттарға ие болған мектеп бітірушілердің саны – 694.
Сыр елінің жастары дарындылығы­мен ерекшеленеді десек, артық айтқан­дық емес. 4000 бала «Серпін» бағдар­ла­масы бойынша білім алуда, 200-дей адам Президенттік «Болашақ» бағдарла­ма­сы бойынша білім алды. Өткен жылғы түлектердің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу ордаларына түскеніне қалай мақтансақ та жарасады.
– Туған жеріңіздің тарихи ескерт­кіштерін қорғап-сақтауға және келер ұрпаққа мұра етіп қалдыруға да өз үлесі­ңіз­ді қосып жүргеніңіз мәлім…
– Тарихқа өте бай елміз. Ғалымдар Сыр жерінде 1000-ға жуық тарихи-мәдени ескерт­­кіштердің бар еке­нін айтады. Мұндай мол ескерткіш еліміз­дің өзге өңірле­рінде кездесе бермейді. Сыр бойындағы құмды, шөлейт­ті
дала – шикі кірпіштен салынған бекініс-қа­мал­дарымен, сонау б.з.д. ІҮ-ІІ ғасыр­лар­дағы тарихи ескерткіш­тері­мен қазақтың көне тарихынан сыр шертіп тұрады. Сол оғыз дәуіріндегі көне қалалардың орнын су шайып кетуден сақтауымыз керек. Ежелгі қаңлылар кезеңіндегі қалалардың жалпы саны­ның өзі өңірімізде 30-дан асады екен.Бұл қалалардың ара-қашықтықтары 2-3 шақы­рымнан жалғасып отырады. Жалпы, Сыр бойында қалалардың көп­теп салынуына осы жердің табиғи топы­рағы, сазы да бірден-бір себеп болғаны анық. ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне Қызылордадан тоғыз тарихи ескерткіш кірді. Соның бірі – ортаға­сыр­лық Сығанақ қаласы. Қызылорда тарихи-өлкетану музейі толық жабдық­тау­дан өтті. Қорда 55416 экспонат сақтаулы.
– Өңірдегі туризмнің дамытылуы қалай?
– Елбасы тапсырмасымен «Қорқыт ата» кешені толық жаңғыртылғанын білесіз. Түркі жұрты Қорқыт атаны ортақ тұлғамыз деп санайды. Аты аңызға айналған абыздың кіндігі осы топырақта кесіліп, мәңгілік мекенін де осы жерден тапқанын бәріміз білеміз. Өзінің түп-төркініне үңіліп жүрген түркі баласы Қызылорда жеріне арнайы ат шалдырып, абыз бабаның басындағы ескерт­кішке тағзым жасап қайтуға құлық­ты екенін талай мәрте көзіміз көріп жүр. Осыған орай аталмыш мәдени ескерткіш туризм аймағына өзінен-өзі сұранып тұр.
Өткен жылы ЕХРО – 2017 көрмесі аясында «Байқоңыр» космодромына 10 мыңнан астам турист келді дедім ғой жоғарыда. Байқоңыр ғарыш айлағы төңірегіндегі 11, 6 мың гектар жердің Қазақстанға қай­тарылуы да туризмге дем береді деген ойдамыз.
Өткен жылы Қамбаш көлі жағала­уын­да 90 мың адам демалды. Биыл бұл сан одан әлдеқайда артады деген ойы­мыз бар. Көл маңайында 90 нысан салын­ды. Ең ірісі – балаларды сауық­ты­ру орталығы.
Биыл 120 жылдығы тойланатын мемлекет қайраткері әрі ұлт рухания­ты­ның жанашыры Темірбек Жүргенов атындағы Шығармашылық үйі 2014 жылы ашылды. Үш қабатты зәулім көрікті үй. Осыдан төрт жыл бұрын Қызылорда теміржол вокзалының алдында алмағайып заманда атқа қон­ған Жанқожа батырдың тұлпар үстіндегі ескерткіші қойылды. Жетітө­бе­де жеті қабатты ғимарат салынса, осыдан төрт жыл бұрын облыс әкімдігі жаңа қонысқа көшті. Өңір тіршілігінің тамыр бүлкілін онлайн режимде сараптап, шешім шығаратын ахуалдық орталықтың іске қосылғанына үш жыл болды. 2014 жылы Сыр мәдениеті тарихында тұңғыш рет облыстық камералық оркестр құрылды. Осының бәрі сыр тұнған Сыр елінің ілгері дамуына серпін береді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ, 
Қызылорда қаласының Құрметті азаматы
04 сәуір 2018 ж. 1 260 0