Тоғыз мәселе талқыланды
Аудандық мәслихаттың кезекті 14-сессиясы өтті. Депутат Д.Ералиевтің төрағалығымен өткен сессияға депутаттардан бөлек аудан әкімі М.Ергешбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округі әкімдері қатысты.
Сессияның күн тәртібінде тоғыз мәселе қаралды. Бірінші мәселе аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуына арналып, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Н.Қарсақбаев баяндама жасады.
Бөлім басшысы өткен жылы ауданда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 527 жобаға қаржылай қолдау көрсетілгенін мәлімдеді. Оның ішінде 284 жоба несиелендіру болса, 243 жоба – грант. Ал «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бағыты бойынша 469,1 млн теңгенің 90 жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылған. Несиелендірілген жобалардың басым бөлігі мал және құс шаруашылығын дамыту, техникалық жөндеу, тігін, аяқ киім жөндеу шеберханасын ашу, полиграфиялық қызмет көрсету, шаштараз ашуға бағытталған. Биыл жүзеге асырылатын жобаларға талдау жұмыстары жүргізіліп, 49 жобаның тізімі жасақталған.
Бұл мәселе туралы депутат Е.Жақып, М.Бисенов, А.Қалдыбаева, С.Әбжәлиев, Р.Урынбаева сұрақ қойып, жауап алды. Ал аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов ауыл әкімдерінің жұмысы кәсіпкерлік саласын өркендетумен бағаланғаны дұрыс екенін атап өтті.
– Шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі драйвері. Сондықтан жергілікті жерде кәсіпкерлік саласын дамытудың маңызы зор. Бүгін аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының есебін тыңдадық. Әрине, атқарылған жұмыстар көп, бірақ атқаратынымыз одан да көп деп есептеймін. Меніңше, ауыл әкімдерінің жұмысы кәсіпкерлік саласын өркендетумен бағаланғаны дұрыс. Өйткені, кәсіпкерлік дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал жаңа жұмыс орындары ашылса, жұмыссыздық азаяды. Сол арқылы біз қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеміз. Сондықтан алдағы сессиялардың күн тәртібіне ауыл әкімдерінің кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарған жұмыстарының есебін тыңдау мәселесін қосуды ұсынамын. Бір сессияда екі немесе үш ауыл әкімін тыңдасақ, атқарылатын жұмыстарды бірлесе талқыласақ, бұл бәріміз үшін тиімді болмақ, – деді аудандық мәслихат хатшысы.
Е.Әжікенов сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту тек аудан, ауыл әкімдіктерінің жұмысы емес екеніне назар аударды.
– Ауданымызда аудандық кәсіпкерлер палатасы жұмыс істейді. Палата кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы азаматтарға тегін қызмет көрсетуге, бағыт-бағдар беруге міндетті. Бірақ кәсіпкерлер палатасының жұмысы аудан халқы үзбей оқитын аудандық газетте немесе әлеуметтік желілерде көрінбейді. Бұқарамен байланыс орнату бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнатудан басталады. Осы ретте аудандық кәсіпкерлер палатасының жұмысына ашықтық пен жариялылық қағидатын енгізу қажеттігін атап өтемін. Болмаса, депутаттар атынан облыстық кәсіпкерлер палатасына депутаттық сауал жолдап, «Жаңа Қазақстан» идеясы жүзеге асып жатқан тұста жұмыс жүйесін өзгертуге бірге атсалысайық. Меніңше, аудандық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің екінші үйі болуы керек. Кәсіпкерлікке қызығушылығы бар азаматтардың келуін күтіп отырмай, палата мүшелері, кеңесшілері оларды өздері іздеп-тауып, өздері насихаттап, өздері сүйемелдеп, әкімдік жұмысына жәрдемдесуі керек. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін аса маңызды және мұны Президентіміз де атап өтті. Сессияларда ауыл әкімдерінің есебімен қатар, аудандық кәсіпкерлер палатасының жұмысын тыңдасақ, талқыласақ артық болмайды, – деді аудандық мәслихат хатшысы.
Келесі мәселе Тереңөзек кентінің абаттандырылуы мен санитариялық жағдайы жөнінде өрбіп, кент әкімі Е.Бахтияровтың баяндамасы тыңдалды. Кент әкімі қоғамдық тазалықты сақтау мақсатында тиісті мекемелермен бірлесе рейдтік тексерулер ұйымдастыру қолға алынатынын айтып, жыл басынан бері 25 тұрғынға ескертпе хат берілгенін мәлімдеді. Мұнан бөлек көктем-күз айларында 4 мың түп ағаш отырғызу жоспарланғанын жеткізді. Кент әкімі тазалықты сақтауды мекеме басшылары мен қызметкерлері өздерінен бастау қажет екенін айтып, аудан тазалығын қамтамасыз ету үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Бұл мәселе бойынша, яғни ауданның негізгі көшелерінде қараусыз жүрген сиырлардың иелерін жауапкершілікке тарту туралы депутат Ж.Ембергенов пен полигон құрылысы жөнінде С.Әбжәлиев сұрақ қойып, жауап алды. Ал алдын ала жарыссөзге жазылған депутат А.Ибрагимұлы кентті дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстар айтты.
– Тереңөзек кенті – бәріміздің ортақ үйіміз, ауданымыздың негізгі орталығы, айнасы. Біз бұған дейін де аудандық мәслихаттың тұрақты комиссия отырыстарында, сессияларда бірнеше рет кентті дамыту мәселелерін кеңінен талқылаған болатынбыз. Бүгінде Тереңөзек кіреберістен бастап өзгерді. Аудан әкімі бастамашы болып, кенттің негізгі көшесі – Аманкелді Иманов көшесі жөнделіп, бетонды латоктар орнатылып, жаяу жүрушілер жолы асфальталды. Үлкен жолдың бойындағы балалар алаңы, орталық стадион аудан ажарын ашып тұр. Енді осы жұмыстарды шеткі аймақтарда жалғастырудың маңызы зор. Былтыр кент әкімі біздің алдымызда есеп беріп, сұрақтарымызға жауап беріп, жоспарларымен бөліскен еді. Сол кезде депутаттар тарапынан көп ұсыныстар айтылды, бүгінде соның басым бөлігі орындалса, бірқатары орындалу үстінде. Сол жұмыстарды жалғастыру кенттің жаңа әкімінің тікелей міндеті деп білемін, – деген депутат кентте қордалаған мәселелер аз емес екенін атап өтті.
– Бір ғана «Майжарма» каналының төңірегінде көптеген мәселе бар. Каналдың кейбір тұстары қоқыс алаңына айналған. Кейбір тұрғындар үйлерінен шыққан жаман суды каналға ағызып қоюды әдетке айналдырған. Соған бәріміз тосқауыл қоюымыз қажет. Осы жұмыстарға кент әкімдігі бастамашы болуға тиіс. Сондай-ақ былтыр біз каналдың бір бөлігін абаттандыру, демалыс аймағына айналдыру жұмыстарын аудандық газетте, әлеуметтік желіде көтеріп, тиісті жұмыстар қолға алынған еді. Сол жұмыстар аяқсыз қалмауы керек. Мұнан бөлек теміржол өткелінің арғы бетіндегі бір ғана Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғындары жол мәселесін ұзақ жылдардан бері көтеріп келеді. Ал «Әйтек» каналының арғы бетіндегі Желтоқсан, Достық, Наурыз, Жастар, Бұқарбай батыр көшелерінде шамамен 1000-ға жуық тұрғын тұрса, сол маңайда бірде-бір ойын алаңы жоқ. Салдарынан балалар тас жолдың үстінде ойнауға мәжбүр. Сондай-ақ кенттегі бейнебақылау камераларының сапасы сын көтермейді. Былтыр камералардың біразының істен шыққаны жөнінде көп сын айтылды. Камералардың дұрыс істеп тұруы жол-көлік қозғалысындағы заңдылықтың сақталуына да тікелей әсер етеді. Қарапайым тілмен айтсақ, есірген жүргізушілерге айыппұл салынады, ол айыппұл бюджетке түседі. Алдағы уақытта кенттің кіреберісіне, яғни халық төрт жол атап кеткен «Қызылорда – Жалағаш» автожолының тұсына бағдаршам орнатуды да халық арасында талқылаған, тиісті ұсыныстарды жинақтаған дұрыс деп есептеймін. Өйткені, сол маңайда жол-көлік оқиғаларының орын алу ықтималдылығы өте жоғары. Әрине, бәрі бюджеттің мүмкіндігіне қарай реттеледі. Біз, аудандық мәслихат депутаттары кент әкімінің жұмысына қолдау көрсетіп келеміз және алдағы уақытта кент әкімімен бірлесе жұмыс жасауға әзірміз. Кентті дамытуға қатысты кәсіпкерлік бағытта немесе халыққа тиімді әлеуметтік жобалар болса, оны сессияда қарауға, қаржы бөлінуін қолдауға дайынбыз, – деді А.Ибрагимұлы.
Сессия күн тәртібіндегі үшінші мәселе аудандық мәслихаттың 2022-2024 жылдарға арналған №107 шешіміне өзгерістер енгізуге арналды. Бұл бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Ахетов хабарлама жасады. Бөлім басшысы бюджет шығындарының басым бөлігі халықтың сұранысына сәйкес маңызды салаларға бағытталып жатқанын айтты. Оның ішінде, мекеме шығындарынан бөлек Шаған, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, С.Сейфуллин ауылдарын газдандыруға ЖСҚ әзірлеуге, Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл ауылдарындағы электр желілерін жаңартуға, С.Сейфуллин ауылына жаяу жүргіншілер жолын салуға, кентті абаттандыруға, көшелерді жөндеуге қаржы қаралуда. Бұл мәселе бойынша депутат Б.Есназар С.Сейфуллин ауылындағы Сәрке батыр, Қ.Әбдірей, Шортанбай би көшелерін заман талабына сай жарықтандыруға көңіл бөлуді ұсынды.
Біз бұған дейін аудандық газетте «Қоғамдық кеңестің құзіреті немесе «белсенділердің» белсенділігі неге байқалмайды?» деген тақырыпта мақала жазған болатынбыз. Сонда қоғамдық кеңестердің өкілеттілігі аяқталуға жақын қалғанын айтып, жаңа құрамда кімдердің болуы керектігін журналистік зерттеуімізге арқау еткенбіз. Заңнама талаптарына сай наурыз айында жұмысы аяқталған қоғамдық кеңестің жаңа құрамы мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар назарына ұсынылды. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмысшы топ басшысы С.Тобағұлов баяндама жасап, депутаттардың қолдауымен 15 адамнан құралған аудандық қоғамдық кеңестің құрамы бекітілді. Олардың қатарында аудан әкімінің салалық орынбасары мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысынан бөлек ардагерлер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, қоғам белсенділері бар.
Келесі мәселелер аудандық мәслихат жанындағы тұрақты комиссия төрағаларының есебіне арналып, депутат Д.Ералиев пен Б.Есназар баяндама жасады. Мұнан бөлек аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Мейрамбекұлы аудандық жер комиссиясының құрамымен таныстырып, шешім жобасы бекітілді. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев Шіркейлі ауылындағы Құмжарған көшесін Пейісов Мылтықбай Пейісұлының есімімен қайта атау туралы хабарлама жасады. Бұл мәселе бойынша көше атауына байланысты ұсыным облыстық ономастикалық комиссия қарауына ұсынылды.
Сессиядағы соңғы мәселе аудандық мәслихаттың регламентін бекітуге арналып, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Г.Божан хабарлама жасады. Күн тәртібіндегі мәселелер түгел қаралып, жан-жақты талқыланып болған соң аудан әкімі М.Ергешбаев сөз сөйлеп, ауданның даму барысы мен алдағы жоспарлар туралы пікір білдірді. Депутаттарға әкімдік ұсыныстарына қолдау білдіріп келе жатқаны үшін алғысын айтып, алдағы уақытта да ел игілігі үшін бірлесе еңбек етуге, әсіресе кәсіпкерлікті дамытуға барынша үлес қосуға шақырды.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ