Жұмыссыздықты жою күн тәртібінен түспейді
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде екі мәселе қаралып, атқарылуы тиіс жұмыстар нақтыланды. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, кент және ауыл әкімдері, мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Бірінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаевтың жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу және халықты әлеуметтік қорғау бойынша атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды. Халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту қашанда басым бағыт екенін атап өткен бөлім басшысы жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 2956 тұрғын хабарласып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 2417 адам қамтылғанын, оның ішінде, 825 азамат тұрақты жұмысқа орналасқанын жеткізді.
– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жұмыссыздықты жоюға тікелей әсер етуде. Осы бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсына аудан бойынша 180 адамды оқыту жоспарланып, оқуға ниет білдірген 635 адам (170 жас) тіркелді. 263 адам оқуға жолданды, оның ішінде, жастар саны 63 болса, 6 мүмкіндігі шектеулі азамат пен 17 көп балалы ана бар. 2021 жылдың 15 қарашадағы мәлімет бойынша 232 адам оқуды аяқтады. Ал «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігі бойынша 235 азамат грант иегері атанды. Оның ішінде, 99-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 112-і жастар, 2-і мүмкіндігі шектеулі жан және 22-і АӘК алушы азаматтар, – деген бөлім басшысы аталған бағдарламаның «Шағын несиелендіру» тетігі бойынша барлығы 74 адамға 355,7 млн теңге қаржы бағытталғанын айтты.
Атап өту қажет, есепті мерзім ішінде аудан бойынша «Жастар тәжірибесіне» республикалық бюджеттен 150 адамға 49882,0 мың теңге және облыстық бюджеттен 25 адамға 10939,0 мың теңге қаржы қаралып, 183 жас жастар тәжірибесіне жолданған. Соның негізінде 31 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстармен 830 адам қамтылған. Жалпы, 2021 жылға ауданда 1149 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланса, бүгінде 1984 жаңа жұмыс орны ашылып, бұл көрсеткіш артығымен орындалған.
Есепті баяндамадан кейін аудан әкімі халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдаудың маңыздылығына назар аударып, жұмыссыздықты жою күн тәртібінен түспейтінін атап өтті. Сондай-ақ, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директорына, кент және ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе мемлекеттік сатып алу жұмыстарының заңдылыққа сәйкес жүргізілуіне арналып, аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Д.Әлшеров хабарлама жасады. Бөлім басшысы биылғы жылы аудан бойынша ашық конкурс тәсілімен, яғни орындалатын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер мен сатып алынатын тауарларға барлығы 59 мемлекеттік сатып алулар жарияланғанын атап өтті.
– Өткізілген конкурстардың жалпы соммасы 731 715, 500 мың теңгені құрайды. Сатып алулардың қорытындыларына сәйкес 74 769, 539 мың қаржы үнемделді. Өткізілген сатып алулар бойынша құзырлы орган тарапынан сотқа беру фактілері тіркелген жоқ. Бөлімнің қызметкерлерімен барлық дербес бөлімдер мен ауылдық округ әкімі аппараттары мен оларға қарасты мекемелерге «Мемлекеттік сатып алу» веб-порталы арқылы мониторинг, талдау және сараптау жұмыстары жүргізілді. Бұл кемшіліктердің жойылуына, болдырмауына, бюджет қаржысының оңтайлы және уақытылы игерілуіне, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар мен кемшіліктердің алдын алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында аудан көлеміндегі барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алу саласы бойынша бекітілген қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсетіліп келеді. Оның ішінде, мемлекеттік сатып алу саласында орын алған өзгерістер мен толықтырулар, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс» талаптары бойынша түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізілуде. Аталған жұмыстарды сапалы жүргізу үшін аудан бойынша 72 мекемеге бөлім тарапынан бөлімнің төрт қызметкерлері жауапты (куратор) ретінде белгіленген, – деді бөлім басшысы.
Өз кезегінде аудан әкімі мемлекеттік сатып алу конкурстарын тек заң аясында өткізу, белгіленген талаптарды мүлтіксіз орындау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бағытында тапсырмалар берді. Сондай-ақ, жұмыстарды ашықтық пен жариялылыққа негіздеудің маңыздылығын атап өтті.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ