Қыс қыр астында, дайындық көңіл көншітпейді

Бірінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров хабарлама жасады. Бөлім басшысы елді мекендердегі әлеуметтік нысандарға жүргізілген тексеріс қорытындысын жария етті.
– Бұған дейін аудан әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте нысандардың отын қоймаларына қажетті қатты және сұйық отынды 15 қыркүйекке дейін түсіру тапсырылған болса, бүгінде қоймаларға тек 152,5 теңге отын, яғни қажетті көлемнің тек 11% ғана жеткізілгені анықталып отыр. Айта кету қажет, Айдарлы, Қоғалыкөл, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылдық балабақшаларына сұйық отын мүлдем жеткізілмеген. Мектептер бойынша қажетті сұйық отынның 12% ғана алынған. Қатты отын қажеттілігі 2333 теңге болса, бүгінгі күнге тек 593 теңге, яғни 25% ғана жеткізілген. Балабақшалар бойынша Тереңөзек кентіндегі «Ботакөз» балабақшасына да көмір түсірілмеген. Жалпы, балабақшалар бойынша қажетті қатты отынның 30% ғана қоймада бар, – деген бөлім басшысы ауданның білім саласының дайындығы өте төмен деңгейде екенін айтты.
Мұнан бөлек, мәдениет саласы бойынша сұйық отын қажеттілігі 329,6 теңге болса, әзірге 36,7 теңге жеткізілген. Оның ішінде, С.Сейфуллин ауылдық мәдениет үйінде отын қоры мүлдем жоқ. Ал ауданның денсаулық сақтау саласы бойынша сұйық отын қажеттілігі аудандық аурухана мен емханаға және Аманкелді ауылдық ауруханасына 688 теңге болса, қоймаларға сыйымдылығына сәйкес 40,0 теңге жеткізілген. Қатты отын қажеттілігі 1165 теңге болса, қоймаға 236 теңге ғана жеткізілген. Спорт саласы бойынша сұйық отын қажеттілігі 204 теңге болса, қоймаға 7 теңге ғана ғана түсірілген. Мұның бәрі тиісті сала басшылары жылыту маусымына дайындықты тез арада қайта пысықтау қажеттігін білдіреді.
– Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан жүргізілген бақылау жұмыстары барысында отын қоймалары мен жылыту пештерінің де кем-кетігі анықталған. Атап айтқанда, Айдарлы ауылдық балабақшасы бүгінгі күнге жаңа ғимаратқа көшкенімен, қажетті отын қоры әлі де нақтыланбаған. Аманкелді ауылы бойынша мектебінде тозығы жеткен резервтік қазандық ауыстырылмаған. Шіркейлі ауылы бойынша ауыл әкімдігінің теңгеріміндегі бұрынғы мектептің бу қазандығы мен жылу трассасына жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Іңкәрдария ауылындағы мектептің подстанциясы жөндеуді қажет етеді. Тоқ кернеуінің біркелкі болмауының салдарынан өткен жылу беру маусымында жылу жүйесіндегі циркуляциалық насос күйіп, істен шыққан. Білім бөлімі ақауларды қалпына келтіру үшін Тереңөзек электр тарату торабымен шарт жасасқан. 1 қыркүйекке дейін ақауларды жою ұсынылса да бүгінгі күнге дейін кемшіліктер жойылмаған, – деген Ержан Бахтияров газдандыру жұмыстарына қаржы бөлінгенімен Тереңөзек кенті клубы мен аудандық жер қатынастар бөлімі бүгінгі күнге дейін мердігер мекемемен шарт жасаспағанын атап өтті. Сондай-ақ, орталық кітапхана мен құрылыс бөлімі ғимараттарына газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Жалпы, аудан көлеміндегі көмір тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлермен жылу маусымында тұрғындарға қажетті 10,0 мың теңге көмір жеткізуге меморандум жасалған. Бүгінгі күнге тұрғындарға қажетті көмір көлемінің 48%, яғни 4829 теңге көмір темір жол арқылы және көліктермен жеткізілген. Осы және басқа да мәселелер талқыланғаннан кейін аудан әкімі аудандық білім бөлімінің басшысына бірқатар сұрақтар қойып, тиісті жұмыстарды 10 қазанға дейін аяқтап, жазбаша баяндауды тапсырды. Сонымен қатар, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысына, кент және ауылдық округ әкімдеріне елді мекендегі клуб үйлерінің қысқа дайындығын қамтамасыз етуді міндеттеді. Қыс қыр астында екенін ескертіп, дайындық жұмыстары көңіл көншітпейтінін айтқан аудан әкімі аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына апта сайын бақылау жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе салық базасын арттыруға арналып, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Ордабаев хабарлама жасады. Мемлекеттік бюджет кірістерінің болжамы 2021 жылдың 1 қыркүйегіне 3 716 350,3 мың теңге болғанын, нақты 4 380 685,5 мың теңге түсім қамтамасыз етіліп, болжам 117,9 пайызға орындалғанын атап өткен басқарма басшысының міндетін атқарушы аудандық бюджет болжамы 3 141 772,3 мың теңге болса, барлығы 3 287 805,8 мың теңге түсім түскенін мәлімдеді.
– Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аудандық бюджеттің түсім қарқыны 225 905,6 мың теңгеге төмен болды. Себебі, ірі көлемде 3 салық түрі бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім азайды. Атап айтқанда, заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салық былтырғы жылмен салыстырғанда 302 014,3 мың теңгеге орындалмады. Бұған ірі мұнай компанияларының салық есептіліктері төмендеуі әсер етті. Салық төлеушілермен жүргізілген әңгімелесу нәтижесінде бухгалтерлік есеп бойынша амортизация сомасының ұлғаюы мүлік салығы бойынша ағымдағы төлем сомаларының азаюына әсер еткені белгілі болды. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар былтырғы жылмен салыстырғанда 302 014,3 мың теңгеге орындалмады. Аудандық бюджет түсімдер бойынша болжамы мен өткен жылмен салыстырмалы түсім қарқыны біршама төмен болады деп күтілуде. Бұл негізінен 104101 коды бойынша ірі мұнай компанияларының салық есептіліктерін төмендеуінен орын алып отыр. Басқарма тарапынан аудан көлемінде тіркелген дара кәсіпкерлердің салық есептілік нысанына жүйелі түрде талдау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 105 дара кәсіпкер салық есептілік нысанын «0-дік» көрсеткішпен тапсырғандығы анықталды. Кент және ауылдық округ әкімдіктеріне дара кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, салық төлеушілерге салық есептілігін өткен кезең үшін қайта тапсыртып, әкімшілендіру жұмыстарын жүргізу тапсырылғанымен, бұл тапсырма орындалып жатқан жоқ. Мысалы Тереңөзек кентінде 52, Ақжарма ауылында 14, Шаған ауылында 10, Жетікөл ауылында 7, Аманкелді ауылында 6, С.Сейфуллин ауылында 5, Бесарық ауылында 5 салық төлеуші есептілікті «0-дік» көрсеткішпен тапсырған. Осыған орай, салық есептілік нысанын «0-дік» көрсеткішпен тапсырған салық төлеушілерді салықтандыру мақсатында кент және ауылдық округтер әкімдеріне тапсырма беруіңізді және нәтижелі жұмыс атқармаған әкімдердің жауапкершілігін қарауыңызды сұраймын, – деді Б.Ордабаев.
Өз кезегінде аудан әкімі М.Ергешбаев ауданның кіріс көздерін ұлғайту жұмыстарына бірінші кезекте аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы жауапты екенін атап өтті.
– Сіз басқарма тарапынан кент және ауыл әкімдеріне тапсырма беруімді, тапсырманы орындамаған әкімдердің жауапкершілігін қарауымды сұрайсыз. Сонда өздеріңіз кент және ауыл әкімдерімен тікелей жұмыс істеп, бірлесе еңбек етуге болмай ма? Неге бір ауылды алып, сол ауылдың салық саласына қатысты мәселені шешіп, реттеп, келесі ауылға сол жұмыс жүйесін ұсынбайсыздар? Меніңше, жұмысты тек кент, ауыл әкімдеріне жүктеп қоюға болмайды. Басқарма мамандары әдістемелік көмек көрсетіп, семинарлар ұйымдастырып, салық базасын арттыруға бастамашы болуы қажет. Ал салықтан жалтарғандарға заң аясында шара қабылдаған дұрыс, – деген аудан басшысы салық төлеушілерді әкімшіліктендіру мен салық салу объектілеріне түгендеу жұмыстарын әрі қарай жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Осылайша, мәжілістің күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берілді. Тапсырмалардың орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді. Мәжілістің соңында аудан әкімі сенбілік жұмыстарына қатысты атқарылуы тиіс жұмыстарды нақтылап, қоғам мүшелерін аудан тазалығын қамтамасыз етуге жұмылдыру қажеттігін айтты.
А.ИБРАГИМҰЛЫ