Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік тірегі

Тәуелсіздік тірегі

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. МЕРЕЙЛІ Мерекеге орай аудандық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Ата заң – айбарымыз» атты семинар болып өтті.
Аталған жиынға Сырдария аудандық сотының төрағасы Р.Алдамбергенов, Сырдария аудандық сотының жетекші маманы Е.Тілеубай, Сырдария аудандық про­куратурасының прокуроры Ж.Сиха, Сырдария аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Р.Сүлейменовалар қатысып, баяндама жасалды. Сондай-ақ семинарға кент және ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері, аудандық тілдерді оқыту орталығының оқы­тушылары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары, аудан­дық кітапхананың кітапханашылары, аудан­дық баспасөз өкілдері дәстүрлі және онлайн форматта қатысты. Маңызды іс-шарада елдегі пандемия талаптарына сәйкес, қауіпсіздік қатаң сақталды.
– Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң. «Конституция» сөзі латынның «құрылым» сөзінен шыққан. Бұл – мемлекеттің негізгі заңы, ел­дегі барлық басқа заңдарға қатысты жоға­ры заңдар тобы. Бас құжат Ата Заңымыз – тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі, тұрақ­тылық пен келісімнің, бейбітшілік пен жасампаздықтың айқын бейнесі, – деді Ата Заңы­мыздың маңыздылығына тоқта­лып өткен аудандық сот төрағасы Р.Алдам­бергенов.
«Отан отбасынан басталады» тақыры­бында хабарлама жасаған ау­­дандық про­куратураның прокуро­ры Ж.Сиха ҚР-ның Конституциясы мем­лекетіміздің негізгі тұ­ғыр­намасы еке­нін атап, барлық заңдылық осы Ата Заң шеңберін­де жүзеге асатынын жеткізді.
Семинар барысында Ата Заңымыздың маңызы мен мәні кеңінен сөз болып, соның аясында жастар тәрбиесі, отбасы құндылығы, жаңа кодекстегі жаңашылдықтар, заң үстемдігі туралы толық ақпарат берілді. Жиын соңында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын ортаға салып, сала мамандарынан нақты ақпарат алды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

01 қыркүйек 2021 ж. 288 0