Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл әкімдерінің сайлауы қалай өтеді?

Ауыл әкімдерінің сайлауы қалай өтеді?

Ел Президенті Қ.Тоқаев был­­тыр­ғы жылғы Жолдауында елдегі әлеу­меттік және саяси мәселелерге ке­ңі­­нен тоқталып, атқарылуы тиіс жұ­мыс­­тар­ды нақтылап берді. Со­ның ішін­де 2021 жылдың шілде айынан бас­тап ауыл әкімдерін сайлау жүйесін өзгер­ту де бар. Әне-міне дегенше саяси маңызды нау­қанның уақыты да таяп қал­ды. Бүгін осы сайлау туралы жазатын боламыз.

ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ
Мемлекет басшысының Жолдауда айт­қан ұсынысы қоғамда қызу талқылан­ғаны белгілі. Өйткені, елімізде бұған дейін ауыл әкімдері тікелей дауыс беру арқылы сайланбаған болатын. Бірақ сая­си сарапшылар мен қоғам белсенділері ауыл әкімдерін депутаттардан гөрі халық сайлағанда жұмыс жүйесі оң бағытта өзгеретінін дәлелдеп, Президент пәрменінің дұрыстығын жеткізді.
Жалпы, Президент қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отырғанын айтып, бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн екенін атап өтті.
«Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұл бастамасының бірнеше ерекшелігі бар. Бұған дейін ауыл әкімдері жанама да­уыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депуттарының шешімі арқылы сайланып келген. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтамақ. Әлемдік саясатқа иек артсақ, дамыған елдерде мұндай тәсіл бұрыннан бар екен. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, қала мэрлерінен бөлек, елді мекендердің басшыларын дауыс беру арқылы анық­тайды. Тіпті мұхиттың арғы бетінде жер­гілікті үндіс тайпаларының көсемдері сайлау арқылы анықталады. Жаңа Зеландияда да аймақтық, ауылдық әкімдерді тұрғындар сайлайды. Ендеше, Мемлекет басшысы айтқан бастаманы шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Бұл Ақордада өткен кеңесте де айтылды.
– Алдағы сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады. Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

40 АУЫЛДЫҢ ӘКІМІ САЙЛАНАДЫ
Биыл аймақта 40 ауылдық округтің әкімін ауыл тұрғындары сайлайды. Ал сайлау ағымдағы жылдың 25 шілдесінде карантин талаптары сақтала отырып өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қыз­меті­нің ақпараттық алаңында үшінші шілде күні өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев мәлімдеді.
– Қазіргі таңда өзін-өзі ұсынған 41 кандидаттың 19-ы мемлекеттік қызмет заң­намасымен қойылған біліктілік талап­тарға сәйкестігі анықталды. Кан­дидат­тардың 2-і әйел болса, қалған 39-ы ер адам. Ең жас кандидат 28 жаста. Саяси партиялардан кандидаттар әзірге ұсынылған жоқ, – деді Ғалым Қонақбайұлы.
– Сайлау науқанының мерзімі 30 күнді құрай­ды. Мұнан өзге, сайлаудан кейін үш күн ішінде қо­ры­тындысы шығарылып, жарияланады. Жеті күн ішінде аумақтық комиссия сайланған әкімді тір­кеп, ол өз өкілеттігін бастайды. Өкілеттік мер­­­­­­зімі – 4 жыл болады, – деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов.
Айта кетейік, аумақтық комиссияның күн­тізбелік жоспары бойынша кандидат­­тарды ұсыну 9 шілдеде сағат 18.00-де, ал тіркеу 14 шілдеде сағат 18.00-де аяқталады.

САЙЛАУҒА КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ?
Мемлекет басшысы облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен ауыл әкімдерін сайлау мәсе­лелері жөнінде кеңесте алдағы сайлау науқанының маңызды екенін ерекше атап өтті. Президент Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқ­талып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді. Сондықтан ауыл әкімі лауазымына үміткерге қойылатын талаптар да жеңіл болмайтыны анық.
Ауыл әкімдерін сайлау барысында партиялық бәсеке күшейе түседі. Партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді. Қазірдің өзінде партиялар бұл іске белсене кірісіп кетті. Осы ретте «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалының кезектен тыс ХХХІІ конференциясында А.Тоқмағамбетов, Н.Ілиясов, Іңкәрдария ауыл әкімдерінің сайлауына партия атынан конференция делегаттарының басым дауысын алған кандидаттарды Сырдария аудандық аумақтық сайлау комиссиясына тіркеу үшін қаулы қабылданды.
Үміткерлерге қойылатын талаптарға қысқаша тоқталар болсақ, сайлауға түсе­тін кандидат 25 жастан асқан, бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс. Жоғарғы білімі болуы шарт.

ПІКІР МЕН ПАЙЫМ
Жаңа жүйе қолданысқа енгізіліп жатқан тұста қоғам мүшелері пікір білдіріп, өз ойларын ортаға салады. Біз ауыл әкімдерін халық сайлайтынын ескеріп, ұзақ жылдар ауыл әкімі қызметін атқарған еңбек ардагері Мырзағали Кенбаевтың пікірін білдік.
– Қазір тұрғындардың да, мемлекеттің де көзқарасы өзгерді. Мемлекет ашықтық, жариялық қағидатын берік ұстанып отыр. Сәйкесінше халықтың да көзі ашылды. Жастардың өзі ақ пен қараны ажырата алатын деңгейге жетті. Сондықтан ауыл әкім­дерін халық таңдағаны өте дұрыс әрі құптарлық іс. Қолынан іс келетін азаматты тұрғындар өздері таңдайды, соған дауыс береді. Өз кезегінде сайланған әкім халыққа қызмет жасайды. Бұрын ауыл әкімін депутаттар сайлағандықтан кейде ауыл әкімі тұрғындарға дұрыс есеп бермейтін де кездер болғаны жасырын емес. Сондықтан бұл науқан дер кезінде қабылданып отыр. Біздің халықтың бұған саяси сауаты жетеді деп есептеймін, – дейді мемлекеттік қызмет саласының ардагері.
Ал мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ұмытпас Байдәулетов ауыл әкім­дерін сайлау механизмін қалыптастырып алсақ, тап сондай әдіспен аудан, облыс басшыларын да сайлай беруге болатынын атап өтті.
– Біз зайырлы демократиялық елміз. Сондықтан ауыл әкімдерін халық сайла­ғаны дұрыс. Олар заңнама бойынша 4 жылға сайланады. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Төрт жыл ауыл әкіміне өз жұмысының жемісін, нәтижесін көрсетуге толық жетеді. Ал төрт жылдан кейін қайтадан сол әкімді сайлай ма, сайламай ма оны халық шешеді. Меніңше, ауыл халқы өздерінен шыққан, жергілікті жердің азаматына дауыс беруі қажет. Себебі, жергілікті жердің азаматы жанашырлықпен жұмыс істейді. Халық та оның шыққан тегін, тәрбиесін білетін болғандықтан сенім артып, бірлесе еңбек етуге ынталы болады. Бұл қоғамды демократияландырудың бір көрінісі. Ауыл әкімдерін сайлауға қалыптассақ, кейін аудан, облыс әкімдерін сайлауға да болады. Мұны Президент те атап өтті, – дейді ардагер.
Мемлекеттік қызмет саласының ар­да­­герлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасын өте дұрыс шешім деп есептейді. Бұл қадам тұрғындардың еліміздегі саяси ахуалға белсене араласып, мемлекеттің дамуына үлес қосуына септігін тигізбек. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында үлкен өзгерістің іргетасын қалап берді. Бастысы, сең қозғалды. Ендігі мәселе – қоғамның талап-тілегін ескере отырып, жан-жақты талдау жасап, алдағы саяси маңызды науқанды абыроймен өткізу.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
06 шілде 2021 ж. 774 0