Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 29 газет

22 сәуір 2025 ж.

№ 28 газет

19 сәуір 2025 ж.

№ 27 газет

15 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 

Изгелен

Мен алыс колхоздардың бірінен сапар­нама­дан (командировка) қайтып келе жаттым. Өзім әбден шаршаған едім, таудың жолы биікке, біресе еңіске құлдилап әбден берекені алды. Колхоз машинасы мені шағын теміржол вокзалына жақындатып тастады. Бұл Мархитау тауының етегіне жабысып салынған үш үй еді, алдында Артезиан құдығы бар боп шықты.

Жүрдек (скорый) пойыздың келуіне бір сағаттан астам уақыт бар, менің үйтіп-бүйтіп уақытты қысқартқым келді. Билет алып болғасын күту залына кіріп, бос сәкілердің біріне жайғастым да, жан-жағыма қарадым. Бұл жерде бірнеше адам отырды, арқаларын күжірейтіп, көздерін алдарынан айырмайды. Бұндай жерге үйрене қоймаған, ауылдан келген адамдар ғана осылай отырады. Кенет менің назарым бұрышта бүрісіңкіреп отырған келіншекке ауды, бетін орамалмен тұмшалап алыпты. Маған бұл келіншектің сұлбасы, отырған отырысы таныс боп көрінді. Бірақ мынау шулы көшеде, дүкендерде немесе аялдамаларда таныс сияқты көрі­нетін адамдар аз ба екен. Немесе қараңғы кинотеатр залдарында басыңды бұрып қалсаң, бір таныс бейнені көріп қаласың. Жүрегің соғып кетеді. Киноның бітуін асыға күтесің, залдың шамдары жағылады, сосын...Қысқасы мен жақындап барғам жоқ. Біртүрлі ыңғайсыз, көз алдай ма, жоқ көз емес, сезім алдай ма. Станцияның кермек ауасы, оған жағымсыз темекі түтінінің иісі қосылып, мен шыдамай далаға, перронға шықтым. Жаңбыр сіркіреп тұрды. Мен жаңбырдың қашан басталғанын да білмеймін. Таулы жерде бұл үйреншікті жайт. Жел тұрады да, айдап әкетеді, жаңбыр да жоқ, бұлт та жоқ, тек жартастың бетінде, бұтақтың сыртында жұқа мұздың қа­быр­шағы ғана қалады.

Енді міне менің киімдерім тер сіңген сияқты ылғалданыпты, бірақ соған қарамастан мен перронда арлы-берлі жүре бердім. Ауасы тап-таза, әжептәуір жақсы боп қалдым. Соққан жел ағаштардың бұтағындағы жапырақтарды дірілдетіп тұр, бірақ бұдан айналадағы тыныштық бұзыла қойған жоқ. Бұл тыныштық, мына таза ауа бойды сергітіп жіберді, енді менің есіме бағана бұрышта отырған келіншек түсті. Пойыздың келуіне әлі он минуттай бар, енді мен перронға шығатын есікке қарай жүрдім, бағанағы келіншектің түрін анықтап көргім келді. Есік сықыр етіп ашылды да, ішінен жолаушылар шыға бас­тады, арасында бағанағы келіншек те (әлде қыз ба екен) бар. Жел соқты да орамалының шеті ашылып қалған еді, сонда менің көргенім... Құдайым-ау, мынау шынымен сол ма? Мархитау тауының етегіндегі станцияда неғып жүр? Бәсе, бұл келіншектің сұлбасы менің берекемді алып еді. Бұл менің бірге оқыған кластасым Әлиева Изгелен, иә сол Изгелен, менің (менің бе екен?) Изгеленім... Оқуды бітіргенімізге алты жылдан сәл астам уақыт болды, ал ол қалай өзгерген десеңші. Егер мен оны қала ішінде көпшіліктің арасында кездестірсем танымас едім. Ал мына жерде... Бәсе, жүрегім Мархитау туралы шала-шарпы естеліктер, әлдебір ішкі түйсік сезген еді. Оқуды бітіргеннен кейін Изгеленнің кеткен елді мекені осы таудың атымен аталатын. Мен мұны қалай ұмытқанмын. Негізі, Изгеленді қалай ұмытқанмын, менің Изгеленімді?.. Оны ұмыту мүмкін бе? Осы қазір көргендегі күйімен де ұмытуға бола ма? Оның қоңырқай жү­зін­дегі күлкі, қап-қара көздеріндегі күлкі қайда кеткен? «Жүзің неге сол­ғын, неге ерніңнің айналасына әжім түскен?»

Осындай ойлармен мен оған қарай беттедім.
– Сәлеметсің бе, Изгелен! Көрмегелі қанша уақыт болды, тіпті қарамайсың ғой.
Изгелен бірдемеге сүрініп кеткендей селк ете қалды, сосын таңғалған көздерімен маған қарады, жүзіне бұрын­ғы кездеріндегідей күлкі үйірілді.
– Сәлемет пе, Гурам! Сен мұнда неғып жүрсің?
– Жүзімшілерге сапарнамамен кел­генмін, – дедім, енді олар туралы газетке жазбақпын.
– Гурам Булатов, сен екенсің ғой? Ал мен сені археолог болып кеткен шығар деп ойлағам.
– Иә, мен археологпын. Мен әңгімені қалжыңға айналдырғым келді. – Тек, мен археологтар секілді жерді қазбаймын, мен адамның жанын қазамын. Егер қызық бірдеңе тап­сам газетке жариялаймын. Қалай ойлайсың, қайсысы дұрыс?

Бірақ Изгелен менің сұрағыма жауап беріп үлгере алмады. Бұл кезде пойыз келіп қалған болатын, жолаушылар солай қарай лап қойды. Изгеленнің чемоданын іліп алдым да мен де ұмтылдым. Жолсерікпен (проводник) сәл-пәл тү­сініс­пей қалдық та, ақыры бір вагонда бірге жүретін болдық, әрине, бұған менің журналистік куәлігімнің көмегі тиді.

Жолсерік біздің вагонымызға ыстық шай әкеліп қойды, ал мен Изгеленнің қалың ойын сейілткім келді. Мұның сәті түсті. Бірге оқыған достар, респуб­лика ішіндегі сапарнама, жұмыстағы оқиғалар айтылды. Бұларды тыңдап отырып Изгелен сергіп қалғандай болды.

– Айтпақшы, Исмайл мен Субайдат есіңде ме? Олар мектептегідей әлі бірге, институт бітірді. Субайдат врач, ал Исмайл кафедрада қалды, аспирант. Олар Махачкалада қалған клас­тастарды түгел тойларына шақырды. Мен тойларында болдым. Жақында жаңа пәтерге көшіпті.

Осы кезде мен өзімнің артық кеткенімді сездім.
– Бақытты, – деді Изгелен, өзін зорлап күлді, сосын қалың ойға шомды. Көздеріндегі нұр да жоқ болды, ернінің айналасын қайтадан әжім басты.
Біртүрлі, ыңғайсыз үнсіздік орнады. Стакандағы шай суып қалыпты. Көрші купенің іші тып-тыныш, вагонның жартысы бос. Тек осы тыныштықты вагонның ғана тарсылы бұзып тұр.

«Изгелен, менің Изгеленім! Міне сен менің қасымдасың. Бірақ сонда да қандай алыс едің. Сенің шашыңнан сипағанның өзі қандай бақыт, сенің бетіңнің қызылын сүйіп қайтарса ғой. Саған не болған, Изгелен? Кім сені ренжіткен? Басыңды менің кеу­деме қойып, ішіңдегі қасіретті жылап, шығарып тастар ма едің. Ал мен мек­тептегі кездей, саған сені сүйетінімді сыбырлап айтып жатар едім. Сені бір сәт те есімнен шығарғаным жоқ». Изгелен қарсы алдымда отыр, бірақ ол менен алыс­та, әрі бөтен. Осы бөтендік шыны қабырға тәрізді бізді бөліп тұрды, ал менің ішімдегі жанайқайым осы шыны қабырғаға соғылып, әрі қарай өте алмай жатты. Бойымды оған деген аяныш сезімі шарпып өтті, тіпті өзімді де аяп кеттім, – «Біздің бақытты болуымыз мүмкін еді ғой!» – деген, ой келді басыма. Әсіресе, оны аядым, өйткені оның басынан ауыр бір жағдай өткен.

Мен оны аяуға, оған сұрақтар қоюуыма қақым бар ма еді? Білмеймін. Бірақ ол маған бөтен емес еді ғой. МГУ-ді бітірген Мурад деген әдемі жігіт болды, Изгелен оны таңдады, міне, осы жерде екеуіміздің жолымыз екі айрылды, осыдан кейін мен басымдағы жағдайға көндіккен болатынмын. Маған ұнаған басқа да қыздар болды, әйтпесе маған – Шатун деген ат таңылмас еді. Бірақ мен жақында бір нәрсені байқап қалдым, мен осы қыздардың бәрінен Изгеленді көргім келеді екен. шаштарын, жүрісін, болмаса күлкісін. Изгеленнің бейнесі менің көз алдымнан кетпей қойды. Тіпті қол жетпейтін идеалға айналды, ал бұл идеал басқа ешкімге көз салғызбады. Мен екінші Изгеленді іздеп жүргенімді түсіндім, бірақ бұл мүмкін емес қой.

Бірақ уақыт өз дегенін істейді екен. Мен Изгеленді қол жетпейтін арман болып қала береді деп ойлағам, енді міне Мархитау жерінің бір түкпіріндегі станцияда тағы кездестік. Осы жерде мен оны бұрынғысынша сүйетінімді байқадым. Егер де ол сол жерде бір ауыз жылы лебіз білдірсе, мен бәрін тастап, онымен бірге жердің шетіне кетуге дайын едім. Мен өзімді барынша сабырлы ұстап, сұрақ қойдым:
– Изгелен, жағдайың қалай? Бәрі ойдағыдай ма?

Не мақсатпен сұрадым? Әлде бір үміт ұшқынын күттім бе? Мүмкін. Бірақ ішімнен тағы өкіндім: біреудің қасіретімен бақытты болуға болмайды. Сондықтан да:
– Егер зауқың болмаса жауап бермесең де болады, – дедім.
– Ал, сен ше? – Изгелен маған тура қарады. Көздерінде мұң тұрды. – Қатты білгің келе ме?

Мен абыржып қалдым. Көздерінде енді қасірет бар еді. Бұл сұрақты мені ренжіту үшін емес, қорғану үшін айтқан екен, мен мұны енді түсіндім. Мені қайтадан аяныш сезімі биледі, оның мұз болған жүрегін бірдеме айтып жылытқым келді.
– Неге олай дейсің? Буынсыз жерге пышақ ұрсам, кешір мені. Кешір. Бірақ біз бөтен адамдар емеспіз ғой... Біз бір-бірімізден сыр жасырмайтын едік қой. Кешір де, ренжіме маған, Изгелен.
– Қайта сен мені кешір, Гурам.

Изгелен әлсіз күлімсіреді, бірақ көздері бұрынғысынша салқын қарап тұрды.
– Маған шынымен ішімдегі құсаны сыртқа шығару керек шығар, мүмкін, жеңілдеп қалармын. Бала кездегі досым саған айтпағанда, кімге айтамын, мен де кезінде сенің меселіңді қайтарып, ренжіткен болатынмын. Енді мен, бір адам бір адамға не істей алатынын түсіндім. Оның үстіне сен журналиссің. Ал журналистер әулие адамдар: адам жанының құпиясын сақтаушы. Изгелен салқындау күлді. Тыңда.

Гурамның өңі құп-қу болып кетті, содан кейін ол мына дүниедегі ең қымбат адамның даусына құлақ салды. Осыны айтып отырған кезде Гурамның өзінің де бетіне қан жүгіріп, даусы да жарқын шыға бастады, осыған қарап біз де Изгеленнің сөзімен, оның жүрегімен айтқысы келгенін түсіндік.

Оның өмірі Мурадпен жақсы өтіп жатты. Мурад Мархитау етегіндегі үл­кен бір селода мектеп директоры болып істеп жүрді. Бұларды бәрі білетін, бәрі сыйлайтын. Бұларсыз бірде-бір кеш, бірде-бір той өтпейтін. Мурад Изгеленге риза еді, бірде-бір тау қызының сұлулығы Изгеленге жетпейтін еді. Бұл жерде мұндай сұлуды кездестіре бермейсің. Ал кездестіре қалсаң, нағыз хас сұлудың өзі болады. Аяғы болсын, жүзі болсын, сымбаты болсын, мін болмайды. Ал Изгелен осындай сұлу­лардың өзінен асып кететін, қап-қара шашы да, көздері де, қыпша белі де ерекше болатын. Өмірге кішкентай қыз келген кезде, Мурад екеуін де төбесіне көтеріп жүрді. Қысқасы бұлар осы селодағы нағыз үлгі тұтатын жандар еді. Егер де өмірде бір бақытты жұп болатын болса, олар осы Мурад пен Изгелен еді.

Мурад өзі оқыған МГУ-дың кафед­расымен байланысын үзбеді, өзінің педа­гогикалық тәжірибесін ғылыми журналдарға жариялап тұрды. Ақыры оны аспирантураға шақырды, Мурад көпке дейін бір шешімге келе алмады, келіншегі мен кішкентай қызын тас­тап кету қиынға соқты. Бірақ Изгелен болмады: «Сенің қызметің көтерілуі керек, мен саған лайық болуым үшін мен де оқимын». Бұл уақытта ол Махач­каладағы университетке оқуға сырттай түскен болатын, әрі осы жердегі мектептің бастауыш класына сабақ беретін. «Қысқасы кете бер, біз қызымыз бен екеуміз сені күтеміз». Мурад сонымен жүріп кетті.

Бұрын Мурадтың кезінде оқу ісінің меңгерушісі болған әйел, осы кезде директор еді. Осы директор әйел бір күні бұны кабинетіне шақырды. Сөйтсе, Мурадтан қалған әлдебір қағаз­дарды алып кетуі керек екен. Изгелен бұларды сөмкесіне салып алды да, кешкісін қызын ұйықтауға жіберіп, қағаздарды реттей бастады. Кенет жүрегінің асты шым ете қалды. Оның көзі бір конвертті шалып қалды, ондағы адрес мынадай екен: Тбилиси, Руставели көшесі, үйдің, пәтердің нөмірі, аты-жөні, ең бастысы, аты-жөні – Нателла Махарадзе.

Изгелен шыдамады, конвертті ашып, оқыды. Сөйтсе Нателла Мурад­тың курстасы болып шықты. Ол Мурадтан ұл туғанын жазыпты, одан басқа бұлардың арасындағы дауға Тбилисидегі жігітінің себеп болғанын, өйткені бұл барған бойда оған тұр­мысқа шығуы керек екені айтылыпты. «Бірақ үйге келгеннен кейін, тек сені ғана сүйетінімді түсіндім, делінген хатта. – Маған әке-шешемнен баланың әкесін жасыру қиынға түсті. Мен олармен ұрсысып кетіп қалдым, қазір баламен бөлек тұрып жатырмын, – депті. Сен баланы жақсы көрмеуің мүмкін емес, не өзің келетін шығарсың, не бізді шақырарсың».

– Нателла әрі қарай Мурадты қалай тауып алғанын жазыпты. Мына масқараны жұрттан жасыру үшін, әке-шешесі таудағы бір ауылға апарып тастайды, ол жерде бұл баланы босанады. Содан соң басқа бір пәтерге ауысады да, Мурадты іздей бастайды. Университеттен сұрастырады, ол жақтан Мархитау селосында директор болып жұмыс істеп жатқаны жайлы жауап келеді. «Енді, бәрі, бір сенің қолыңда деп жазыпты, – Нателла. – Сен бізді не бақытты қыласың, не өмір бойы бақытсыз қыласың. Ойлан, бір шешімге кел. Сенің Нателлаң және ұлың, кішкентай Мурад».


Бақтияр МЫРЗАШ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Фото: Ашық дереккөзден

(Жалғасы бар...)
22 сәуір 2025 ж. 195 0