Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылқалам ұшындағы құдірет

Қылқалам ұшындағы құдірет

ҚР Журналистер одағының мүшесі, жанына қаламын серік еткен арда азамат Бақтияр Мырзаш аптаның сейсенбісі күні жарық көрген басылым бетіндегі Ғашықтар күніне арналған бетті оқып, редакцияға бірнеше аудармасын әкеліпті. Басылымның тұрақты авторы дағыстандық Магомед Гасан Гусейновтің алғашқы махаббат туралы бірнеше әңгімесін қазақ тіліне аударған. Лирикалық әңгімені оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.

Редакциядан

Кішкентай ақ парашютке ұқсаған қар түйіршіктерінің түсіп жатқаны терезеден көрініп тұрды. Біз бұл терезеге көз тастап қойып отырдық, көше тып-тыныш, шамдар жарқырап тұр. Шыршаны да түрлі-түсті лампочкалармен безендіріп қойыпты, бұл шыршадан да парашютке ұқсаған қар түйіршіктектері жерге түсіп жатты, бірақ бұлар мақтадан жасалған қар түйіршіктері еді.

Үстеліміз – бүгінгі мерекелі күнге лайықталып жасалған үстел. Бұл жерде біз үшеуміз – әйелдердің көз құрты, әңгімешіл, қылжақбас Гурам, жергілікті газеттің тілшісі, көпір салу құрылысының инженері қаба сақал Сааду, тамақ талғағыш, сауыққой, сосын мен Арсен, университеттің оқытушысы әрі осы үйдің отағасымын. Бұл үй бізге осы Жаңа жыл қарсаңында қалалық советтің шешімімен берілген болатын. Демек біздің бүгінгі қуаны­шымыз екеу: біреуі – Жаңа жыл, енді бірі – қоныс той.

Үшеуіміз де жақында ғана «Эльбрус» альпинистік лагерінен келген болатынбыз, бұл жерде біздің достығымыз одан сайын нығая түсті. Оның үстіне басқа альпинистер сияқты жанама атқа ие болдық: Романтик – бұл мен, Гурам – қыздарға жақындау болғаны үшін Шатун, сауыққойлығы үшін Сааду – Сибарит болып шықты. Бұл отырыста бәріміздің де әйелдеріміз жоқ еді. Менің әйелім Саламат, пәтеріміз жоқ кезде кішкентай қызымызбен ауылда қалды, ал Гурамның әйелінің қайда екенін бір құдайдың өзі білсін, ал Саадудың әйелі Сакинат Кавказдың ар жағындағы Батумида демалып жатты. Демек, бұл жиналған топ тек еркектерден тұратын еді.

Дастарқанға келетін болсақ тәжірибелі аспаз Саадудың өзі «әйелді жоқтатпаймын» деп уәде берген. Шынымен дастарқан жайнап тұрды, әртүрлі қағаз жапсырылған бөтелкедегі сусындар, (басқасын қайдам, бұларды бізде жердің түбінен болса да тауып әкеледі) қызыл балық, қара уылдырық қойылыпты. Олардың қасында базардағы көкөніс, каспийдің қаязы, дөңгелектеп кескен лимонмен көмкерген шашлык көрінеді. Жоқ, оқырманның көзін қызықтырып әрі қарай айтпай-ақ қояйын. Не қылса да, Сааду барын салып бағыпты. Тұп-тура сағат он екіде үш шампанның үшеуі де атылды. Содан кейін отбасының бақыты үшін, жұмысымыздағы жетістіктер, алға қойған мақсаттарымыз, дос­тығы­мыздың нығая беруі үшін арналған тілектер айтылды.

Дегенмен, уақыт өте келе жаңа қоныстың да, Жаңа жылдың да әсері басыла бастады. Бас­тан өткен естеліктер, оқиғалар, бәрі айтылып бітті. Көп ішуге де болмайтын: біз мұндайға қалыптаспаған едік. Ұйықтайтын уақыт та өтіп кетті. Бірақ әлі қала ішінің жолаушы тасымалдау транспорттары жүре қоймаған еді. Бір-бірімізге анда-санда тіл қатып қойғанымыз болмаса, тіпті үнсіздік орнады.

– Не десе де, құдайдың әйелдерді жаратқанына шүкіршілік айту керек, – деді Шатун-Гурам.
– Оларсыз, өмір қызық болмас еді.
Таптым! – дедім мен, өйткені үйдің егесі есебінде достардың көңілдерінен шығуым тиіс болатын. – Бәріміз де өмірімізде терең із қалдырған қыздар туралы оқиғаны айтып шығайық. Айтқанда да сол қыз осы жерде, арамызда жүргендей болсын.
Ендеше ұсыныс сенікі, сен өзің баста, – деді Сааду. Ал әңгіме қызық болатын болса сол әңгімені айтқан адамға тілек айтып ішейік. Бола ма?
Гурам басын изеді. Мен темекі тұтатып, ойланып қалдым. Өткен өмір көз алдымнан тізіліп өтті...

Саламат

– Мен ол кезде Махачкалада, бірінші курс­та оқитынмын. Жатақханада орын болмаған соң, жеке пәтерде тұрып жаттым. Пәтер иелері – Әлипат апа да, Әбділвағап аға да тамаша адамдар, мені өздерінің балаларындай көрді. Анда-санда жоғарыға, екінші қабатқа шығып ананы-мынаны айтып отырып қайтатынмын. Осындай кездердің бірінде, есіктің сыртынан тепкішекте тырсыл естілді де, ішке бір қыз келіп кірді. Келген бетте алдымен Әлипат апаны құшақтай алды, сосын Әбділвағап ағаны құшақтады. Мені көріп қалды да қысқа ғана амандасты, сосын үнсіз төргі бөлмеге кіріп кетті.

Бұның бәрі бірнеше минутқа ғана созылған еді, бірақ мен қызды біршама жақсы көріп үлгірдім. Ол талдырмаш, орта бойлы, көздері үлкен болатын. Қыпша белін жеңсіз жилеті айшықтап тұр. Ұзын, жуан бұрымы шайқатылып ерекше көзге түседі. Неге екенін білмеймін, солай қарай басым бұрыла берді, жүрегімнің де дүрсілі күшейе түскендей. Көздерімнен де бірдеңе сезілген болу керек, Әбділвағап аға да қарап қалмады: – Байқа балам, басың олай-бұлай бұрыла береді, үзіліп кетіп жүрмесін.

Мен қысылыңқырап қалдым, түсініксіз бірдеңе дедім. Шамасы «сіздердің қонақтарыңыз бар, кедергі болмайын» деген болуым керек, сөйттім де жылдам шығып кеттім. Мен ол жолы онымен дұрыстап таныса алмадым. Бірақ мен оның Әбділвағап ағаның үлкен қызы екенін, Ленинградта оқитынын, атының Саламат екенін білдім...

– Әрине, әрине, – деді Гурам, сөйтіп Саадуға көзін қысып қойды, – қанша дегенмен романтик емес пе, алғашқы әрі соңғы махаббаты.
– Ал, оның несі жаман? – деді Сааду.
– Сөзді бөлме. Айта бер, Арсен.

Үш күннен кейін екінші семестр басталды да, Саламат Ленинградқа қайтып кетті. Жай кеткен жоқ, менің жастық шағым мен арманымды ала кетті, ал мен оның қара бұрымымен Әлипат апа мен Әбділвағап ағаның үйінде байланып қала бердім. Жатақханаға ауысқан кезімде уақытымның көбі альпинизм секциясы мен оқуға кетті. Бірақ әрбір жексенбі сайын Әбділвағап ағайдың үйіне соғуға уақыт тауып жүрдім. Шынында мен олардың қыздарына деген сезімімді білдіртпеуге тырысып жүрдім, бірақ Әбділвағап аға бірінші күні-ақ менің жағдайымды сезген болатын. Сондықтан ол қызы туралы жаңалықты сұратқызбай-ақ айтатын немесе хаттарын оқып беретін. Сол себепті, бұл қызбен жөнді таныс болмасам да, ол туралы көп нәрсе біліп алдым. Мысалы, ол бала кезінен мысықты жақсы көретін болып шықты (ал Әбділвағап аға оларды жек көретін), сондықтан көшеде кездескен мысықты бір сипап өтеді екен немесе қалтасында беруге бірдеңе болады екен. Не болса да, мен Саламатты бала кезінен білетін сияқты болдым. Мен енді оған хат жазғым келді, өз ойыммен бөлісіп, оқуын, келешектегі мақсаттарын білгім келді. Реті келсе, сөз арасында өзімнің сезімімді, кездескім келетінін де білдіргім келетін. Саламаттың Әсият деген әжесі болатын, міне осы әже қайтыс болғаннан кейін біздің арамыз жақындай түсті. Бұл қаза маған да ауыр тиді. Әбділвағап ағаның үйінде тұрған жарты жыл ішінде мен Әсият әжені жақсы көріп кеттім, ол бір мейірімді, қамқор, тамаша адам еді. Оның бөлмесі менің бөлмеммен қатар болатын, күнде таңертең қабырғаны тықылдатып мені оятады, сосын сабаққа кетер алдында шай береді. Кей уақыттарда мені өзінің туған немересіндей көріп, ақылын, тау халықтарының әдет-ғұрыптарын айтып, нағыз азамат болып шығуымды қалады. Ол менің сырласым, әрі ақылшым еді. Міне, енді ол да жоқ. Бұл менің жаныма қатты батты.

Саламаттың әке-шешесі әжесінің қайтқанын оған хабарламады, шамасы уайымдамай, сабағын алаңдамай оқысын деген болу керек. Бірақ Саламат бірге оқитын жерлестерінен естіп, қатты ренжиді, сөйтіп үйге хат жазбай қояды. Үйге бір келгенімде мұның бәрін Әлипат апа айтқан болатын. Бұл естігендерім маған күш-қуат берді, сөйтіп оған ең бірінші хатымды жаздым. Мен бұл хатта әжесінің қандай тамаша адам болғанын, ол кісінің маған ақылшы, сырлас, дос болғанын айтып жаздым. Көңіл айтуды да ұмытқам жоқ. Ата-анасының істегені дұрыс болмаса да, сені жақсы көргендіктен абайлап жеткізуді көздеген шығар деген ойымды қосып қойдым. Сондықтан үлкен кісілерге қатты ренжіп керегі жоқ, оларға да оңай емес. Хаттың соңында Ленинград туралы жазып жіберуін өтіндім.

Менің Ленинградтан келетін хатты қалай күткенімді білсеңіз ғой. Менің ойымнан Саламат шықпады, хат келеді-ау деген күндерді күтіп жүрдім.Тіпті, жазар ма екен өзі? Үміт пен күдік аралас күндер өтіп жатты, Ленинградқа дейін бірнеше километр, пойыздың өзі екі тәуліктен аса жүреді, ал хат одан да көп жүреді. Мен енді Саламат хат жазбайды деп шештім, сондықтан оны енді ұмытуым керек деп ойладым. Сонда да байланыс жұмысының шикілігі шығар деп үмітімді үзбедім.

Екі апта өткеннен соң хат келді. Мен бірден конвертті аштым да, оқи бастадым. Хаттың мәтіні өте ұстамды жазылған. Хатты оқыған кезде менің көз алдыма алғаш көрген кездегі жүзі елестеді. Хатта көңіл айтқаным үшін алғыс, оқуы, Ленинград туралы бір-екі ауыз сөз айтылыпты. Маған осы да жеткілікті еді, бұл күні менен бақытты адам болған жоқ.

Мен бірден жауап жазуға отырдым, бұл хатта мен кейбір сезімдеріме де ерік бердім. Саламаттан жауап бір жетіден кейін келді. Осы уақыттан бастап Махачкаланың да, Ленинградтың да пошта бөлімдеріне тыным болған жоқ. Біз бұл хаттарға үйренгеніміз сонша, мен бұларсыз өмірімді елестете алмайтын болдым. Біздің назарымыздан майда-шүйде деген нәрсенің өзі тыс қалмайтын. Біз не туралы жазбадық десеңізші! Жетістіктер мен сәтсіздіктер, пікір-таластар, оқыған кітаптарымыз, бәрі-бәрі жазылатын. Тіпті осы жазылғандардың арасынан менің оған деген сезімім байқалып қалып жүрді. Қысқасы, бәрі хаттың ішінде айтылды. Тек, хатта айтылмаған бір-ақ нәрсе қалды, бұл нәрсені қағазға сеніп тапсыруға болмайтын, ол үшін тек кездесу керек еді.

Бірақ бұл қыс кезінде мүмкін емес болды. Алдымен Саламат практикаға кетті, ал мен ауылдағы ата-анама баруым керек-тін, қысқа қарай малдардың шөбін, жағатын отындарын дайындап беруім керек. Сол себептен біздің бірінші кездесуіміз күзде болды, есесіне бір жыл бойы кездесіп жүрдік. Бұл кез Әбділвағаптар отбасы үшін ауыр кезең еді, Әлипат апа науқастанып қалды. Кішкентай төрт баланы қарау үшін бір адам керек болатын. Олардың тамағын беру, киімдерін жуу, мектепке, балабақшаға апару деген сияқты. Енді Саламатқа академиялық демалыс алып, үйде отыру керек болды.

Негізі, мен күнәһәр адаммын. Адамды тозаққа немесе жұмаққа жіберу үшін, соны көріп отырған бір құдірет болатын болса, онда менің бұл күнәм мені тозаққа жіберетін күнә болар еді. Өйткені, Саламаттың бір жыл бойы үйде болатынын естіген кезде, менің қуанышымда шек болмады. Бірақ мен Әлипат апаны жақсы көретін едім, сондықтан тек Саламат үшін ғана емес, Әлипат үшін де күнде соғып тұрдым. Мен бұл кісі үшін сүт әкелуге, дәріге немесе базарға дәрілік шөптер әкелуге жүгіріп кететінмін. Әлипат апа бұл шөптер таблетка дәрілерден бетер емдейді деп сенетін. Дегенмен ұят болса да мойындайын, ең басты себеп Саламат еді.

Сол үшін бе екен, менің жолым онша бола қойған жоқ. Біз жарты жыл бойы оңаша кездесе алмадық. Біз көбіне Әлипат апаның төсегінің жанында немесе Әбділвағап ағаның бөлмесінде болатынбыз. Бірақ бұл жерде оның кішкентай інілері мен сіңлілері ойнап жүреді. Сондықтан біз бар болғаны менің оқуым жайлы немесе оның Ленинградтағы өмірі жайлы бір-екі ауыз әңгімемен ғана шектелетінбіз. Бірақ біздің айта алмаған сөздерімізді көздеріміз айтып тұратын. Бұндай кездерімізде Саламат жымиятын, маған осы да жететін еді. Бірақ мұның бәрі Әбділвағап ағаның назарынан тыс қалмады. Бірде бәріміз қонақ бөлмеде отырған кезде ол былай деген болатын: «Балам, бірдеңеге қараған кезде абайласаңшы, әйтпесе мына түріңмен менің пиджагімді күйдіріп жіберіп жүрерсің, менің жұмысқа киіп баратын басқа пиджагім жоқ». Саламат бірден далаға жүгіріп шықты, ал менің қызарып кеткенім сонша, шашымның түбіне дейін жыбырлап кетті. Әбділвағап аға күлді де, менің иығымнан қақты:

– Қысылма, жігітім. Мен сенің жасыңда Әлипатты қарату үшін, үйдің қабырғасын өртеп жіберетін көзбен қарайтын тұғынмын.

Саламат анда-санда тамақ ішуге қал дейтін, бірақ мен ішкім келіп тұрса да қалмайтынмын, намысым жібермейді. Әйтпесе бір стипендиямен күн көрдік қой, бірақ сол әлгі намыс... Сөйтіп әрі аш, әрі тәкәппар күйімде кете барам. Саламат маған қарап күлімсірейді, ондайда мен аш екенімді ұмытып кетем.

Күндер өтіп жатты. Әлипат апаның беті бері қарап, тәуір бола бастады. Үйдің де ішіне береке кірді, Әбділвағап ағаның отбасы осылай болу керек еді. Менің де бойыма сенімділік ұялады, сенімді болғаным сонша, бір күні мынадай қадамға бардым.

Декабрь айының аязды күндерінің бірі еді. Күн дәл бүгінгідей ашық болатын. Кішкентай парашютке ұқсаған қар түйіршіктері баяу жерге түсіп жатты, мұндай ұлпа қар тротуардың да, бұтақтардың да үстінен көрінеді.

Мүмкін менің бұл батылдығым сендерге күлкілі, ал қулығым әшейін бір далбаса боп көрінер. Бірақ мен бар болғаны жиырма жаста едім ғой. Ғашықтық дерті әбден шыңына жеткен болу керек. Оның үстіне мен қарапайым Авар ауылынан келген бозбала емеспін бе?!

Қысқасы, мен бөлмеге жүгіріп кіргенімде Әлипат апа креслоның үстінде шынтақтап жатыр екен. Ол ара ұясы сияқты дабырлап немерелерімен сөйлесіп жатты, қастарында Әбділвағап бар еді. Кірген бетте былай деп қойып қалдым: – Әбділвағап аға, менде екі билет бар, Саламатты менімен бірге киноға жіберіңізші.

– Естідің бе, Әлипат, – деді Әбділвағап аға, – Мен саған айтпап па едім? Бұл нағыз жігіт. Қарасаңшы, алдымен. Егер жібермесек, оны тауға алып қашып кетеді.

– Ей, Саламат, – деді ол көрші бөлмеге қарап, – жігіттің не айтқанын естіп тұрсың ба? Келісіміңді бер.
– Дұрыс айтады, – деп қоштады Әлипат апа, – барып, бойыңды жазып қайт. Саламат бұл әңгіменің бәрін естіп тұрған, сондықтан оны көндіру аса қиынға түскен жоқ. Ол жылдам киінді де, біз көшеге шықтық.

– Қандай киноға бара жатырмыз? – деді Саламат.
– Мен өзім де біл­меймін, – дедім мен.
– Білмейміні қалай? – деді Саламат тоқтай қалып.
– Менде ешқандай билет жоқ. – Жоқ дейсің бе? Мен тоқтадым да Саламаттың қолынан ұстадым.

Біз бір-бірімізге қарадық та күлдік. Бірақ киноға кірдік. Қандай кино екені есімде жоқ, мен экранға емес, Саламатқа қараумен болдым. Осыдан кейін үнемі бірге жүретін болдық. Театрға, киноға, концерттерге бірге барып жүрдік. Бірге болатын сәттің бір де біреуін құр жібергем жоқ. Тіпті университетте лекция тыңдауға рұқсат алып бердім. Бұл Ленинградта алған білімінің әлсіремеуіне себеп болатын еді. Оның сымбатты тұлғасын алыстан көзім шалған бойда, мен оны сабақ басталмай тұрып күтіп алатынмын. Қаракөл жағалы, қаракөк пальтосын, басындағы ұлпа жүні бар қалпағымен қосып кигенде Ақшақардан аумай қалатын. Мен оны осы қыс бойы Ақшақар деп атап кеттім. Ал жазды күні Ақшақар киімдерін өзгертті, бірақ сонда да ақ түстес киім киіп жүрді. Бұл ақ түс біздің бақытымыздың бастауы болатын. Ал, біздің үйлену тойымызды сендер білесіңдер, оған алып қосарым жоқ, әйтеуір мен жолыққан адамыма ризамын. Ұлымыз бар, ол үшін де бақыттымын. Ол біздің жалғасымыз. Тағдырға ризамын...

– Не дейміз Арсен, – деді Сааду үнсіздікті бұзып, – мен көпір салу мамандығының инженері есе­бінде, саған айтарым, Саламатпен араларыңдағы көпір мықты деп есептеймін.
– Гурам, сен не айтасың, – деді Сааду,- әңгімесі тілек (тост) айтуға тұра ма?
– Тілек дайын, – деді Гурам бокал­дарға шампан құйып жатып. – Қымбатты Арсен, мен сендердің отбастарыңның іргесі мықты болуына, сен үшін, Саламат үшін, ұлыңның бұдан да берік көпір салуы үшін ішемін.

Біз бәріміз салқын, қышқыл шампанды алып қойдық.
– Ал Гурам, – деді Сааду, – енді сенің кезегің.
– Жарайды, айтамыз, – деді Гурам сәл үнсіздіктен кейін, – бірақ менің әңгімем мұңдылау.
– Жарайды, – деді Сааду, біз көңіл көтеру үшін циркте отырған жоқпыз. Айта бер.
– Ал ендеше тыңдаңдар...

(Жалғасы бар...)

Бақтияр МЫРЗАШ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Фото: Ашық дереккөзден


19 сәуір 2025 ж. 259 0