Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әуесқойлық пен әмбебаптық арасы

Әуесқойлық пен әмбебаптық арасы

Ертеде ғалымдар мен зерттеушілер аударма жұмысын адамзат мәдениетінің алтын көпірі деп бағалаған. Интернеттегі мәліметтерге зер салсақ, аударма дегеніміз – бір тілде бейнеленген мазмұнды екінші бір тілге дәл әрі толық сол ұлттың сөзжасам заңдылығы бойынша қайталай бейнелейтін тілдік өнер. Аударма барысында сөйлемдерді лексикалық және грамматикалық жағынан дұрыс түсініп аудару және аударма шеберлігіне қатысты білімдерді қалай игеру жөніндегі мәселелерге үлкен көңіл бөлу керек. Ал аудармашы аударма теориясы негізінде, тәжірибе барысында кездесетін әртүрлі нақтылы мәселелерді жан-жақты әрі дұрыс шешуі керек. Аударма екі тілдің лексикалық, грамматикалық, стилистикалық ерекшеліктерінде қатар сақталады. Кез келген шығарма мазмұн, форма, стиль сынды үш түрлі фактордан құралады. Түпнұсқаның мазмұнын, стилін аударылған тілде дәл бейнелеу керек. Ол үшін түпнұсқадағы аударылған аударма түсінікті, ұғынықты әрі түпнұсқаның стилі сақталуы маңызды.

Міне, бұлар – нағыз аударма өлшемі. Ал аудармашы аударып отырған ұлт пен аударылып отырған ұлттың тілін, әдебиетін, тарихын, мәдениетін, дінін, этнографиясын, салт-дәстүрін, арман-тілегін, ұлт мұратын толық меңгеру, сонымен бірге екі ұлттың ойлау тәсілін, тілдік заңдылықтарын, сөзжасам ережелерін, грамматикалық қағидаларын, сөз арқылы бейнелеу тәсілдерін білгені жөн. Жинақтап айтқанда, басқа тілден қазақшаға тәржімалайтын аудармашы екі тілді де еркін меңгерген білімді болуы шарт. Сонда ғана ол өзі аударатын дүние жөнінде еркін құлаш сермей алады екен.

Әрине, бұл – кәсіби мамандарға тән талғам. Бұрын да, бүгін де танымал жазушылар, әдебиетшілер, тіл маманы, кәсіби аудармашылар шетел туындыларын қазақ тіліне, қазақ ақын-жазушыларының жазғандарын басқа тілге аударып, оқырманның олжасына айналдырып келеді. Әйтсе де, әлем әдебиетінің ең үздік нұсқалары әлі қазақ тіліне толық сөйлеп үлгерген жоқ. Көбіне-көп шетелдік жазушылардың прозалық болсын, поэзиялық кітаптарын негізінен аралық тіл, яғни орыс тіліндегі нұсқасынан аудару кең етек алған-ды. Соңғы жылдары жас буын ақын-жазушы, аудармашылар көптілділікті танып, шетел әдебиетін тікелей қазақшаға қотарып жүр. Бұл – жақсы үрдіс, себебі сол, түпнұсқадан (ағылшын, неміс, т.б.) тікелей тәржімалау шығарманың ұлттық колоритін, ділін сақтауда маңызы мен пайдасы зор.

Ал, арамызда кәсіби маман болмаса да, орыстың, шетел жазушыларының шығармаларын шып-шырғасын шығармай әуесқойлықпен аударып жүрген жандар да бар. Бір қызығы, ол адамның мәдениет, әдебиет, өнер, журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмауы да мүмкін. Бірақ, таланты мен талабы таудай, кітап кеміріп, көз майын тауысып, білімі мен білігі арқасында хоббиі ретінде аудармамен айналысатын қарапайым еңбек адамы болса ше?!. Жалпы, әуесқойлық дегенді қалай түсінеміз? Ол үшін Уикипедия – ашық энциклопедиясына жүгінсек, онда: «Әуесқойлық – 1) адам бойындағы ұнамды қасиет, белгілі бір іске ерекше құмарту, қызыға шұғылдану; 2) кәсіби маман болмай-ақ кейбір қызмет саласымен ыждағатты түрде айналысу. Әуесқойлық адамның белгілі бір кәсіпке мамандануына, кейбір саладағы мағлұматын байытуына ықпал етеді, кәсіби шеберлікті меңгеруге алғышарттар жасайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында жас ұрпақ бойындағы әуесқойлықты дамытуға ерекше мән берілген. Нақтылы кәсіпке не өнер саласына ынтасы бар баланы жас кезінен сол кәсіптің не өнердің кәнігі шеберлері жанына алып баулыған. Қас шеберлік өнегесі осы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған» деп анықтама беріліпті.

Олай болса, адам бойындағы ұнамды қасиет, белгілі бір іске ерекше құмарту, қызыға шұғылдану Сырдария ауданы, Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Бақтияр Мырзашқа да тән екен. Ол кісі – қарапайым еңбек адамы, энергетик. Бірақ, ағаның жан-жақтылығы, көп білетіндігі, әсіресе шетел әдебиетін (онда да орыс тіліндегі нұсқасын. – авт.) құмарта оқитындығы өзін зиялы санайтын анау-мынау адамыңнан осал етпейді. Ол кісімен таныстығымыз соңғы он жылдың көлемінде ғана шығар, «Халық» газетіне осындай бірқатар аудармасын әкеліп, оны оқырман назарына ұсынған едік. Өзіміз де оқыдық, кәнігі кәсібиліктен кем емес, көркемдей де, әдіптей де білген. Аузымен құс тістеген танымал шетел жазушылары Ги де Моппассан, Магомед Гасан-Гусейнов, Михаил Шолохов, Максим Горький, Владислав Рубанов, Антон Чехов, Стендаль (Мари-Анри Бейль), т.б. әңгімелерін мұртын бұзбай, мазмұнынан алыстамай, қазақ оқырманының жанына жақын тілмен тәржімалап жүр. Жақында ғана автордың қолтаңбасы қойылған «Қисық жол» кітабын өз қолынан алудың сәті түсті. Тынымсыз тіршіліктен қолымыз сәл қалт еткенде парақтап отырып, бұл аударма жинағын да оқып шықтым. «Тынық Дон» роман-эпопеясын жазған атақты Михаил Шолоховтың «Ата жау», «Қисық жол» туындыларынан сол заманға тән тұрмыс-тіршілікті, ақ пен қызыл қайшыласқан өмірді танып білдік. Ал, Авар жазушысы М.Гасан-Гусейновтың «Алғашқы махаббат туралы әңгімелері» ше? Ғашықтық сезімге толы шынайылықты бас қосқан достардың өз аузымен жеткізіп, махаббат отына күйдіреді. Немесе М.Горькийдің «Изергиль кемпір», Ги де Мопассанның «Қанды кек», «Кейуана Соваж», «Милон ағай» шығармалары да ширықтырмай қоймайды. Стендальдың «Сандық пен елесі» еркектің ессіздігі мен әйелдің айлакерлігін әдемі жеткізген. Әрине, аудармашы осы шығармаларды қазақ тіліне сәтті аударып, оқиғаларды қиюластырып, оқырманды жалықтырмайды. Бір деммен оқып шығуға болады. Кәсіби маманнан еш айырмашылығы жоқ дегеніміз – сол.

Әуесқойлық деген бергі жағы, осындай күн-түн қатып, жата-жастана кітап оқып, көз майын тауысып көңіліне жаққан автордың шығармасын тәржімалап жүрген жанкештілігін әмбебаптықтан, яғни кәсібиліктен кем көрмейміз. Ал, әмбебап – адам бойындағы жан-жақты, көп қырлы, сан салалы, бесаспаптық қасиет (уикипедия). Осы көп қырлы дегеннен шығады, ағамыз қарапайым еңбек адам бола тұра, кезінде талай жыл ауылдық клуб меңгерушісі болды, гитараның құлағында ойнайды. Қазір зейнет демалысында, аударма – еріккеннің ермегі емес, бойындағы құмарлық қасиеті.

Енді міне, қолыңызға тиіп отырған «Күйзеліс терапиясы» кітабы да өз оқырманын өгейсітпейтін түрі бар. Бұған дейін екі кітабы шыққан болатын. Адам бір іске құлай берілсе, қиын ғой. Жетпістің үшеуіне келсе де, компьютер тілін емін-еркін меңгеріп алған, зуылдатып сонда өзі тереді. Соның айқын көрінісі, бұл жолы Бақтияр аға қысқа әңгімелер ғана емес, повеске де тыңнан түрен салыпты. Екі бөлімнен тұратын жинақтың алғашқы бөлімінде британдық жазушы, 93 детективтік романның авторы Джеймс Хедли Чейздің (шын аты Рене Брабазон Реймонд – авт.) «Күйзеліс терапиясы», дағыстандық жазушы Магомед Гасан-Гусейновтің «Тау хикаялары» повестерін тәржімалаған. Парсы прозасынан «Сүлеймен пайғамбар, самұрық құс және жазмыш туралы әңгіме», «Хабиб Аттар және Әдеш туралы әңгіме» атты ертегілері де, «Қабуснамеден» үзінділері де көркем кестеленіпті. Ол туралы автордың өзі: «Әдетте тәжік-парсы әдебиетін сөз қылғанда алдымен олардың поэзиясы еске түсері анық. Фирдоуси, Омар Хаям, Рудаки, Хафиз... кете береді. Ал, прозасы ше? Әрине, Кабуснаме, Синбаднаме, Кәлилә мен Димна, ғажайып ертегілері, т.б. Бұлар – әлемдік әдебиеттің алтын қорынан ойып тұрып орын алған жауһарлар. Ойлы оқырманға, жалпы адамға тағылым беретін бір-екі дүниесін ұсынып көрсек» дейді. Одан қалды, орыс прозашысы, драматург Д.Н.Мамин-Сибиряктың «Майя» аңызы, Кеңестік және орыс прозашысы, ақын, публицист, әдебиет сыншысы Виктор Кречетовтың «Штрын және Тарзан», «Жапалақтың дауысы», грузин жазушысы, сценарист Нодар Думбадзенің «Кукури» атты әңгімелері де жеңіл оқылады. Байқағандарыңыздай, әуесқой аудармашы атағы алысқа кеткен авторларға «ауыз салыпты». Мұның өзі үлкен еңбекті, қажырлы қайратты, жан-жақтылықты білдірсе керек.

Ендеше, автор Бақтияр Мырзаштың өз сөзімен айтсақ, «... жазушылар – бақытты халық. Мейлі, ол ұлы жазушы болсын немесе қарапайым болсын, бірақ олардың шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халыққа қызмет ете бермек. Жинаққа енген дүниелер – сондай шығармалардың бір парасы. Егер осы дүниелердің бірі болмаса, бірі оқырманға ой тастап жатса, жазушының аруағы риза болған болар еді. Мен тек ортада дәнекер болып, азғантай ғана қызмет қылуды мақсат тұттым. Оқырман осыны қаперінде ұстаса, нұр үстіне нұр болар еді».
Сонымен, жоғарыда айтылған ойымызды қорыта келе, Бақтияр Мырзаштың «Күйзеліс терапиясы» атты аударма кітабы оқырманы үшін терең ой салар, танымдық, тағылымдық жағы мол, рухани әрі пайдалы еңбектің бірі болады деген сенімдемін. Шаршамаңыз, Алла күш-қуат берсін, шығармашылығыңыз шыңдала берсін, Бәке!

Нұржан ӘБЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
02 сәуір 2024 ж. 216 0