Несие беру талаптарына өзгеріс енгізіледі
Статистикалық ақпаратқа сүйенсек, тоғыз қазақстандықтың бесеуінде несие бар екен. Бұл дегеніміз Қазақстан халқының қаржы ұйымдары алдындағы қарызы жыл санап артып келе жатқанын аңғартады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Мәжіліс отырысында «Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын» деп мәлімдеме жасаған еді.
Бір кездері басқа біреудің құжатымен несие алып, талайдың обалына қалғандар мен қаржылық қылмыс көп кездесіп жатты. Себебі несие алушыға қойылар талап басқаша еді. Бүгінде ондай алаяқтық жіті бақыланып, алдын алу үшін түрлі тосқауылдар қойылған. Бөтен біреудің құжатын апарып, түгел болса несие рәсімдей сала алмайсыз. Қазіргі кезде биометриялық әдіспен келіп тұрған клиент туралы егжей-тегжейлі анықтауға мүмкіндік бар. Банк қызметкерлері несие алатын адам туралы ақпаратты түгел зерттеп, анығына көз жеткізбейінше, қаржылық операцияны жүзеге асырмайды. Несие алушы туралы толық мәлімет анықталған соң, клиенттің төлем қабілеті банк талаптарына сәйкес келсе ғана, несие беру туралы шешім шығарылады.
Несие беруге қатысты ережелерге 2020 жылы өзгеріс енген еді. Заң бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге шектеу қойылған. Сондай-ақ ендігі жерде банк менеджері клиенттің төлем қабілетін мұқият тексеріп қана қоймай, қарыз салмағының коэффициентін есептейді. Яғни, несие беруші ұйым қарыз алушының қаражаттың ай сайын нақты қанша бөлігін өтей алатынын анықтайды. Егер кіріс пен шығыстың мөлшері белгіленген шамадан асып кетсе, онда несие алу туралы ниетіңіз іске аспайды. Ал жұмыссыздар мен ай сайынғы табысын ресми құжат арқылы дәлелдей алмағандар банктен қарыз алуға талпынбаса да болады.
Президент тапсырмасына сәйкес несие беру шарттарына тағы да өзгерістер енгізілетін болады. Ендігі жерде банк талапқа сай келеді деген клиентке ғана несие береді. Сөйтіп, халықтың несие жүктемесін азайтады. Сондай-ақ жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қабылданады. Мемлекет басшысының тұтынушылық кредиттеуді реттеу бойынша нақты әрі шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес несие беру шарттары қатаңдатылады.
Ең алдымен, банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігін пруденциялық реттеу шеңберінде жеке тұлғалардың тұтынушылық кредиттері бойынша тәуекел-саралауды ұлғайту жолымен шаралар қабылданады. Сондай-ақ кредиттер бойынша сыйақының тиімді мөлшерлемелерінің есебіне қарыз алушының кез келген комиссиялары мен төлемдерін қосу бойынша өзгерістер енгізіледі. Бұл жаңадан берілетін несие бойынша халықтың борыш жүктемесінің өсуін шектеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, елдегі екінші деңгейлі банктердің де несие беру тәртібі күрделенеді. Ендігі жерде бұрынғыдай емес, қарызды рәсімдеу оңайлықпен жүзеге аса қоймайды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ