Қызылордада қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды
Мамыр айында Қызылорда қаласында ІІМ және ҰҚК Бас прокуратураның үйлестіруімен аймақтағы криминогендік жағдайға теріс әсер еткен қылмыстық топтың жетекшісі мен мүшелерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұстаудың алдында оларға қатысты ұзақ мерзімді жедел іздестіру шаралары жүргізілген.
"Күдіктілердің қылмыстық әрекеттерін дәлелдеу олардың криминалдық байланыстарының көп болуымен қиынға соқты. Барлық факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Топ мүшелері өз мақсаттарын іске асыру үшін адамдарды ұрлап әкетіп, мүлкін тартып алып, қылмыстық қақтығыстарға қатысқан.
Сондай-ақ олардың ойын-сауық мекемелеріне қылмыстық қамқорлық көрсетуге, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында бопсалауларға қатысы тексеріліп жатыр. Топтың негізгі мүшелері қамауға алынды. Атыс және травматикалық қару, ірі мөлшерде қаражат тәркіленді. Тергеу Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.