Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сарбаздар өмірін сақтап қалған көгершін

Сарбаздар өмірін сақтап қалған көгершін

Барша адамзат игілігін көрген тіршілік иесінің бірі – көгершін. Олар күнделікті тіршілікте де, соғыс кезінде де поштаның қызметін атқарған. Әсіресе ол кезде майдан даласында ақпарат алмасу ауадай қажет еді. Майдан даласында қаһармандық танытып, тарихта қалған көгершіннің аты – Шер Ами.

Майдан даласында көгершіндерге де жұмыс табылды. Әрине, олар жауға соққы беру үшін емес, шұғыл хабарлар мен бұйрықтарды жеткізуге немесе барлау жұмыстарын жасау үшін қолданылды. Соғыс барысында көгершіндердің қызметін үлкен ауқымда пайдаланған – Бірінші дүниежүзілік соғысы. Әскерилерге дәл осы кезде қанатты серіктері көмекке келді. Олардың кейбіреуі Шер Ами есімді көгершін сияқты тарихта қалды.

Мынадай оқиға болған. 1918 жылы 3 қазанда АҚШ-тың 77-інші жаяу әскер дивизиясының 500 сарбазы жау аумағында жүргізген ұзақ шайқастан соң, қоршауға алынып, ажал құрсауында қалған. Қоршаудағы жауынгерлерде төрт хабар тасымалдаушы көгершін болды. Командир артиллериялық қолдау сұрап, штабқа өтініш хабар жіберуге шешім қабылдайды. Бірақ әскерилер қоршауда қалған аумақты дұрыс білмегендіктен, көгершінмен жіберген хабарламада координаттар қате көрсетіледі. Нәтижесінде одақтастар қоршауда қалған сарбаздарды жау деп ойлап, артиллериямен атқылай бастайды. Нәтижесінде 77-інші жаяу әскер дивизиясы құрамының жартысы қаза табады.

Бірақ америкалықтар бұнымен тоқтап қалмай, түзетілген хабарламаны жіберуге шешім қабылдайды. Алайда жағдайды түсініп қойған немістер құстарға оқ жаудыра бастайды. Екі көгершін осы арада жан тәсілім етеді. Бірақ Шер Ами құрсауда қалған 194 сарбаздың өмірін сақтап қалады. Оннан астам хабарламаны сәтті жеткізген көгершін бұл жолы да өзіне үш оқ тигеніне қарамастан өзіне жүктелген міндетті сәтті орындап шығады. Неміс шебінен ұшып шығып, 25 минутта 40 шақырымды бағындырып, штабқа хабарламаны жеткізеді. Оның аяғына байланған хабарламада «Біз жол бойында орналасқанбыз. Биіктігі – 276,4. Артиллерия соққыны бізге беруде. Құдай үшін атуды тоқтатыңыздар!» деп жазылған екен.

Бұл кезде госпитальдегі дәрігерлер Шер Амидің өмірі үшін күресіп жатқан еді. Сарбаздардың қуанышына орай дәрігерлер көгершінді құтқарып қалған. Осылайша, Шер Ами ұлттық батырға айналған. Жасаған ерлігі мен Вердун шайқасында 12 хабарламаны сәтті жеткізгені үшін көгершін Францияның әскери мемлекеттік наградасы – «Әскери крест медалімен» марапатталған. Шер Ами бір жылдан кейін АҚШ-тың Нью-Джерси штатында табиғи себептермен өлген. Оның денесінен тұлып жасалған. Қазір ол АҚШ-тағы Смитсон университетінде сақтаулы тұр.

"Тт" ақпарат
10 ақпан 2024 ж. 134 0