Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Пешті ұзақ жағуға болмайды

Пешті ұзақ жағуға болмайды

Жылыту маусымы – өрт туындау себептері әдет­тегі­ге қарағанда анағұрлым көп болатын кезең. Оған пештер, қолдан жасалған жылыту электр аспаптары, жертөлелерде, нақты тұрғылықты орны жоқ адамдардың жиналу орындарында, басқа да орындарда от жағу себеп болады.

Пеш – тек жылу көзі ғана емес, сондай-ақ өрт туындайтын орын екенін есте сақтауымыз керек. Пешті қараусыз қалдырғанда қауіп көп төнеді. Пәтер жалдаушылар мен үй иелерінің сақтық шаралары туралы ұмытып кетуі төтенше жағдай саласы қызметкерлерін алаңдатады.

Біріншіден, жанудың себебі пешті орнату қағидасын бұзудан болуы мүмкін. Бұл түтін құбырларының өту орындарын жеткіліксіз бөлу, пеш және қабырға арасында бос орын­дардың аз болуы. Бұған қосымша пеш алдында отқа төзімді темір табанның болмауын жатқызуға болады. Осының салдарынан түскен көмірден еден тұтанады.

Өрт болмау үшін пешті кірпіш немесе тас негізге орналастыру керек. Пештің тү­тін құбыры шатырдың немесе қабатаралық ағаш жабуынан өткен жерде кірпіш қалауы қалың­дау болу керек.

Егер пеш алдына ағаш еденнің үстіне өлшемі 50х70 см темір табақ қағып қоймаса, пештің аузынан түскен күлден, жанып жатқан көмірден өрт шығу мүмкін. Пештің есігін жауып және үлкендердің қарауымен ғана жағу керек.

Пешті ұзақ жағуға болмайды, өйткені қабыр­ғалар тым қызғаннан жарықшақтар пайда болады. Одан шоқ шығып, оңай жанғыш заттарға түсіп, өрттің шығуына себеп болады. Сондықтан түтіндіктің қабырғаларына мұқият саз жағып, әктеу керек. Егер түтіндікте жарықшалар пайда болса, ол бірден көрінеді, өйткені одан күйе шыға бастайды. Кейбір тұрғындар пешті жағу үшін керосин немесе бензин қолданады. Бұл өте қауіпті. Ол қайғылы жағдайға әкеліп соқтырады. Пешті жаққанда жанғыш сұйықтық лезде жанады, пештен от шығып, өрт пайда болады.

Пеш жағу маусымының алдында пешті және түтіндікті тексеріп, оларды жөндеп, күйе­ден тазалап, жарықшақтарды сылап, ша­тыр­дағы түтіндікті міндетті түрде әктеу керек. Пештерді және түтіндіктерді жөндеуге және салуға арнайы маманды шақырған дұрыс. Бұл өз өміріңіз үшін маңызды.

Өрт шыққан жағдайда, ең алдымен 101 нөмерін теріп, азаматтық қорғау қызметін шақырыңыз. Өз мекен-жайыңызды дұрыс жеткізіп, өртеніп жатқан жерді сипаттап беріңіз. Өрт сөндірушілер келгенше, өрт көзін жабуға әрекет жасаңыз. Өрт өршіп кетсе және оны оқшаулауға шамаңыз келмесе электр ажыратқышты өшіріңіз. Егер мүмкін болса, өрттің өршуін көп еселейтін газ баллонды сыртқа шығарып, есіктерді жауып, өртеніп жатқан жерден қауіпсіз аймаққа шығыңыз.

Сырдария ауданының төтенше жағ­дай­лар бөлімінде 21-4-94 нөмерлі сенім телефоны жұмыс жасайтынын есте­ріңізге саламыз. Тұрғындар осы байла­ныс нөміріне хабарласып төтенше жағ­дайлар саласы бойынша мағлұматтар ала алады. Сондай-ақ біз тиісті түсіндірме жұ­мыстарын баспасөз арқылы жүргізуді жал­ғастырамыз.


Сырдария ауданының
төтенше жағдайлар бөлімі

31 қазан 2023 ж. 167 0