Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңбай құладым...

Оңбай құладым...

Бірде жұмыс барысымен ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама ор­талығы» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бөлімшесіне жолым түсті. Сонда бөлімше басшысы Жансая Аманқосқызы жылы ле­бізбен қарсы алған еді. Мекеме басшысымен сол кезден басталған таныстық күні бүгінге дейін апалы-сіңлілік байланысқа ұласып келеді.

Үйде болсын, қызметте болсын ха­лықтың дархан мінезін таны­тып, қазақ әйелдерінің мықты­лы­­ғын дәлелдеп жүрген Жансая Ақыл­бекова күнделікті қызмет­тен босай қалса қолға қалам алып, ба­лалық шақтың бал шақта­рын қағаз бетіне түсіреді екен. Бұл туралы біз жақында біліп, назарла­ры­ңызға бір естелігін ұсынғымыз келді.

Қолымдағы табағымның ма­йына қарамай, қолтығыма қыс­тырып алып, шаңдатып, жалаң аяқ жүгіріп келе жатып, оңбай құладым. Табақ та шаң, мен де шаң, оған қарайтын мұрша бар ма, атып тұрып қайта жүгірдім...

Анам (марқұм) жұма күні же­ті күлше пісіріп жатты. Жылы көрпенің астынан шығуға ері­ніп, одан күлшелерді тарату керек­тігін елестетіп, өзімнен өзім шаршап жатырмын.
Бір кезде анам кіріп келіп:

– Жансая, жеті күлшені тара­тып келе ғой. Сосын екеуміз дү­кен аралап келейік, – деді.
Бағанағы ойша шаршап жат­қаным бір сәтте ғайып болып, орнымнан атып тұрып:
– Қане, күлшелер? – дедім.

Ауыз үйге шығып, табақтағы ыстығы басылмаған күлшелерді алып, енді аяқ киімімді киейін де­сем, сүйретпемнің бір сыңары жоқ. «Осы ит сор болды, менің аяқ киімім тәтті-ау?! Қай көршінің сәкісінің астында жатыр екен?» деп бір күбірлеп алдым да жалаң аяқ күлше таратуға тарттым. «Таратып болған соң дүкен аралап келеміз» деген сөз дегбірімді қашырып, асықтырып барады.

Жүгіріп келе жатып, май то­пыраққа оңбай құлап түстім. Содан не керек, қара қыз аппақ то­пыраққа кірпігіне дейін малынып, үйге кіріп келгенмін ғой. Анам (марқұм) түрімнен шошып кет­ті, бірақ сабырлы еді, шіркін.
Тістеніп тұрып:

– Күлшелерді тараттың ба? – деді.

– Иә, – деп тақ ете қалдым. Анам:

– Бармайсың ешқайда мына түріңмен... Жуынып-шайынып бол­ған соң үйді салқын сумен тазалап жуып шық, – деп қа­рап тұр.

Балалық қой, дүкенге апар­мағаны үшін анама ашуланып, бұл­қан-талқан болғаным бар. Бі­рақ ол кезде әке-шешеге қарсы шығу қайда?! Мұрнымды бір қорс еткіздім де, «иә» деп қала бердім.

Балалық шақтың бал күндері қазір тәтті естелік қана болып, кей-кейде санамызда жылт етеді осылай...
04 мамыр 2022 ж. 432 0