Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кененің кеселінен абайлаңыз

Кененің кеселінен абайлаңыз

Көктем мезгілі басталған уақыттан әртүрлі жәндіктер қайта түлейді. Солардың ішінде кене жәндіктері адам­дар­дың денсаулығына зиянын тигізеді, себебі олар аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызба ауруын тасымал­даушы болып табылады.
Кененің шағуы арқылы берілетін жұқпалы аурулар басым жағдайда жыл мезгілінің көктем-жаз айларына тиесілі. Кейбір кенелердің ағзасында өмір бойы сақталатын қауіпті жұқпалы ауруларды тарататын вирустар кездеседі. Осы ви­рустардың кене шағу арқылы адам ағзасына енуі салдарынан өте қатерлі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы дамиды. Жыл сайын облыстық зоопаразитологиялық топ мамандарымен аудан көлемінде орналасқан елді мекен­дерге толығымен барлау жұмыстары жүргізіледі. Барлау нәтижелері бойынша кенелердің түрлері мен қауіптілігі айқындалады.
Зоолог-паразитолог мамандарының болжамына сәйкес, ағымдағы жылы иксодты кенелердің сан көрсеткіштері жо­ғары болуы мүмкін. Өйткені кенелердің асыраушысы болып табылатын мал бастарының көбеюі олардың кеңінен таралуына ықпал етеді. Сонымен қатар елді мекендер төңірегінде үлкен құмтышқан шоғырлары жанданып, кеміргіштердің көптеп қоныстана бастауы да кенелердің өсіп-өнуіне өте қолайлы жағдай туғызуда. Ауа райының жылынуына кенелердің ерте оянуына ықпалдарын тигізуде.
Облыс көлемінде соңғы жылдары аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызба ауруының нақтыланған түрі жиі тіркелуде, аудан бойынша нақтыланған жағдай тір­кел­ген жоқ.
КҚГҚ ауруының негізгі белгілеріне тоқталсақ: кене адам денесіне жабысқаннан кейін қадалатын жер іздеп, ұзақ уа­қыт жүреді. Мұнан соң шапқа, қолтық астына, мойынға, кеу­деге қадалады. Бір ерекшелігі, адам кененің шаққанын сезбейді, себебі кене қадалған же­рін жансыздандыратын сұйықтық бөліп шы­ғарады. Тек 2-3 күн өткеннен кейін ғана кене жабысқан жер қызарып, ауыра бастайды. Вирус адам ағзасына енгеннен соң көпке дейін білінбей өсіп, қан тамырларын зақымдайды. Әр адамның ағзаларының ерекшелігіне байланысты аурудың жеңіл және ауыр түрде өтуі мүмкін. Сырқат дене қызуының көтерілуімен басталады. Науқастың басы қатты ауырады. Бүкіл денесі әлсіреп, қызарады да, теріле­рінде бөртпе пайда болады. Терісінде ине шан­шыған немесе шымшыған жерлерде бірнеше минут ішінде терісінде көгеру пайда болады. Көзінің айналасы қызарады, 3-4 күннен кейін мұрыннан, асқазаннан, ішектен қан кетеді. Бұл кезең өте қауіпті, ауру адам өліп кетуі де мүмкін.
Аудан бойынша 2022 жылы аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызба ауруын жұқтырудың жоғары қауіпі бар, табиғи ошақ­тар санатына 8 елді мекен белгіленіп отыр. (Қоғалыкөл, Аманкелді, Н.Ілиясов, Шаған, Айдарлы, Іңкәрдария, С.Сейфуллин, Қалжан Ахун). Осы елді мекендерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары сәуір айында жүргізілуде.
Қазіргі таңда КҚГҚ ауруын алдын алу мақсатында қо­лайсыз елді мекендердегі жайылымдар мен суаттарға, мал тоғыту ванналардың жан-жағына, мал қораларға, мал бас­тарына залалсыздандыру жұмыстарының сапалы, тиімді, нәтижелі болуы мал қораларыңыздың, аймақтарыңыздың таза болуына тікелей байланысты. Жауапкершілік үй иелеріне жүктелгендіктен мал қораларыңызды таза ұста­ған­дарыңыз абзал. Осыған орай аталған аурудың алдын алу мақсатында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары тарапынан бірлескен бұйрық шығарылып, жұмысшы топ құрылып, аудан тұрғын­дары арасында насихаттау шараларын жүргізу жұмыстары қолға алынуда және бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын тауып отырады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруын жұқтыр­мау үшін бірінші кезекте сақтық шараларын білген жөн. Далада, мал қорада жүргенде жеңі ұзын, барынша жабық киім кию, оған қоса киімнің түсі ашық болуына көңіл бөлу керек. Себебі ақ түсте кенелер тез көрінеді. Табиғатқа шыққанда үркіткіш репеленттерді (дәріні) пайдаланған жөн. Киімге немесе өзіңізге жабысқан кенені анықтау үшін үстіңізді мұхият тексеру, көзіңіз жетпеген жерді, басқа бі­реудің қарауын өтіну керек. Малдарды сою, қақтау, қырқу, күту кезінде арнайы киімдерді кию, қолғаппен жұмыс жасау қажет. Егер денеңізде кененің қадалғанын байқасаңыз, жалаңаш қолмен жұлып алмай, қысқышпен немесе жіп орап алу арқылы алып, кене қадалған орынды иод ерітіндісімен немесе спиртпен залалсыздандырыңыз. Міндетті түрде ау­мақтық медициналық көмекке жүгіну керектігін назарда ұстаңыздар.

Д.БАЛТАБАЕВ,
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының эпидемиологиялық бақылау және қадағалау, халыққа
мемлекеттік қызмет көрсету және цифрландыру бөлімінің басшысы
23 сәуір 2022 ж. 553 0