Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордадағы мамандандырылған ХҚКО күрделі жөндеу жұмыстары басталады

Қызылордадағы мамандандырылған ХҚКО күрделі жөндеу жұмыстары басталады

Қызылорда облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының хабарлауынша, ағымдағы жылдың 12 маусымынан бастап қаладағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, ғимаратты жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, халыққа қызмет көрсету үдерісі тоқтатылмайды. Өзгерістер тек фототүсіру аймағының орналасуына қатысты болады. Жөндеу жұмыстары кезеңінде фотозона уақытша басқа жерге көшіріледі.

Облыстық филиалдың мәліметінше, жөндеу жұмыстары орталыққа келушілер мен қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

«Мамандандырылған бөлім мемлекеттік қызметтерді бұрынғы режимде көрсетуді жалғастырады. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетіндіктен, қызмет алушыларға келетін қолайсыздықтар барынша азайтылады. Жөндеу аясында ғимараттағы ескі плиткаларды демонтаждау және шатырды жылылау жұмыстары жоспарланған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және барлық қажетті сақтық шараларын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылады. Жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша өзгерістерге келушілер түсіністікпен қарайды деп сенеміз», деді Қызылорда облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Аида Абибуллаева.
11 маусым 2026 ж. 50 0