Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы ақынның мол мұрасы

Ұлы ақынның мол мұрасы

2020 жылы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Дана ақынның торқалы тойының басы елде жаңа үрдіспен басталып та кетті. Ол Ел Президентінен бастап үлкен-кішіге дейін Абай өлеңдерін жатқа оқып, бір-біріне эстафета жолдады. Бұл қазақ руханиятында бұрын болмаған тың көзқарас, жарамды тірлік, өнегелі іс. Абай рухына бас ию, құрметтеу. Осылайша бас ақын даналығына ел болып, қоғам болып тағы бір жақындай түстік. Ұлы Абайды терең білген сайын айтқан құндылықтарын бойымызға сіңіріп, өмірімізде іске асыра аламыз.
Абай өз халқының мәдениеті мен әлеу­меттік ой-пікірінің асқар шыңы болса, ол қалдырған мұра егемен елдің болашағын тәрбиелеуде сарқылмас қазына, рухани бай­лық болып табылады. Дара ақын келешекке зор үмітпен қарады. Халықтың жар­қын өмірге жетіп, бостандық-теңдікке ие болуына айқын жол сілтеді. Кемеңгердің ағар­тушылық идеясы, оның ізденуі артында өшпес мұра болып қалды. Ол ғылым, өнер, еңбекті ұштастырғанның әркез асығы алшысынан түсетінін жеткізді. Оған түрлі мысалдар келтірді.
Абай өз дәуірінің толық бейнесін еңбек­терінде көрсете алды. Бұл оның ойы мен сезімінің сол дәуірдегі өз ортасынан әлдеқайда бөлек асқар биіктігін толық дә­лел­дейді. Абай өзі өмір сүрген дәуірінде қазақ халқы тұрмыстың ауырлығы салдарынан үлкен күйзеліске түсті. Сол кездегі ел басқарғандардың кейбірі орыс патшасының отаршылдарына арқа сүйеп, қалың бұқараны сүліктей сорды. Олар ру арасындағы тартысты өршіте түсті. Сол кезеңде Абай айналасын қоршаған жиренішті әдеттерден қорғану үшін ой өрісін жаңаша көзқарасқа, тың ой жетегіне бұрды.
...Ғылым іздеп,
Дүние көздеп
Екі жаққа үңілдім,
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас
Көп наданнан түңілдім, – деп налыды.
Сөйтті де өмірдегі биік мақсаттың тек күреспен орындалатынына кәміл сенді. Өмірдегі меңіреу дүние талабы орындалмай қалған кезерде де сары уайымға ерік бермей, жұртты өнер-білімге шақырды. Осы жолда үлкен ізденіс жасайды.
...Сенде бір кірпіш дүниеде,
Кетігін тап та, бар қалан..., – деп, өзіне де өзгеге де адамгершіліктің салихалы жолын көрсетті.
Дана Абай адамның асыл қасиеттері жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат дей келіп:
...Ақыл керек, іс керек, мінез керек,
Ер ұялар іс қылмас болса зерек, – дейді.
Абай шығыс-батыс мәдениетін терең, жүйелі зерттеп, өзінің дүниетанымын кеңейте түсті. Орыстың белгілі ақын-жазушылары Пушкин, Лермонтов, Крылов, Салтыков-Шедрин, Толстой, Белинскиийлердің шығармаларымен танысып, ой елегінен өткізді. Орыс әдебиеті арқылы Батыс Европаның ұлы тұлғалары Гете, Байронның туындыларымен, көне за­ман­ның көрнекті ақындары Гомер, Эсхил, Аристотельдердің еңбектерімен танысты. Бұл өз кезегінде ақын дүниетанымын кеңейтті.
«...Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерден озады. Онан басқа нәрселермен «оздым ғой» демектің бәрі ақымақтық» дейді ойшыл ағартушы. Өрісі кең ақынның әдебиет әлеміне құлаш сермеген күннен бастап-ақ айналасын қоршаған қараңағылықты серпілтудің жолын іздеп, халық ағартушылық жұмысына шын бе­рілгені айқын аңғарылады. Шындықты, туралықты өлеңмен өрнектеп, халық мұңын жеткізіп отырды. Халықты ғылым, өнерге ұмтылуды дәріптеп, «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма» деп оқуға шақырды.
Абайдың шығармалары үгіт, насихат, мінез-құлықты түзетуге арналды. Баланы орын­сыз ерке, қылжақбас етіп өсіруді жаратпайды. «Салғырт, бос буын, аңғырт, өрескел болу – осы еркеліктен» дейді. Бас ақынның бүгінгі қоғамда өзіндік үлкен айтар ойы бар, құндылығы терең шығармасы – «Интернатта оқып жүр» өлеңі.
...Еждаһадсыз, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Пайда ойлама, ар ойла.
Талап қыл артық білуге,
Артық ғылым тап та
Ерінбей оқып көруге...
Бұл арқылы ақын балаларды көп оқып, ерінбей, жалықпай, білім алу жолында жан аямай еңбек етуге үндейді. Ғылымның асқар шыңына адам еңбекпен, қиыншылыққа төзім­ді табандылықпен арқылы шығатынын айтады.
«Ұқпассың үстірт қарап бұлтақтасаң,
Суретін көре алмассың көп бақпасаң,
Көлеңкесі түседі көкейіне,
Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң, – дейді. Бұл жерде оқу ісіне үстірт қараудың зиян­дылығын айтумен қатар, оған ұқыпты қараудың пайдасына тоқталады. Балаға тиянақтылықтың оқуды ынта-жігермен игеруде үлкен пайдасы бар екендігін дәріптейді.
Ақын Абайдың айтқан әрбір сөзі кейінгіге нақыл болып қалды. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», «Адамның баласы – бауырың», «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Жақсы дос білген сырын сыртқа жаймас», «Есебі жоқ ант ішпе», «Жаныңа жаққанның соңына еруге жалқауланба», «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» және т.б. салиқалы ойлары бүгінде өзінің құндылығын жойған жоқ. Бұл өнеге, нақыл сөздерінің тәрбиелік маңызы зор. Абайдан қалған мұра – педагогикалық маңызы мол, жүйелі білім алуда, алған білімді терең, тиянақты, баянды етуге қолданылуға баға жетпес құнды дүниелер. Тәлім-тәрбие жұмыстарының алтын қазынасы, бай мұрасы десек қателеспейміз.
Абай еңбектерінде жоғарыдағыдай пікірлерге толы шығармалары орасан көп. Дана ақынның асыл нұсқалы сөздерін үйреніп, бойға нәр, ойға қуат алып, қазіргі педагогикамен байланыстыра отырып, қажетімізге жарата білсек саналы ұрпақ тәрбиелейтініміз анық. өйткені қазақта Абай – дана, Абай – дара.
Қазақтың ұлы ақыны, терең ойшыл, педагог Абайды оқып-білу, әсіресе оның ағартушылық пікірлерін, ғылым, өнер, еңбек туралы нақыл сөздерін бала оқытуда қолдану – балалардың ой-өрісін кеңейтеді. Оны құрметтеп, ардақтау – әрбір жастың міндеті екені айқын.

Нағман ӘЙТЕНОВ,
ардагер-ұстаз,
Ардагүл ЖАҢАБАЙ,
№37 мектеп-лицейі мұғалімі
11 қыркүйек 2019 ж. 687 0