Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨҢІЛДЕН ШЫҚҚАН ЖОЛДАУ

КӨҢІЛДЕН ШЫҚҚАН ЖОЛДАУ

ҚР Президенті Қ.Тоқаев халыққа жолдауында көптеген игі бастамаларды көтеріп, елдің дамуына қажетті нақты ұсыныстар ұсынып, тапсырмалар берді. Оның ішінде маған ең ұнағаны – жердің шетелге сатылмауы және бос пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару туралы ұсынысы көңілімнен шықты. Бұл еліміздің басты қағидасы. Қазір көптеген ауыл шаруашылығы жерлері латифундистердің қолында, яғни бір адам бірнеше мыңдаған жерге иелік етіп алып, оны қолданбай бос жатқан жағдайлар көптеп кездеседі. Президент осыған тосқауыл қоймақ. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік және ұлттық компаниялардағы қызметкерлердің санын 25 процентке қысқарту туралы айтқаны – өте орынды.  Президент Қ.Тоқаев біздегі алпауыт ұлттық компаниялардағы қызметкерлердің саны мен жұмысының нәтижесіне қарап, осындай шешімге келді деп топшылаймын.  Ұлттық компаниялар шағын және орта бизнеске демеу болуы керек. Енді саннан сапаға көшетініне үміт басым. Сондай-ақ, Тоқаевтың жаңадан құрылған шағын және орта бизнес кәсіпорындарын негізгі қызметі үшін 3 жылға салықтан босату және осы аралықта шағын және орта бизнесті тексеруге тыйым салғаны өте құптарлық жайт. Өйткені кез-келген елдің экономикасының тірегі осы – шағын орта бизнес. Соңғы он жылда тұңғыш рет саяси реформалау туралы ұсыныс естідім. Бұл туралы Тоқаевтың бүгінгі жолдауында айтылды. Президент   саяси реформа болмай, ешқандай экономикалық жетістіктерге қол жеткізе алмаймыз деді. Бұл пікір де мені қатты қанағаттандырады. Мемлекет басшысының бұл пікірі – жаңа партияның өмірге келуіне жол ашады деп сенемін. Парламентте тек қана бір ғана партия ғана емес, бірнеше партия болуы және олардың пікірі-ұсынысы тыңдалғаны жөн. Ұрыс-төбелес көшеде емес, парламент қабырғасында болуы тиіс.
 
Несібелі Керейтбаева,
«Сырдария» қоғамдық қорының төрайымы
09 қыркүйек 2019 ж. 658 0