Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтың жағдайын жақсарту міндеті қойылды

Халықтың жағдайын жақсарту міндеті қойылды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауын жариялап, алдағы уақытта мемлекет алдында тұрған міндеттерді баяндады. Ел назарын Президент маңызды мәселелерге аударды. Олар ең алдымен әлеуметтік қамсыздандыру, яғни көп балалы отбасылардың жағдайы, баспана, білім беру, ғылым, мәдениет, спорт, қылмыспен күрес мәселелері жан-жақты айтылып, талданды.

Жас ұрпаққа сапалы да, саналы білім беру өз өміршеңдігін жойған емес. Келешектің кемелденуі бүгінгі ұрпақтың білімділігіне байланысты. Сондықтан білімнің сапасын арттыру Мемлекет басшысының ұлағатты ұстаздарға берген тапсырмасы. Жалпы ауыл мен қала мектептерінің білім беру сапасында айырмашылық болмауы тиіс. Барлық мектептер бірдей соңғы технологиямен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Оқушыларды тегін оқулықпен қамту мәселесі де шешілген. Мұғалімдердің барлығы дерлік біліктіліктерін арттыру курстарынан өтіп, аттестаттаудан өтуде.

Соған байланысты барлық мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, мектептердегі мұғалімдердің жағдайын жақсарту, балаларға тиісті жағдай жасау жұмыстары қолға алынған. Жыл сайын мұғалімдердің жалақысы артып, келесі жылы да жалақыны 25 процентке көтеру тапсырмасы берілді.

Ауылдық жерге мамандарды тарту жұмысына байланысты «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көптеген жастар көруде. Алдағы уақытта бағдарлама жалғасын тауып, өзгерістердің енетіні де белгілі болды.

Жасөспірімдердің арасында қылмысты болдырмау, алдын алу мәселесі де қарқынды жүргізілетін болады. Бұл құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы билік тарапынан жүзеге асырылатын жауапты жұмыс. Статистикалық мәлімет соңғы жылдары балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау көбейіп кеткенін көрсетеді. Сондықтан қайткен күнде бұл мәселенің шешімі болуы тиіс.

Мемлекеттің атын әлемге әйгілейтін мәдениет пен спорт саласы да одан әрі дамып, қызметкерлердің жалақысын көбейту арқылы оларды ынталандыру шараларының қолға алынуы құптарлық жағдай. Біздің өңірде мәдени ошақтардың жағдайы жасалып, онда күрделі немесе ағымдағы жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізілуде. Ауылдың көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламалары мерекелік кештердің көркін келтіруде. Ауыл сахнасында ән айтып, өнер көрсететін өнерпаздар болашақта еліміздің атын шығаратын танымал өнерпаз болуына бүгіннен жағдай жасау қажет. Оларды өнерге қанат қақтыратын мәдени қызметкерлердің еңбегін бағалау, көңіл бөлу Мемлекет басшысының назарында екенін осы Жолдау анық көрсетті. Ал спорт саласының материалдық-техникалық базасын дамыту жөнінде нақты тапсырма бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Халықты салауатты өмір салтына қалыптастыру арқылы спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсаты көзделген. Қазіргі кезде салынып жатқан 100 спорт кешенін аяқтау, осы салаға демеушілерді тарту міндеті қойылды.

Жыл сайын тұрғындар асыға күтетін Президент Жолдауы көңілден шықты. Бастысы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, мемлекетіміздің дамуы жаңа кезеңге жол салғанына қуаныштымыз.

Бибісара ЖАНӘЛІ


05 қыркүйек 2019 ж. 714 0