Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЖЫМАН АСАНОВТЫҢ ЕЛ БІЛМЕЙТІН ҚАСИЕТІ

ҚАЖЫМАН АСАНОВТЫҢ ЕЛ БІЛМЕЙТІН ҚАСИЕТІ

Биыл сексеннің сеңгіріне шықтым. Ағайын-жекжат жиналып, көз көрген достар құттықтап, бала-шағам базарлап, мерейтойдың мейманасын тасытып жатқанда, абыройлы жасқа аман-есен жеткізген Аллаға мың да бір шүкіршілік айта отырып, өткен өмірім мен өрісіме тағы да шолу жасадым. Жүрегімнен жүгіріп шыққан жол біресе туған ауылыма, біресе талай жыл қызмет істеген Тереңөзекке, Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарға жетелеп, елеулі естеліктермен қауыштырғандай. «Есте қалған естеліктің өзі-білім» деп көрнекті ағартушы В.Луначарский айтқандай, ұлы дүбір тіршіліктің бұрылыс-қиылыстарында өміріме сабақ болған, таным-түйсігімді толыстырған, әулетіме жырдай ғып айтып отыратын сәттерді, шынығып-шыңдалуыма себеп болған тұлғаларды есіме алсам, көңілімнің күнделігіне мазмұнды сөйлемдер жазғаныма көзім жеткендей болады. Сол сөйлемнің бірі ардақты ағам, аймақтың айбар тұтқан азаматы, қаржы саласының саңлағы Қажыман Асанұлының есімінен басталса ше?..
Сыр бойындағы «Қоғалыкөл» ауылында туып өсіп, қарғадайынан тауқыметті тұрмыстың теңбіл торысын ерттеп мінген, ілім-білімнің нәрін санасына қасықтап құйып алған, он сегіз жасында майданға аттанып, жаумен кескілескен Қажыман ағамен оның шаңырақ көтеріп, шаршысына толған, ат үстіне алшысынан қонған шағында танысқан едім. Оған себеп-менің келіншегім банктің аудандық бөлімшесінде есеп-қисап маманы болып қызмет істеді. Ол кезде, қазіргідей ресми емес, түздегі тірлігіміз үйдегі жылылықпен жалғасып жататын. Табиғатынан көпшіл, қарапайым, үлкен-кішінің қабағына бірдей қарайтын ағамыз мені де жатсынған жоқ, ізіне ерген інісіндей көріп, қай­да барса да, қасынан қалдырмайтын. Банк деген басқа мекемелерге қарағанда қызметі қасаң, тәртібі қатал, сырт көзді сұғындыра бермейтін жабықтау жүйе ғой, сондықтан оның бастығы да сұсты, сесті, адамға ашыла бермейтін тұйық тұлға болуға тиіс деп ойлаймыз ғой баяғы. Шынында да көбісі солай. Бірақ біздің Қажекеңнің ызбайы мен ызғары жоқ, ілтипатты, жұ­мыс барысында да, қарапайым тіршілікте де көпшілікпен қайымдасып, сыйласып жүреді. «Қазанның құлағын ұстадым» деп астамсынбайды. Бұрын өзі қызмет істеген қармақшылықтар да солай ойлайды.
Тағы бір қасиеті-мәселенің мәніне жетпей, суырылып пікір айтпайтын. Қағазға аса ұқыпты, мемлекеттің бір тиынын да шашау шығармайды. Мекеме, шаруашылықтардың қаржы айналысын тексеру барысында кейде бір кемшіліктер табылып жатса, аттандап айқай салмай, басшысына жағдайдың неден пайда болғанын, оны түзетудің жолдарын дәл түсіндіреді, жосықты жөн сілтейді. Себебі, ол кезде бүгінгідей есеп-қисап институты әлі жетіле қоймаған. Көптеген шаруашылықтарда арнаулы орта білімді есепшілер жұмыс жасайды, олардың кәсіби шеберлігін жетілдіріп отыратын жоғары курстар мен директивалық оқулықтар жоқтың қасы. Осыдан келіп кейбір есеп мамандары есептеудің жаңа тәсілін игере алмай, ескі іздің сорабына түседі. Әйтпесе, «ішіп-жеп» қойған, мемлекет дүниесін талан-таражға салған ештеңесі жоқ. Осыны сезетін Қажыман Асанұлы қарамағындағыларға кемшіліктерді көрсетіп қана қоймай, одан арылудың жолдарын қарастыруды қатаң тапсырады. Бұл мұндай кемшіліктерді ендігәрі қайталамауға септігін тигізеді. Сондықтан болар ірілі-ұсақты басшылар мейірімді жанға әрдайым шын пейілдерімен құрмет көрсетіп жүреді. Бір қызығы, ол кісі қатал болмаса да, мекемесіне барсаң, шыбынның ызыңы да естілмейді. Ұядай ұжымның шаруаларын үнсіз атқарып, тілсіз бітіріп жатқаны. Адам баласына ауыр сөз сөйлеп көрмеген ағаның шарапатын көрмеген қызметкер жоқ бөлімшеде. Жаңа үйге көшкенінде өзінің тұрып жатқан үйін бізге қалдырып кетті. Қақырадай тар үйде тығылып-тырмысып тірлік кешкен біз хан сарайына көшіп келгендей арқамыз кеңіп, ажарымыз кіріп қалды. Қызметте мығым ағаның отбасы-орманында да белгілі бір тәртіптің, берекенің бар екенін аңғардық. Баласы Жақып үй құстарын, қоян, көгершін асыраған екен. Олардың түр-түсі, қанша жұмыртқа тапқанына дейін қағазға түсіре беріпті. Әр тауыққа өзінше ат қойып алған. Баланың балалығы, әуестігі дейсіз бе, жануарлар дүниесін танып-білуге құштарлық дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Аңғарғанымыз - Қажекең мен Зағипа апамыз балаларын еркін, табиғатқа жақын, өзді-өзін тануға бейім етіп тәрбиелеген екен. Бәрі дап-дайын, асай-мүсейі түгел, кең-шалқар қожалықты әрі қарай Асановтарша қалай ұстап тұрамыз деп сасқанымыз да рас. Қажекең біздің үйдің отанасын «қарындасым» деп еркелететін, мені «күйеу» деп өзімсінеді. Шамасы, осы үй қазақы жолмен бізге берген еншісі болар деп шамаладық.
Мен ол кезде шаруашылықтың жұмысшылар комитетінің төрағасымын. Шаруа бастан асады. Істің ыңғайы келмей жатса, шауып ағама барамын. Әбден ысылған, тәжірибесі мол Қажекең ақыл-кеңесін беріп, шешілмей жатқан мәселелердің түйінін тарқатып, ұзын жолға салып жібереді. Өстіп, біте қайнаса жүріп, бос уақытымызды бірге өткізуге де мұрша табатынбыз.
Ағамыз префераньсті жақсы көреді. Демалыс күндері достарымен жиналып алып, ойынның қызығына түседі. Жайма-шуақ көңілдер, әзіл-күлкі, әдемі қалжыңдардың тиегі ағытылады. Емен-семен үлпәтті отырыста ұлағатты әңгімелерге де кезек тиеді. Преферанс ойынын құмарлық үшін емес, құштарлықпен, жүйке-ми қозғалысын ширату үшін ойнайтын сияқты. Есебі түгел, есесін жібермейді. Бұрында бір ауданның жігіттері жоғарыдан тексеруге келген лауазымды өкілдің құрметіне преферанс ұйымдастырыпты. Мақсаттары – қонақтың ыңғайына жығылып, самарқау ойнап, көпе-көрнеу ұтылып, «көңілдендіріп» жібермек. Преферанс қыза түседі. Әдепкі мәміле есінен шығып кеткен бір шаруашылықтың бас есепшісі шындап кірісіп, ішінде құрметті қонақ та бар, шетінен «сыпыра» бастайды. Мұндайды күтпеген үлкен бастық әлгіні ымдап сыртқа шақырып алып: «Әй, соғылған, мұның қалай? Қонақтың қыбын қалай табамыз деп қыпылдап отырсақ, қалтасын қағып барасың ғой» деп ұрсыпты. Сонда есепші «Тексерушінің келген сайын тырнақ астынан кір іздейтін әдеті емес пе, «қолымды» дұрыс есептемей, ұтыла берсем, «мынау өзі қызметін қалай атқарып жүр екен» деп сенімсіздік көрсетер деп, барымды салып едім, кешіріңіз, басеке» деп құтылып кетіпті. Сол айтпақшы, Қажекең де ойынның көзсіз құмарлығына берілмей, әрбір жүрісін шығармашылықпен қиыстырып, болжам жасап, тәуекелге барып, қисынды комбинациялар қолданатын. Әдіс-тәсілі үдеден шығып жатса, шынымен қуанып, шынымен рахаттанатын. Бірақ әдептен озбайтын.
Ол кезде Қара теңіз жағалауындағы курортта демалып қайту екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Жылына ауданға оншақты жолдама ғана келетін. Қасқалдақтың қанындай сол жолдаманың бір-екі рет Қажекең екеуміздің қолымызға көгершіндей қона қалмасы бар ма! Ол енді өміріңде естен шықпайтын сәттер! Бүкіл Одақтың түпкір-түпкірінен құйылған демалушыларда есеп жоқ. Министр де осында, майталман да осында! Атағы мен атын естіп, өзін көрмеген шығармашылық тұлғалармен қарама-қарсы жолыға қалсақ, танымаса да сәлемдесеміз. Қызылды-жасылды әлемнің ішінде қараша қаздардай жүземіз келіп. Қара теңіздің жал толқындарында құлаш ұрып, қызулы құмағына қыздырынамыз. Өстіп жүріп, жарықтық ағекемнің адамды өзіне тартып тұратын жұмбақ жылылығы бар ғой, есімі елге белгілі қайраткерлермен етене танысып, ескі достарша сұхбат құрамыз. Тақырыбымыз сан тарау. Әлгілер әңгіме барысында Қазақстан деген елдің түпкірдегі бір ауданынан келген қазақтың зиялылығы мен зерделілігіне таң қалып, пайымды пікірлеріне еріксіз құлақ қояды. Хабарласып тұруға уағдаласады.
Ағамыздың ақыл-парасатына ажары сай болатын. Қыр мұрынды, қыран қабақ, толқындана қайырылған бурыл шашы келбетін кемелдендіріп, адамзаттың сұлуы - Сәкен Сейфуллинге ұқсастырып тұратын. Ауылда күнде көріп жүрген соң аса мән бермейді екенбіз, курортта кешкілік би алаңына барғанымызда, нәзік нәсілділердің көзі түсіп, Қажекеңді қайта-қайта биге шақырып, шыркөбелек айналдыратын. Біздің сері де тартынбайды, небір аруларды қолтықтап келген еркегінің уысынан суырып алып, бидің көкесін көрсетеді. Би біткен соң шынтағынан сүйемелдеп, «иесіне» тапсырып, аса мәдениеттілікпен рахмет айтады. Әлгінде ғана қосағы қайдағы бір қазақтың құшағында бақыттан басы айналып билегеніне ыза болып тұрған «кавалердің» жүзі жылып сала береді. Айызым қанып мен тұрам...
Қайран, жайсаң ағам-ай, жолдастыққа, достыққа берік еді-ау! 1981 жылы аудандық партия комитеті мені Тереңөзек кентінің іргесіндегі С.Сейфуллин атындағы кеңшардың директорлығын тағайындады. Жастау шағым, шаруашылық басқаруға жүрексінетін сияқтымын ба, қалай? Ұжымға сіңісіп кету, мамандармен қоян-қолтық еңбек ету оңай шаруа емес. Бірінші басшы болған соң жауапкершілік те бірінші сенен сұралады. Қазіргідей міндеттеме, жоспардың орындалмау қаупі туындаса, қаржы тапшылығын, техника жетімсіздігін, не болмаса ауа райының қолайсыз болғандығын сылтау етіп, жауапкершіліктен құтылып кету қайда! Партия айтты, бітті – орындау керек! Сылтау сөз емес! Бюроға салып «бұйралайды» да, арқаңдағы ер-тұрманыңды бауырыңа бөктеріп, дөй-далаға «айдап» жібереді. Еңбек тәртібі сондай қатал болды. Толқып жүргенімді Қажыман ағадан жасырғаным жоқ.
Бастықтың бәрі өзіңдей адамдар, еш қорықпа. Оның үстіне жылдар бойы жинақтаған тәжірибең бар, істі алып кетесің, – деп жігерлендірді. – Шаруашылығыңның күнделікті тіршілігіне еге бол, есеп-қисабыңа өзім көмектесіп тұрамын.
Жебеу сөз ғана емес, қамқор тілек бірден қанаттандырып жіберді. Іске батыл кірістім. Неден қорқам, асқар таудай Асанов Қажыман ағам тұрғанда! Сол әңгімеден соң он күн өткенде ұстанымы бөлек ұстазымның, менің өмірімде өнегелі орны бар, елінің құрметіне шексіз бөленген Азаматтың кенеттен пәниден көшетінін біліппін бе мен?
Міне, содан бері 38 жылдан уақыт өтті. Мен биыл 80 жасқа толдым, ал ағам 95 жасқа толады екен. Есіл ердің кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, мейірімді күлкісі... – бәрі-бәрі көз алдымда тұр. Қажекең ерте кеткенмен, соңында адал жары Зағипа апам, үкідей үлпілдеп өскен балалары қалды. Жақсы әкенің тәрбиесі, Зәкеңнің қажыр-қайраты ұрпағын қанаттыға қақтырмай, қияға шығарды. Олардың бәрі тәуелсіз еліміздің болашағы үшін жемісті еңбек етіп, ата-ана сеніміне лайықты өмір сүруде. Мен соған қуанамын, мен содан қуат аламын. Уа, Алла, бергеніңе шүкір!

Нұрпейіс Сағиұлы,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері
13 тамыз 2019 ж. 448 0