ЕЛ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНГЕН ЖАН
ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚАБІЛЕТІ МЕН ҚАРЫМЫ, ОЙ-ӨРІСІ МЕН ІСКЕРЛІГІ, ЕҢБЕКҚОРЛЫҒЫ МЕН ТАЛАНТТЫЛЫҒЫ ҚАШАННАН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНАДЫ. ҚАЙ ІСТІ БОЛСЫН ҰРШЫҚША ИІРІП ӘКЕТЕТІН ОЛАРДЫҢ ТЫНДЫРЫМДЫЛЫҒЫ, ТИЯНАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ҰҚЫПТЫЛЫҒЫ ӨЗ АЛДЫНА, ЖАҢА ЗАМАНҒА БЕЙІМДЕЛГІШТІГІ МЕН ІЗДЕНГІШТІГІ ДЕ ӘЙЕЛ ҚАДІРІН ЕСЕЛЕЙ ТҮСКЕНДЕЙ. НӘЗІК ЖАНДЫЛАРДЫҢ ІСКЕРЛІГІ ӨЗДЕРІ ҚОЛҒА АЛҒАН ІСТЕН КӨРІНІС ТАБАДЫ. ОЛАР ЕЛІМІЗДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ, ӨРКЕНИЕТТІ ЕЛ БОЛУЫ ЖОЛЫНДА ЕҢБЕК ЕТІП, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨСІП-ӨРКЕНДЕУІНЕ СҮБЕЛІ ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮР. ӨЗІМІЗДІҢ АУДАНЫМЫЗДА ДА ЕҢБЕКПЕН ЕЛ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНІП ОТЫРҒАН АНАЛАР АЗ ЕМЕС. СОЛАРДЫҢ БІРІ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫН ӨРКЕНДЕТУ ЖОЛЫНДА ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН «ЕҢБЕК ҚЫЗЫЛ ТУ», «БАТЫР-АНА» ОРДЕНІНІҢ ЖӘНЕ «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ, АУДАННЫҢ «ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» БАЛАПАН АРЗЫМБЕТОВА.
Еңбегімен елге сыйлы апамыз мектеп қабырғасында білім ала жүріп, 1953 жылдың қараша айында комсомол жастар бригадасының қатарына қабылданды. Мектеп бітіргеннен кейін сол ауылдағы текті атаның жалғыз ұлы Қамармен көңілі жарасып, отау көтереді. Жолдасы Арзымбет молданың жалғыз ұлы болса, Балапан Жұмабай молданың көзінің ағы мен қарасындай жалғыз қызы еді. Екеуінің де әкелері елге сыйлы, алдын ешкім кесіп өтпейтін ақылды адамдар болды. Сөйтіп, текті әулеттен тараған екі жақсы бас қосып, түтін түтетті. Содан бері Балапан апаның қазаны оттан, самаурыны шоқтан түскен емес. Екеуі де еңбеккеш жандар болды. Әсіресе, апамыздың еңбекке деген ықыласы ерекше екені жас күнінен байқалды. Ол еңбек жолын ауылда клуб меңгерушісі болып бастады. Сол тұста ауыл іргесіне жүгері егіп, кейін, 1960 жылы күріш егу шаруашылығын қолға алды.
Б.Арзымбетова диқанның кетпенін иығына салғаннан бастап, шаруашылық басшыларын жерге қаратпады. Қайта жылмажыл күріш өнімділігін арттырып, қамбаны қызылға толтырды. Ерен еңбегімен және ұйымдастырушылық қабілетімен танылған оны кеңшар басшылары 1968 жылы шаруашылықтағы 6 бригаданың біріне жетекші етіп тағайындады. Ол ел сенімін ақтау жолында күні-түні еңбек етіп, бригада ұжымын жарқын істерге бастай білді. Табаның тасқа, мандайын күнге күйдірген еңбекшілердің ризығын жер ана да аямады. 1969-1970 жылдары ол басқарған бригада өздеріне бекітілген күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім жинап, осы еңбекті бағалаған басшылық оған “Урал” мотоциклін сыйға берді.
1970 жылы партия қатарына өтіп, бірнеше мәрте Қазақстан компартиясының Тереңөзек аудандық комитетінің мүшесі болып сайланды. Күріштен мол өнім жинағаны үшін екі мәрте «СССР халық шаруашылығындағы жетістігі үшін» медалімен марапатталса, 1971 жылы облыстың үздік күрішшісі, 1973-1974 жылдары екі дүркін «Социалистік жарыстың жеңімпазы» болды. Кейін, яғни 1977 жылы әр гектардан 100 центнерге жуық өнім алғаны үшін «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. Сонымен қатар, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және 1989 жылы «Еңбек ардагері» медалімен наградталған. Сырдария аудандық мәслихатының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 356 шешімі негізінде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Еңбек ардагері, Батыр ана құрметті демалысқа шыққан соң да үйде қарап отыра алмады. Білген-түйгенін жастарға үйретіп, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласты. Ұлттық тағамдарды әзірлеуде аудандық байқауларға да белсене қатысып, жүлделі орындарды еншіледі. Ол қазанжаппай, ірімшік тәрізді ұлттық тағамдарды қолдан жасаудың, жалпы түрлі асты дайындаудың нағыз шебері десек те қателеспейміз. Қазір, Балапан апа әнші, биші, мотоцикл мен жеңіл көліктің “құлағында ойнаған” жүргізуші ғана емес, ауылдағы «Әйелдер кеңесінің» және «Аналар» ансамблінің белді мүшесі де болды.
Жолдасы Қамар екеуі он баланы тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда ұл-қыздары әр салада абыройлы қызмет атқарады. Бірі – дәрігер болса, енді бірі – мұғалім. Олардың арасында ауылда шаруа қожалығын ашып, ата кәсіпті дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкер де бар. Сондай шаруа қожалығының бірі – анасының құрметіне “Балапан” деп аталады. Ал, апамыздың жолдасы Қамар ата да ауыл шаруашылығы саласының өсіп-өркендеуіне, аудан экономикасының ілгерілеуіне сүбелі үлес қосты. Ол егін даласында комбайн жүргізіп, кейін шаруашылықта бас есепші болып еңбек етті.
Ал, бүгінде еңбек ардагері Балапан Арзымбетова ауыл жастарына әрдайым ақылын айтып, мол тәжірибесімен бөлісіп отырады. Бір сөзбен айтқанда ел абыройы үшін еңбек еткен батыр ананың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Ғ.ҚҰЛЫМБАЙ,
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандық филиал басшысы
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандық филиал басшысы