Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Әке дауы

– Ақымақпын, ақымақпын. Әй, менде бар ғой торғайдың миындай ми жоқ. Бірақ ол кезде заманның мұндай болатынын қайдан білейін. Өзі қаусап отырған қызылкөз шал мен қияңқы кемпірі бар болғырдан құтылғаныма қуанып... Әй, Құдай-ай! Маған сол кезде қатыны құрғыр есектің миын асып берген шығар... Енді не қылсам екен, а? Сотқа жүгінем бе? Рэкет жалдаймын ба?
Түсінбей отырған шығарсыздар ә?! Айтайын.
Ана жылы балалар өсіңкірегесін шал мен кемпірді (әкем мен шешемді айтамын) қарттар үйіне өткізіп жіберіп едім ғой. Өздерінен бар. Үйде тамағын ішіп, тып-тыныш жатса ғой. Өйтпейді. Жыбырлап анау-мынауға араласады да оты­­рады. Ойбай-ау, келген былайынша қонағыңның сәлемін алып, селтиіп алмай өз бөлмесіне тайып тұрса бір сәрі ғой. Руын сұрайды, әке-шешесін сұрайды да жата кеп жабысады. Басқасы басқа-ау, ана жылы Дүмшебай бастығым келгендегісі ше? Масқара!
Дүмшекең де қызық, жаңғалақтанып, қантын қырт-қырт тістеп, шайын сораптап отырған шалға тиіссін. «Жасыңыз нешеде?», «Осы жалғыз кемпіріңмен тұрып жатырсың ба?» «Жетпіске келсеңіз төсек жаңғыртатын жаста екенсіз» деп қай-қайдағыны қоңырсытсын келіп. «Әй, мына қырсық шалға бекер тиісті-ау, бір бәлені бұрқ еткізбесе жарар еді» деп қыпылдап отырмын.
Айтқаным айдай келді. Көзінің құйрығы қызарып, Дүмшекеңе анда-санда бір қарап қойып, шайын ысылдатып отырған шал бір мезетте:
– Өзің нешедесің бала? – деді. Ойбай-ай, облыстағы білдей мекеменің бастығына бала деді-ау.
– Отыз бестемін, – деп қалды Дүмшекең.
– Ә-ә, – деді шал.
– Әлден іш тастаған қапшыққа ұқсап қыржиып тұрғаның мынау, мен құсап 70-ке келгеніңде әкеңнің аузы ысылады әлі, – деп қойып қалды.
Ойы-бай, масқара-ай! Сұмдық-ай, Дүмшекеңнің екі беті талаурап кеткенін бір көрдім, одан арғысы есімде жоқ. Масқара-ай, масқара-ай! Өлім-ай. Ұлы Отан соғысында опат боп кеткір, қақпас-ай!
Бір қарасам Дүмшекең жоқ. Шал шайын ішіп отыр.
– Өлтірдің шал! – дедім өлімсіреп.
– Өлсе өлсін, – дейді шал. Кімді ақымақ қылғысы келеді?
– Ойбай, мені өлтірдің, – деп отырмын шалқаңнан түскір шал!
– Сен неге өлесің. Өлме, анау өлсін. Ал мен шалқамнан түскенде төрт құбылаң түгел болатын болса қазір маған у бер де өлтіре сал. Тап қана шешеңнің... – деп сорғалатсын келіп. Масқара-ай, шешем соны естіп шемішке шаққан құрлы көрмей ол отыр.
Қысқасы, сол ашумен қарттар үйіне екеуін тықтым да жібердім. Бар-р әйда! Әке-шешесін ертіп жүрген ешкім жоқ.
Қиқар шал көп ұзатпай қарттар үйінде жатып-ақ кіші жүгірмегіне қатын алып берсін. «Пенсиасын» көбейтіпті. Ойы-ба-а-ай, бақандай 17 мың! Милитса болған шал ғой.
Менің жұмысым баяғыда қысқарған. Қатын босамаса да бос. Ал кіші жүгірмек (інімді айтам) шалды қолына алып, 17 мыңды кертіп жеп, кекі-р-еп отыр. Ішім-ай, ішім-ай. Удай ашиды-ау.
Содан бағана үйіне бармаймын ба?!
– Не? – дейді.
– Әй, әтәңанағылет, әке менікі. Мен бұрын туғанмын. Шешек шыққыр, шешелеріңді тастап кетем. Әкемді әкетем, – деймін.
Ауру шал сөйлей алған жоқ. Ал ана екі көргенсіз бар ма? Ойпыр-май, қазіргі жастар үлкен сыйлаудан жұрдай ғой, жұрдай. Кет, кеттің астына алып қуып шыққаны. Ой, иттің балалары. Өлтіріп баратқан 17 мың ғой. Болмаса соларға әке не керек?! Емешектері құрып бара жатса екі жарым мың алатын шешелерін еміп отыра бермей ме?!
Ой, мен бәрібір қоймаймын. Сотқа берем, рэкет жалдаймын. Бір айлығын рэкетке берсем... Тіпті болмаса ана шалды туалетке шыққанда ұрлап әкетем. Ойбай-ау, 17 мыңды маған кім береді.
Әй, өзімде де ми жоқ. Менің басыма ат тепкен! Ана сұқсыр қатын маған есектің миын берген! Ойбай-ау, о шалда не көп, тамыр-таныс көп. Өлімінің өзіне облыс ағылады ғой. Сонда азасына түскен жүздеген мыңды ана көкбет келін санап отырады ма? Ойбай, ішім-ай...

К.АСҚАР
30 шілде 2019 ж. 581 0