Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫП-ҚЫЗЫЛ МАҢДАЙМЕН ЭФИРГЕ ШЫҚТЫМ...

ҚЫП-ҚЫЗЫЛ МАҢДАЙМЕН ЭФИРГЕ ШЫҚТЫМ...

Журналистика – талай талантты ұл-қыздардың бағын ашқан киелі де қасиетті мамандық. Мерзімді басылым, теле және радиожурналистика саласында қаламы ұшталып, бүгінде танымал жандардың қатарына енген жастар да баршылық. Осылардың бірі де бірегейі, көптің ықыласына бөленіп, «Евразия 1 арнасының» бет-бейнесіне айналған – Асаубек Әйімбетовті айтуға болады. Күн сайын «Бас­ты жаңалықтармен» елге бірінші болып ақпарат таратын маман, көрерменнің көзайыма айналып та үлгерді. Сымбатты бейнесі мен кәсіби шеберлегі ұштасқан тележүргізушімен елордада сәтті сұқбат құрған болатынбыз. Қалың оқырманның назарына ұсынуды жөн деп санадық.
– Асаубек, бүгін уақыт бөліп кездесуге келгеніңізге алғыс білдіргім келеді. Сізді отандық телеарнада жаңалықтар жүргізушісі екеніңізді білеміз. Жалпы, журналистика оның осы телевизия саласына келуіңізге не түрткі болды?
– Мен бала кезімнен осы мамандықты армандағам. Қателеспесем бірінші сыныпта оқып жүргенде-ақ күнде айнаның алдында өзімді тележүргізуші секілді сезініп, газеттер мен кітаптардан мәтіндерді оқып дайындалатынмын. Кішкентайымнан қызығушылығым басым болды. Жеті жасымнан бастап таңдауыма түрткі болған осы журналистика саласы үшін жаратылған маман шығармын деп те ойлаймын кейде (күліп). Ата-анам да қолдаған соң бағым жанды дей аламын.
– Қазір көптеген тележүргізуші билік­ке кетіп жатыр. Сіздің бұл туралы ойыңыз қандай?
– Иә, соңғы кездері әріптестерімнің түрлі биліктің функциясын атқаратын қызметтерге кетіп жатқанын көріп те, естіп те жүрмін. Әрине, бір орында тұрмай алға жылжу керек, бәсекеге қабілетті маман болу керек. Біз төртінші билік өкіліміз ғой. Билік өкілдерімен иық тіресе жұмыс істеу – жақсы көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін басқа да әріптестерге меніңше мотивация береді.
– Ал сіз ше мемлекеттік қызметке барасыз ба?
– Егер жалақысы жақсы болса ғана барамын (күліп).
– Журналистика саласын зерттеп жүрген ғалымдар мен сарапшылардың пікірінше, алдағы онжылдықта телевизия саласы жойылып кетуі мүмкін деген тұжырым жасапты. Сіздіңше телевизияның бүгінгі деңгейі қандай?
– Телевизияның жоғалып кетеді дегені мен үшін қаңқу сөз. Бір кездері театр пайда болды, бір кездері радио, телевидение пайда болды. Бірақ театрдан кейін кино өмірге келгенде адамдар театрдың көрермені жоғалған жоқ қой. Алдағы онжылдықта жойылмайтына сенемін. Себебі біз ресми ақпарат тарату құралымыз. Ал ғалымдардың бұл пікірі интернетте ақпарат тарату болса керек, халық жаңалықтардың уақытын күтіп отырмайды деп ойлаған шығар. Бірақ, біз келген оқиғаның тек ресми ақпаратын айтамыз. Мәселе болса жан-жақты талдаймыз, сараптама жасаймыз. Сондықтан, сіздің айтқаныңызбен келіспеймін.
– Жаңалықтар қызметінен бөлек қандай бағдарламаларды үзбей көресіз?
– Өзім бүкіл жаңалықтың ортасында жүргендіктен, жаңалықтарды қарамаймын. Бірақ, бос уақытымда украиналық «Орел и Решка» бағдарламасын қараймын. Көрермен де білетін шығар саяхаттау, түрлі елдердің дәстүрімен танысады бұл бағдарламада. Болашақта осындай бір хабар жасап, болмаса сценарийін жазу ойымда бар.
– Тележурналистке тән үш қасиетті атап өтіңізші?
– Ең алдымен шыдамдылық керек. Маман­дықты сүйдің екен, оның барлық қыр-сырын жақсы біліп, кәсіби шеберлігі мықты маман болу керек. Келесісі – еңбекқорлық. Соңғысына дипломатияны жатқызар едім.
– «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Бойыңызда біз білмейтін қандай қасиетіңіз бар?
– Бала кезімнен өлең шығарамын. Бірақ оны ешқайда жарияламаппын. Бұл қасиетті ішкі ойымды, жан дүниемді ақ қағаздың бетіне түсіргенде ғана пайдаланамын. Ақынмын деп қиялға беріліп кеткенді ұнатпайды екенмін.
– Тікелей эфир қас қағым сәт екенін білеміз және одан кеткен қателікті түзете алмаймыз. Эфирде отырған кезіңізде қызықты сәттіріңіз болған шығар.
– Эфир – адреналин, эмоцияға толы жер. Стресс те көп. Жарық пен телеарнада жүрген әріптестер біледі суфлер (кішкене экрандағы тележүргізуші сөзі) деген өшіп қалады. Қазір етіміз үйреніп кетті ондай күтпеген оқиғаларға тап болғанда, тығырықтан шығып кетеміз. Республиалық арна болғандықтан аймақтардағы тілшілермен тікелей қосы­лым­дарға шыққан бір бірімізді естімей жатамыз. Техника болған соң бәрі болуы мүмкін. Сондай оқиғаны бірі Ақтөбе қаласында «Рика» телеарнасында алғаш қызмет етіп жүргенімде, эфирде қасыма шыбын келіп қонды. Содан біраз әуре болдық, енді бірде жарық өшіп қалды. Мен орнымнан тұрып кеткем, сол жердегі сымдардың біріне аяғым ілініп кетіп маңдайым қып-қызыл жара болды. Сол жарамен жаңалықтарды жалғастыруға тура келді.
– Сізге телеарнаны мерзімді басылым­ға ауыстыруға мүмкіндік берілсе, не істер едіңіз?
– Шынымды айтсам, мүлде бұндай ой кел­мепті басыма. Егер мүмкіндік берілсе, халық, оқырманның көңілінен шығатындай дүниелер жазар едім.
– Болашақта Қазақстанды қалай елестетесіз?
– Біз осы уақытқа дейін түрлі қиын-қыстау замандастардан өткен елміз. Егемендігіміз мәңгілік болып, қазақстанның әрбір азаматының жағдайының жақсаруын көргім келеді. Біздің ақпарат саласы мамандары осындай дамыған елде ешбір қиындықсыз жұмыс жасап, елдің ықыласына бөлене берсе. Елбасын айқындап берген сара жолдан таймай жүрсек, біз алмайтын белес жоқ. Біз тек жағымды жаңалықтармен көрермен көңілінен шыға берейік.
– Асаубек, сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Майя ҚОЖАБАЙ
27 шілде 2019 ж. 616 0