Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БРОНЕПОЙЫЗДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ

БРОНЕПОЙЫЗДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ

– Соғыс туралы айт дейсің, ә. Жарайды. Дегенің болсын, айтайын. Бірақ оның саған керегі қанша? Қария мені жаңа көргендей шұқшия қарады. Сосын салалы саусақтарымен басын сипап, кеңкілдеп күліп алды. – Әрине, сендер үшін соғыс – ертегі, соғыс – аңыз, кино секілді. Ал біз болсақ... Ол ұзын-сонар әңгіме басталмас бұрын орнынан қозғалақтап, жөнделіп отырды.
–– Бізді соғысқа 1943 жылы март айында шақырды. Біраз жігіт 1 май ауылынан аттанып кете бардық. Алдымен Ақмолада снайперлік курсты тәмамдап барып, ротный минометшілікке оқыдық. 2-3 айдан соң алдыңғы шепке алып кетті. Эшалонда келе жатып, кенет аяғым ауырып, Муром деген станцияда санчастқа тастап кетті. Сөйтіп, мен жерлестерімнен, достарымнан көз жазып қалдым. Сол жерде біресе 1-ші, біресе 2-ші госпитальда емделдім. Аяғыма операция жасады. Арада тағы да 1-2 ай уақыт өтті. Бір күні жауынгерлер сапқа тұрып, әлдекімдер келіп жазып жатты. Сапта тұрғандар өзім құралпылар. Сұрап едім «Покупатель келіп, Бронепойызға солдат алып жатыр» - деді. Бронепойыз деген не? деймін. «Ол Ленин көкеңнің пойызы» деген жауап алдым. Бір ойым «жаман қазақты бронепойыз қайтсін» десе, енді бір ойым «бағыңды сынап көрсейші» дейді. Сөйтіп, мен де сапқа тұра қалмаймын ба? Міне қызық, мені әлгі құрамға алды. Алмас бұрын сұрақты қарша боратты:
– Қарғисың ба?
– Қарғимын.
– Ата аласың ба?
– Атамын.
– Жүгіре аласың ба?
– Жүгіремін.
Сонымен не керек, 37 отдельный дивизионның құрамында Рузаев­када 76 мм артиллерияның 1 наводчигіне оқып бітірдім. Арнайы көлік жоқ, көрінген пойызға жабысып келеміз. Киевке келгенде қарша бораған оқ пен снарядтың, бомбаның астында қалдық. Ол жерден де аман өтіп, Бессарабия жеріне жеттік. Молдавияға. Днестрдің жағасы. Окнс стансасында бронепойыз тұр екен. Соған барып орналастық. Зеңбірекшілерге снаряд әперуші болдым. Айналам толған орыс. Нан сұрар хал жоқ.
Бір күні бір капитан келіп, «бес күннен соң келіп экзамен аламын, дайындал» деп кетті. Дайындалған болдым. Айтқан мерзімде капитанда келді. Тапсырма 37 миллиметрлік зеңбіректі белгіленген уақытта бұзып, жинау. Бұздым, жинадым. Көрсетілген мерзімнен 2 минут бұрын. Қимылымның ширақтығына, шалттығына және ұқыптылығыма риза болған капитан арқамнан қағып, «жарайсың» деді, бір жапырақ қағазға «үздік» деген баға қойды. Есесіне қасымдағы орыс жігіттерін жерден алып, жерге салды. Шамасы «Жаман қазақтан қалғанша жер басып жүрмеңдер» дейтін болуы керек. Сөйтіп, жалғыз қазақ 1-ші наводчик болып шыға келдім. Орыс тілін етене жақын білмесем де ыммен, қимылмен түсінісіп кеттік. «Арпа ішінде бір бидай» деп өзім күліп қоямын кейде. Василий Васильевич Трофимов, атын ұмыттым Честунин деген кәрі орыстар ерекше ықыласпен қамқор болып жүрді.
Бірде Бухарестке кірерде кескілескен ұрыс болды. Біздер көбіне 700 метрден немесе 10-11 шақырымнан белгіленген обьектіні, жау шебін атқылаймыз. Рельспен жүретін бронепойыздың көп мүмкіндігі де жоқ болатын. Біздерге сосын жау самолеттері қайта-қайта шабуыл жасайтын. Ондайда, мойын бұрғызбас ауыр шайқастан есеңгіреп те қаласың. Сол Бухарест үшін кескілескен шайқаста жау самолеттері үстін-үстін шабуыл жасады. Біздің зеңбіректеріміз міне, былай орналасқан ғой, – ол екі қолдың саусақтарын бір-біріне айқастырып көрсетті. Жүзі алабұртып бүртүрлі әсерленіп алыпты. Бейне сол қырғын соғысқа енді кіргелі тұрған секілді.
– Әуе шабуылына тойтарыс берген кезде сәл тыныстадық. Кім қай самолетті атып түсірді? Оны ажыратып жатқан жан жоқ. Біреулер құмарлана махорка тартса, енді біреулері екі қолды тас төбесіне қойып ой тұңғиығына шомған. Кім білсін, бір сәт аяулы жарын, сүйікті балалары мен бауырларымен қауышып жатқан болар. Ал мен болсам өзімнен-өзім ешкімде шаруам жоқ, ыңылдап «Көзімнің қарасын» әуелете жөнелдім. Лезде айналама солдаттар жиналып қалыпты. Әуен ұнаған секілді. Сережа қолын сырнайға созды. Кенет гуілдеген самолет үні алыстан талып естілгені сол, лезде жақындап келіп қалды. Аласапыран қайта басталып кетті. Сол күні үш-төрт мәрте әуе шабуылына төтеп берген біздер талай немістерді жер жастандырғанымыз рас. Бірақ барлық мадақтау мен марапаттауларды сол баяғы «ұлы» ұлт өкілдері алып жатты. Ал мен болсам барым – жоғым белгісіз елеусіз ғана көптің бірі болып жүрдім. Тек арада біршама уақыт өткенде Бухарест үшін болған сол шайқаста «Ерлігі үшін» медальді сол көптің бірі ретінде омырауға таққаным бар. Мен соғысты Баку қаласында аяқтадым. 1948 жылдың март айында дін аман елге оралдым...
– Аға, соғыс... Ол менің сөзімді бөліп, қолын сермеді.
– Тоқтай тұр, соғыс 1945 жылы бітті. Осынша уақыт қайда жүрсің демекшісің ғой. Біздерді Житомирге келген соң жан-жаққа таратты. одан Черновицкаға дейін келдік. ал Рузаевкада бейбіт күнгі әскер қатарында қызмет еттік. Айтпақшы, ұмытып барады екем, Житомирде көбірек жүріп қалдым. Сол жерде санчасте бас дәрігер болып бір орыс қызы жүрді. Аздап қазақ тілін біледі. Өзі Қызылордалық. Менің Сыр бойынан екенімді біліп іш тартып жүрді. Бір күні тамақтан соң дем алып отыр едім.
– Ей, азият тебе не надоело служить? Не хочешь вернутся домой? - деді біреу сырт жағымнан келіп. Сөздің түп-төркінін түсінгеніммен тұшымды жауап қайтара алмай ойланып қалдым. Сәлден кейін: – Ох, наелся – деппін. Айналам қыран-топан күлкі. Жауынгерлер мәз-мейрам, бірі арқамнан қақса, енді бірі жалбыраған шашымнан жұлқылап жатыр. Содан бастап елге қайтсам деген арман, ағайын-туысқа, туған жерге деген сағыныш үнемі мазалайды да тұрады. Оның сәті тек 1948 жылы түсті. Ондада әлгі Қызылордалық орыс қызы көмектесті...
Қария да мен де үнсіз отырмыз. Әлден уақытта ручка, қағазымды көріп:
– Айналайын-ау, жазып отырмысың, оны қайтпексің пәлендей ерлік жасағаным жоқ, әйтеуір көптің бірі болып жүрдік қой. Тіпті неше самолет атып түсіргенімді санаған адам жоқ. Ол кезде жаспын. «Отан үшін, ел үшін» деп қан төктік. Қария сөйлеп отыр. Мен ойланып қалдым.
– Пәлі деймін іштей, пәлендей ерлік жасау міндет пе еді ол кезде. Ең бастысы ел үшін, Отан үшін қан төктіңіз. Көгілдір аспан төрінен жасындай жарқыл қағып, жау ұясына ажал оғын септіңіз. Бақайшағына дейін қаруланған фашист әскерлерінің тегеурініне төтеп беріп, қасқая қарсы тұрдыңыз. Осыдан артық қандай ерлік керек. Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына, 50 жылдығына арналған мерекелік медальдардан басқа да құрметтеу, марапаттаулар сіздің сол ерліктеріңізге өлшем бола алмас, бірақ келер ұрпақ үшін қанды қырғынға араласып, тар жол тайғақ кешулерде жігеріңізді жанып, жеңіс күнін жақындаттыңыз. Міне, ерліктің үлгісі осындай-ақ болар. Бағанадан біздің әңгімемізге арқау болған Бәкір Жақыпбекұлы сонау отты жылдары жау шебіне ажал оғын себелеген бронепойыздағы жалғыз қазақ, міне осындай адам.
Қазір ол кісі бақилық болғалы да бірталай уақыт өтті. Жазу дәптерімде қалған жазбаны қайта жаңғыртқандағы мақсатым – қай майдагерді еске ала отырып, өзінің қоңырқай тірлігімен өмір сүрген «анау керек, мынау керек» деп есік қақпаған сырбаз да салмақты, парасат пайымы биік жауынгердің ерлігін жастарға үлгі ету. Бұл – біздің парызымыз.

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
23 шілде 2019 ж. 586 0