Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түрмеде жазылған әйгілі 7 кітап

Түрмеде жазылған әйгілі 7 кітап

Бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі, қызмет өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталған Эльмира Суханбердиева тұтқында өткізген 34 күнінде кітап жазып тастағаны туралы айтып, ақпараттық кеңістіктің шулатты да қойды. 10 шілдеде "6 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуі тиіс" деп үкімі оқылған экс-шенеунік "Кітабым жақында шығады. Атауы - "Түрме вице-министрдің көзімен"... Жариялағысы келетін баспалар қазірден қызығушылық танытып, хабарласып жатыр", - деді.
PR-маман, аудармашы Дінмұхамед Зиядин арғы-бергі тарихтағы түрмеде жазылған атақты шығармаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.

Мигель де Сервантес, “Дон Кихот”

1597 жылы испан жазушысы Мигель де Сервантес қазына қаржысын орынсыз жұмсады деген айыппен түрмеге түсіп қалады. Осының алдында ғана ол Король әскеріне интендант болып жұмысқа тұрған болатын. Міндетіне берешек жинау және Жеңілмейтін армадаға арнап провиант сатып алуға кірген екен. Алайда Сервантес қызметін дұрыс атқара алмай қиналады. Мемлекет сеніп тапсырған қаражатты әлдебір банкирдің қолына ұстатады, алайда ол жазушыдан ақшаны алған бойда қашып кетеді. Сервантес сотталып, түрмеге түседі.
Қамақта отырған жазушы “Ламанча айлакері идальго Дон Кихот” атты романның алғашқы нобайын қағаз бетіне түсіріп, атын әлемге танытатын шығарманы жазуға кірісіп кетеді.
Роман 1605 жылы жарық көріп, қуғын-сүргінге ұшыраған авторына абырой-бедел, бақ-дәулет сыйлапты. Кітап сатудан түскен ақшаның арқасында Мигель де Сервантес қарыздарынан құтылып, тұрмысын дұрыстап алған екен.

Грегори Дэвид Робертс, “Шантарам”

Австралиялық Робертстің атақты жазушы болып, әлемге әйгілі бестселлер авторы атанғаны бертінде ғана. 2003 жылы “Шантарамды”шығарғанға дейін ол нашақор, ұры және қашқын ретінде белгілі болған.
Екінші рет түрмеге түскен Робертс басынан өткен оқиғаларды сипаттайтын шығарма жазуға отырады. Автордың 10 жыл бойы Үндістанда қашып-пысып жүріп өткізген күндері туралы әңгімелейтін “Шантарам” миллиондаған данамен әлемге таралып, иесіне қап-қап ақша әкеледі.

Маркиз де Сад, “Содомның 120 күні”

Донасьен Альфонс Франсуа де Сад “қарғыс атқан” жазушылар қатарына кіреді. Бұл күндері порнография және эротика жанрларындағы шығармаларымен танымал және “садизм” деген терминге атау сыйлаған маркиз де Сад тірі кезінде де секске қатысты алуан түрлі дау-жанжалдың бел ортасында жүрген екен. XVIII ғасырдағы француз заңдары қатаң тыйым салған зинаның түрлі форматын әдетке айналдырған жазушы қуғынға ұшырап, Бастилияның камерасына қамалыпты.
Түрмеде өткізген жеті жыл ішінде де Сад порнография бағытындағы бірнеше роман, түрлі повесть пен әңгіме жазып, оларды камерадағы бір қуысқа тығып ұстаған екен. Туындылардың қатарында атақты “Содомның 120 күні” кітабы да бар. Автордың өзі бұл шығармасын “бұрын-соңды айтылған хикаялардың ішіндегі ең ласы” деп атапты.
1789 жылы маркиз Шарантондағы емханаға ауысады. Ал 10 күннен кейін Париж тұрғындары көтеріліске шығып, Бастилияны “құлатып”, өртке орайды. Де Садтың камерада қалған еңбектері солайымен жанып кетеді, тек “Содомның 120 күні” аман қалады.
Айтпақшы, бұл шығарманың түпнұсқасы ұзындығы 12, әлде 20 метр болатын дәретхана қағазына жазылған екен.

“Жер-жиһанның ғажайыптары кітабы” немесе “Марко Полоның кітабы”

Италияның әйгілі саяхатшысы Марко Поло Қытайдағы сапарын аяқтап, отанына оралған соң Генуя мен Венеция арасындағы соғысқа араласады да, Курцоладағы теңіз шайқасы кезінде тұтқынға түсіп қалады. Түрмеде Марко Поло рыцарьлар туралы романдар жазатын пизалық Рустикелломен бір камерада отырады.
Марко Поло жазушыға Азияның экзотикалық елдеріне жасаған саяхаты туралы әңгімелеп береді. Жиһанкездің басынан кешірген оқиғалары қатты әсер еткен Рустикелло естіген-білгенін толық қағазға түсіріп алады.
Біздің заманымызға “Жер-жиһанның ғажайыптары кітабы” сан рет өңделіп барып жетті. Шығарма 1276-1291 жылдар аралығындағы Марко Полоның Азия мен Африкаға жасаған саяхатын сипаттайды. Өтірік пен қате деректерге, ойдан шығарылған оқиғаларға толы болғанына қарамастан бұл еңбек ең үлкен сұранысқа ие кітаптардың тізімінен орта ғасырлардан бері түскен емес.

О’Генри, “Әңгімелер”

Уильям Сидней Портер атты АҚШ тұрғыны елдің оңтүстігіндегі Техас банктерінің бірінде кассир болып жұмыс істейді. Қолы бос кезде ол The Rolling Stone атты әзіл-сықақ журналын шығарып, жеке шығармашылығымен айналысады. Алайда “қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады” дегендей журнал жабылып қалады, Уильямның өзі “ақша жеді” деген айыппен жұмыстан шығарылып, істі болады.
Биліктің құрығынан құтылмақ болған Уильям қашқын атанады. Бірақ көп ұзамай қолға түсіп, түрмеге қамалады.
Төрт қабырғаға телмірген ол өзіне О’Генри атты лақап ат ойлап тауып, “Дик-Ысқырушының Рождество сыйлығы” деген алғашқы әңгімесін жариялайды.
Айтпақшы, лақап ат түрменің Ohio Penitentiary атауынан шыққан деген нұсқа бар.

Томас Мэлори, “Артурдың өлімі”

Орта ғасырларда өмір сүрген ағылшын жазушысы Томас Мэлори туралы дерек аз. Білетініміз – рыцарь болған, Алқызыл және Ақ раушандар соғысында граф Уориктің жағында соғысқан. Герцог Бекингемнің иелігіндегі жерлерді тонап, әлденеше рет әйел зорлағаны үшін Максток қамалындағы түрмеге түседі. Бір рет қашып та кетеді. Бірақ ұсталып, өмірінің соңғы 20 жылын темір тордың ар жағында өткізеді.
Қамауда отырып Мэлори “Артурдың өлімі” атты кітап жазуға кіріседі. Алуан кельттердің түрлі мифін, халық аңыздарын және рыцарьлар туралы романдарды өңдеп, қайта жазып, король Артур мен Дөңгелек үстел серілері туралы ең ауқымды еңбек әзірлейді.
Сэр Томас Мэлори болмағанда бүгінде талай авторға азық болып, әлемдік кино, музыка, әдебиет, мәдениеттегі ең атақты кейіпкерлердің біріне айналған король Артур сол белгісіз күйі қала беруі де мүмкін еді.

Оскар Уайльд, “Тұңғиықтан”

1895 жылы Оскар Уайльд тұтқынға алынады. Себеп – лорд Альфред Дугласпен көңіл қосуы. Екеуінің гомосексуал қатынасы заңға қайшы деп танылып, жазушы Рединг түрмесіне екі жылға қамалады.
Қоғамның аяусыз сыны, жақындарының теріс айналуы, сотта көрген қорлығы, кітаптарының айналымнан алынып тасталуы – осының бәрі Оскар Уайльдты есеңгіретіп жібереді. Бар ыза-наласын жазушы сотқа келмеген, қиын сәтте қасынан табылмаған сүйіктісі Альфред Дугласқа арнап жазған хатында көрсетеді. Бұл оның соңғы шығармасы болды. 1900 жылы түрмеден шыққан соң Уайльд бірден Францияға кетіп, сол жақта көз жұмады. Хаттың өзі 1904 жылы “Тұңғиықтан” деген атаумен неміс тілінде жарық көреді.
(Иллюстрация: Dribbble.com ©Erick M. Ramos)

baribar.kz
16 шілде 2019 ж. 525 0