Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйде тез дайындалатын жеңіл салаттар рецепті

Үйде тез дайындалатын жеңіл салаттар рецепті

Кенеттен үйіңізге қонақ келіп қалды ма? Немесе тым жұмысбастылыққа салынып, асүйдегі шаруаларға қолыңыз тимей жүр ме? Ендеше, қам жемесеңіз болады. NUR.KZ порталы асүйдегі қыз-келіншектерге арнап, тез әзірленетін әрі жеңіл бірнеше салаттың рецептісін ұсынады.
Сонымен, кеттік...
Сарымсақ қосылған қияр салаты
Дәруменге толы салаттың бұл түрін әзірлеу үшін көп уақытыңызды жұмсап, әуре болмайсыз. Дайындалу жолы оп-оңай. Сізге 500 грамм қияр, 3-5 тіс сарымсақ, 1 бума аскөк, 1/2 лимон мен қалауыңызға қарай ас тұзы мен қара бұрыш қажет.
Алдымен қиярды жақсылап жуып алыңыз. Оны дөңгелек пішіндес етіп орташа қалыңдықта турайсыз. Шамамен 0,5 сантиметр болғаны жөн. Ал сарымсақты қалауыңызға қарай ұсақтауға болады. Көбіне сарымсақты үккіштен өткізіп жасайтындар жиі кездеседі. Дегенмен ол уақытыңызды алады десеңіз, жұқартып турап шығуға болады. Аскөкті де ұсақ етіп турап алыңыз. Бір дана лимонның жартысынан алынған шырынмен араластырып шығыңыз. Салатқа қосылатын майды аздап құюды да ұмытпаңыз. Кейін қалауыңызға қарай ас тұзы мен қара бұрышпен араластырыңыз. Салатыңыз дайын болды. Оны дастарханға қоймас бұрын жарты сағатқа тоңазытқышқа салсаңыз, дәмі ерекшелене түседі. Айтпақшы, қыстың қамын жаз ойла демекші, салаттың бұл түрін консервілеп банкі ретінде жабуға да болады. Ол үшін жарты литрлік банкіге бір ас қасық сірке қышқылын құйыңыз. Бұл кезде салатқа қосылатын майды араластырудың қажеті жоқ.
Тұздалған қияр араласқан картоп салаты
Тойымды әрі дайындалуы да оңай салаттың бұл түрі ерекше тіл үйірерлік дәмге ие екені сөзсіз. Ол үшін сізге 4 дана картоп қажет. Оның қабығын тазалап аршып, ыдысқа салыңыз. Үстіне су құйып (картоп суда батып тұруы тиіс), бір шай қасық тұз себесіз де отқа қоясыз. Шамамен 15-10 минуттай пәсеңдетілген отта қайнатылған соң суын төгіп, тағы да қақпағын жауып отқа қалдырыңыз. Шала піскен картоп 10 минуттай бұқтырылуы тиіс. Мұнан соң картопты кубик етіп турап, тұздалған қиярмен араластырыңыз. Ол үшін сізге екі дана тұздалған қияр қажет болады. Қиярды жұқалап тураған дұрыс. Оның үстіне ұсақтап туралған 10-12 тал аскөкті сеуіп шығыңыз. Талғамыңызға қарай қаймақ құйыңыз.
Қызылша салаты
Қызылша салатының адам денсаулығына аса пайдалы екенін баршамызға белгілі. Ендеше, жеңіл тағамның бұл түрін неге күнделікті тамақтану рационыңызға қоспасқа?
Сарымсақ араласқан қызылша салаты көп шығынды да қажет етпейді. Асүйіңізден 3 дана қызылша, 5 түйір сарымсақ пен 3 ас қасық майонез және қалауыңызға қарай ас тұзы табылса болғаны. Бұл төрт порция салат әзірлеуге жетеді.
Алдымен, қызылшаны шамамен 40 минуттай отта қайнатып алыңыз. Егер қызылша жұмсармаса, әрмен қарай қайнатуды жалғастыра беріңіз. Піскен соң оның қабығын аршып, орташа қалыңдықтағы үккіштен өткізіңіз. Сарымсақты да үккіштен өткізу қажет. Кейін талғамыңызға қарай ас тұзын қосып, майонезбен жақсылап араластырып шығыңыз. Дайын салатты бір сағатқа тоңазытқышқа салсаңыз, дәмдірек бола түседі.
«Минутка» салаты
Бар-жоғы он ғана минут уақытыңызды алатын салаттың бұл түрі бір қарағанда әзірленуі қиын секілді көрінеді. Ал шын мәнісінде олай емес. Ол үшін сізге 2-3 дана қызанақ, 1 тіс сарымсақ, 1,5 ас қасық майонез, 50 грамм кептірілген нан (сухарики) мен талғамыңызға қарай қара бұрыш және ас тұзы, ірімшік, аскөк пен салат жапырақшалары қажет.
Қызанақты жасылап жуып алған соң қалауыңызға қарай тураңыз. Тым ірі немесе тым ұсақ болмағаны абзал. Мұнан соң ірімшік пен сарымсақты бөлек үккіштен өткізесіз. Кейін ас тұзы мен қара бұрышты қалауыңызша сеуіп, барлығын мұқият араластырыңыз. Аскөкті де араластыруға болады. Соңында кептірілген нанды бетіне қойып шығыңыз. Себебі нан дымқылданып, езіліп кетпеуі қажет. Ыдысқа салмас бұрын астына салат жапырақшаларын төсесеңіз, тәбетті ашарлықтай кейіп береді.
Орамжапырақтан жасалған жеңіл салат
Орамжапырақ асты қорытып қана қоймай, артық салмақтан арылуды ойлап бас қатырып жүргендер үшін таптырмас көкөніс түріне жатады. Ендеше, неге салат әзірлемеске? Төрт порция салаттың бұл түрін әзірлеу үшін сізге көлемі кішірек бір дана орамжапырақ, 2-3 дана қызанақ, 2-3 дана жұмыртқа, 1 бума аскөк, 2-3 ас қасық өсімдік майы немесе қалауыңызға қарай тура сондай көлемде майонез және ас тұзы қажет. Ең бірінші жұмыртқаны қайнатып алыңыз. Піскен соң қабығын ашып, кубик пішіндес етіп тураңыз. Кейін орамжапырақты ұзынша етіп ұсақтайсыз. Аскөкті тіптен ұсақ етіп, ал қызанақты ұзынша немесе кубик етіп тураған абзал. Көкөніс майын немесе майонез және ас тұзын сеуіп, жақсылап араластырыңыз. Дәруменге толы салат дайын. Асыңыз дәмді болсын!


kaz.nur.kz
11 шілде 2019 ж. 2 191 0