ҚАЛАЙ ЖҰМЫСҚА ТЕЗ ОРНАЛАСУҒА БОЛАДЫ?
Алғашқы әңгімелесуден қалай жақсы өтуге болады? Өзіңді қалай ұстаған дұрыс? Сұхбаттасу барысында нені әңгіме ету керек? Міне, осы сұрақтар жұмыс іздеушілерді әбігерге түсіретіні анық. Жауап бермес бұрын, алдымен әңгімелесу кезінде жіберілетін олқылықтарға мұқият болған дұрыс.
Әңгімелесу дегеніміз- жұмыс берушімен жұмыс іздеушінің арасындағы қызметтік кездесу. Кездесу кезінде компанияның болашағы туралы, мансап, жұмыс тәжірибесі сөз етіледі. Сондықтан қойылатын барлық сұрақтарға әзір болу керек. Әңгімелесуден жақсы өтіп, жұмысқа тез тұрып кету үшін бірнеше кезеңдерге алдын ала дайындалған абзал.
Жұмыс берушімен телефон арқылы сөйлесу.
Телефонмен сөйлесу – бұл сіздің жұмыс берушімен ең бірінші жеке қатынасыңыз болғандықтан осы кезеңде жақсы әсер қалдыру маңызды. Тіпті кездесуді хатшы қыз белгілесе де, ол тікелей басшысына немесе әңгімелесу өткізетін адамға сіздің әңгімелеріңіз қалай өткенін міндетті түрде айтып береді. Сізбен әңгімелесуді кім өткізетінін, оның аты-жөнін біліп алыңыз. Сондай- ақ мекеменің мекен- жайын толық сұрап алып, кездесуді белгілеңіз.
Кешігуге жол бермеңіз.
Әңгімелесуге кешігіп бармаңыз. Егер сіз небәрі 5 минутқа кешіксеңіз кездесу болмауы да ғажап емес. Маңызды кездесуге уақытысында келмеген қызметкер, ертең күнделікті жұмыс кезінде қалай үлгіреді деген ой туу мүмкін. Сондықтан үйіңізден ерте шығып, уақытысынан бұрын келсеңіз күте тұрыңыз.
Сыртқы киіміңізге мән беріңіз.
Сіздің сыртқы келбетіңіз үлкен рөл ойнайтынын ұмытпаңыз. Кездесуге дұрыс киініп, үсті басыңызға тиянақты болыңыз. Қалай болса солай емес, іскер костюм кигеніңіз дұрыс. Өйткені сізге деген көзқарас жақсы болуы тиіс. Тым қарапайым немесе тым ашық киімдерді үстіңізге ілмегеніңіз абзал. Қыз келіншектер әдемі боянып, ал ер адам болса сақал мұртын қырып, шашын жуып ретке келтіріп бару керек. Аузыңыздан жағымсыз иістің болмауын қадағалап, үстіңізге әтір сеуіп барыңыз.
Өзіңізге сенімді, әрі психологиялық дайындықтан өтіңіз.
Сұхбаттасу барысында өзіңізге сенімді отырыңыз. Сонымен қатар жұмыс берушіге жиі- жиі жымиып қойсаңыз артық етпейді. Ол сіздің сыпайлығыңызды білдіреді. Артық әңгімелер, дөрекі сөздерге жол бермеңіз. Сұрақтарыңыз болса қысылмай, қорықпай қоя беруге болады. Жұмыс берушінің көзіне тік қарап сөйлеңіз. Әңгімелесуге келеріңізде міндетті түрде түйіндемеңізді, диплом, сертификаттарыңызды алып келуді ұмытпаңыз. Жұмыс берушінің сұрақтарына мүдірмей, қобалжымай жауап беріңіз. Сол үшін алдын ала психологиялық дайындалыңыз. Бұл сынақ емес. Тек екі адамның кездесуі.
Қызмет орны сіз үшін қаншалықты қызықты?
Дәл осы сұрақ маңызды. Ұсынылып отырған орын сізге лайықты ма? Сіздің қолыңыздан келе ме? Талаптарына сай келесіз бе? Көптеген мамандар осы тұста қателесіп жатады. Егер бұл вакансия ойыңыздан шықпаса, өзіңіздің де, өзгенің де уақытын алмай бас тартқаныңыз дұрыс. Сондай- ақ мекеменің болашағы жоқ, келешігінен үміт күтпейтін болсаңыз тезірек қоштасыңыз. Дегенмен таңдау өз еркіңізде. Іске сәт!
Дереккөз: Reactor