Тұғырлы тұлға
Әби Сарқыншақов 1934 жылдың 11 мамырында ауданға қарасты Қызыл ту, қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. Сол кездегі М.И.Калинин атындағы №35 мектептің түлегі. 1956 жылы Павлодар теміржол станциясына жұмысқа келеді.
Ол кезде жолдама деген болады. Жоғарғы оқу орны қайда жіберсе сонда барасың. Таңдау еркіндігі деген жоқ. Павлодар өңірінде жаңадан құрылып жатқан шағын ғана теміржол ұйымында еңбек жолын бастаған ол осы жерде «тұрақтап қаламын» деп мүлде ойлаған жоқ.
Қарапайым қызметшіден бастаған жол біртіндеп жоғарылай берді. Бұл жол – үйрену, тәжірибе жинау, білімін, білігін ұштау жылдары болды.
Әби аға жайлы жазайын деп қолыма қалам алғанда не жазарымды білмей біраз тосылып, отырып қалдым. Ол кісінің өзі туып-өскен аймаққа тигізген пайдасы, қамқорлығы жайлы көзі қарақты оқырман онсыз да біледі. Кешегі тоқырау жылдары ауылдастарына вагон-вагон көмір, ағаш жібергенінен басқа Батыс өңірінен малдың қыстық жем-шөбін тасу үшін де тасымалға вагондар жібергенін жұрт біледі.
– «Тұрғын үй – 91» бағдарламасын іске асыру үшін ауданда құрылыс жұмысы басталды. Сол кезде Әби аға құрылысқа қажетті ағаштан көмектесіп еді, – дейді асқарлық ағайын. “Небәрі 25 жасында Павлодар темір жол стансасын басқарып, генералдық атағын алған жерлесімізді, әсіресе тың теміржолының Павлодар бөлімшесін ұзақ жыл басқарғандығы, әлі де түрлі қызметтер ұсынып орталарынан жібермей отыруының сыры неде?” – деген сұраққа жауап іздедім. Қолымда ағаның «Люди и встречи» кітабы. Оның алғы сөзін сол кездегі КСРО-ның жол байланыс министрі, академик Н.Конарев жазыпты. Сол кітапта аға өзінің балалық шағын еске ала отырып, ата-анасы оның агроном болғанын қаласа, ұстаздары болашақ арманының іске асуына себепші болғандығын айтады.
– Өзім ес білгелі теміржолшы болу арманым болатын. Үйдің қасынан күндіз-түні тоқтаусыз өтіп жатқан составтарға қарап отырып, машинистерге қызыға да қызғана қараушы едім. Мен үшін бұл қол жетпейтін арман секілді көрінетін. Бірақ, аяқ астынан “журналист боламын” деп шештім. Сөйтіп, қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсуге іштей дайындалып жүрдім. Бірақ, мектеп директоры О.Адамбаев пен класс жетекшім Н.Уәлиев бұл ойымнан қайтарып, Ташкенттегі теміржол институтына түсуіме ықпал етті. Ол кезде Ташкенттің өзінде 15 жоғары оқу орны болатын, – дейді автор өзі жайлы.
– Иә, КСРО-ның дәуірлеп тұрған кезінде өзге елде оқу оңай емес-тін және оқу орыс тілінде жүретін. Жүре келе бұл оқу орнының салмағын, ондағы берілетін білімнің деңгейін, сол кездегі теміржолшы мамандығының жоғары дәрежеде бағаланатынын білдім. Менің ұстаздарымның көрегендігіне, олардың осы саланы таңдауымды қалағанның сырын сонда түсіндім, – дейді.
Түсуін түскенмен институт қабырғасында оқу оңай емес еді. Оқу процесі орыс тілінде жүреді. Оқытушылардың бәрі дерлік орыс ағайындар. Осы тұс Әби аға өзін-өзі қамшылап, сабақтан тыс уақытын тіл үйренуге арнады. Түрлі үйірмелерге қатысты, бос уақытын кітапханада өткізуге тырысатын. Сөйтіп, институт өміріне төселіп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
Жас жігіт спорттық жарыстарға да үзбей қатысатын. Ол әсіресе, «Локоматив» баскетбол командасында ойнап жүргенде 1954 жылы республикалық біріншіліктен кәсіподақтар комитетінің грамотасымен марапатталды. Ол, 1955 жылы Ташкент қаласы құрама командасының сапында Өзбек ССР-нің чемпионы атанды.
Ағаның көп жылғы архивінде университеттің көп тираждық қабырға газетінде жарияланған тырнақалды мақалалары сақтаулы тұр. Ал 1956 жылы институтты бітіріп, Павлодарға келгенде ағаның нағыз теміржолшыға тән ауыр да қызықты өмірі басталып кетті.
– Бірден инженерлік лауазымды алуыма болатын еді, – дейді ағаның өзі бізбен әңгімесінде. – Бірақ Павлодар теміржолының кезекшісі бола жүріп, мамандықтың қыр-сырын толық игеруді жөн санадым. Осы өңірде өткізген алғашқы қыс әлі есімде. Өзім оңтүстікте туып-өскендіктен, одан кейін Ташкенттегі студенттік жылдарым – қыстың осыншалықты суық болатынынан мүлде бейхабар болатынмын. Басында баспана болмағандықтан вагонның бір бұрышын паналадым. Ортадағы «буржуйка» пешінен от кетсе жаны қоса кететін. Өне бойы ақтүтек боранмен арпалысып, шойынжолдың бойында өткізген күндерім мені жасытқан жоқ. Қайта мақсатқа жетуіме итермеледі, қыстың суығында – шыңдалдым, теміржолдың құрыштай қуаты бойыма жігер берді, – деп толғанады.
Әби ағаның сөзі байыпты, әр басталған істі аяғына жеткізбей тынбайтын табандылығы жайлы тым көп айтылды. Және өз ойын бүкпесіз ашық айтуды жаны қалайды. 1999 жылы теміржол тарифін көтеру туралы республика төңірегінде үлкен әңгіме болғанда өз пікірін ашық айтып, «теміржол ғана ауыртпалықты арқалауға тиісті емес» деп биік мінберден сөз сөйлеп, баспасөз бетінде ой тастаған еді. Оның белсенді әрекетінен салаға деген жанашырлығын, теміржол ісінде тереңнен толғайтын талғамның да жоғары екенін аңғарасыз.
Әби ағаның белсенділігі тек сол саланың айналасындағы мәселемен шектеліп қалмаған. Ол экология мәселесінде де шетін жағдайлардың оң шешілуіне ықпал етіп отыратын. Мысалы, 1995 жылғы «Қазақстан теміржолы» газетінде жарияланған «Тапсырыс беріледі, бірақ орындалмайды» атты мақаласында теміржолдың Ертістің Павлодар өңірінің экологиялық тазалығына қатысы сөз болады. «Дизель отынымен жұмыс істейтін локомотивтер, сөз жоқ паравоздардан озық. Бірақ оның қоршаған ортаға келтіретін зияны жоғары. Өкінішке орай, локомотивтердің түтінділігін өлшейтін қондырғы күні бүгінге дейін жетіспейді, – деп Павлодар-Екібастұз аралығын тез арада электрлендіру қажеттігін айтады.
Мұнан бөлек, теміржол саласының майталманы жас мамандарға білім беру, рухани қазына – кітапхана ісін жандандыру ісіне де ой қосады. Білім қуған оқушылар мен студенттер мамандық сырын ашатын әдебиеттерді іздеп баратын орны – кітапхана. Осы мекемелерде теміржол саласы жайындағы кітаптар да азайып келеді. Жолымызды жалғастыратын жас ұрпақтың білімі мен тәжірибесі мол болу үшін салалық кітапханаларын қажетті әдебиеттермен толықтыру жөнінде ардагерлер арасында үндеу көтерген еді.
Әби Сарқыншақов зейнеткерлікке шықса да «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы АҚ президентінің солтүстік аймақтағы өкілінің орынбасары. Қай кезеңде де өзіне тапсырылған іске жауаптылықпен қарайтын қызметкер тап осы орында да өзінің үлес салмағының ауқымдылығын байқатып отыр. Республикалық «Казахстанская правда», «Қазақстан теміржолшысы», «Железнодорожник Казахстана», «Сарыарқа самалы» секілді газет беттерін парақтап отырғанда теміржолдың республика экономикасындағы үлес салмағы жайында «Теміржол буындарында», «Барометр всей экономики», көліктік қатынастар заңдылығын қалыптастыру мәселесін қозғаған «Разработка Кодекса – дело серьезное», «Үш кезең», жол торабының шетелдермен байланыстағы орны бағытында «Нар жолында жүк қалмайды», «Евразийский Союз железнодорожников», жол жұмысының күнделікті тынысын тілге тиек еткен «Работаем хуже или кому-то так выгодно?» деген секілді сан салалы, өзекті тақырыптарды қозғаған мақалаларды оқуға болады.
1986 жылы партияның ХХҮІІ съезіне делегат ретінде қатысқан ағамыз “Ленин” орденімен марапатталыпты. Сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынған екен. Солақай саясат осы тұста да аяқтан шалып, лайықты атақты беруді құп көрмеген. “Октябрь революциясы” орденін кеудесіне таққан құрметті теміржолшының мұнан басқа “Құрмет белгісі” ордені, “Ерен еңбегі үшін”, “Қажырлы еңбегі үшін”, “Лениннің туғанына 100 жыл”, “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін”, “Еңбек ардагері”, “Тәуелсіздіктің 10 жылдығы”, “Астана”, “Тыңға 50 жыл”, “Қазақстан теміржолына 100 жыл, т.б. медальмен бірге Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің “Құрмет грамотасымен”, “Алғыс хатпен” марапатталған. Павлодар қаласының және Сырдария ауданының “Құрметті азаматы”. 2005 жылдан бастап Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие бергені үшін ”Ы.Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталыпты. 2009 жылы Павлодар облысының “Құрметті азаматы” атағы берілген. Әби аға Сарқыншақовқа 2009 жылы 75 жасқа толуына орай Ресейдің Кемерово облысының губернаторы А.Төлеев құттықтау жеделхатымен бірге “Сенім мен жақсылық үшін” медалін қоса тапсырған.
Бүгінде “Қазақстан теміржолы” АҚ-ның Павлодар жол бөлімшесі директорының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Павлодар облыстық тәртіптік кеңесінің мүшесі, Павлодар облыстық сайлау комиссиясының мүшесі...
Айта берсе Әби ағаның марапаты, ел үшін атқарған игілікті істері жетерлік. Оны бір ғана мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Жерлестер мақтанышы зейнет демалысына шықса да қоғамнан тысқары қалмай келеді. Бүгінде сексеннің алтауына қадам басқан ағамыз 1 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, өсірді. Олардан өрбіген ұрпақтарын көз қуанышы санайды. Бір өкініштісі, жақында өмірлік серігі болған, нағыз жанашыры, өзінің салада жеткен жетістіктерінің қолдаушысы да, тілеуқоры, құдай қосқан қосағы Төлеуқыз Сәдуақасқызын бақилық сапарға шығарып салды.
– 58 жыл бірге тұрып, еш сөзге келмеген едік. Мені жақсылыққа жетеледі, түн ұйқысын төрт бөліп, беймезгіл келіп-кететін менің жұмысыма түсіністікпен қарайтын, – дейді аға мұңайып.
Иә, тағдыр абзал ағаны Төлеуқыздай адал жарға жолықтырды. Ал, жақсы адамның жары да асыл болатыны өмір заңдылығы.
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ