ЖЕТІМ
Балиғатқа жетпей әкесіз қалған перзент жетім тауқыметіне енеді. Сондықтан болар, “жетімнің жары Құдай” деп, ел арасында оны «сағыр» деп те атайды. Латым – шешесі өлген бота. Сонымен бірге өгей анадан шапалақ жеген баланы да солай атайды. Құранда жетімдер туралы тікелей он жеті жерінде айтылған болса, ал ишаратпен айтылған аяттар одан да көп. Жетім жылағанда, аспан әлемі тітіркейді. Жетім бағылған үй және мешіт екеуі бірдей қасиетті ұлы ұя.
Бірде ғұлама Абдулла ибн Мүбарак қажылық сапарға шығады. Бір елді мекенге жетіп, түстенеді. Ымырт кезде бір әйелдің арам өлген тауық өлексесін алып бара жатқанын көріп, оны тоқтатады. Мұсылманға өлексе жеуге болмайтындығын айтқанда, әлгі әйел өзінің қиын жағдайынан хабар береді.
– Төрт кішкентай жетім балам бар. Жолдасым дүниеден озған. Перзенттерімді қарайтын, болысатын адам таба алмадым. Балаларым аш. Арам өлсе де, мен үшін адал болар деп, балаларыма осы өлексені апара жатырмын, – дейді. Сонда Абдулла ибн Мүбарак қасындағы қажылыққа шыққан барша қауыммен бірге өзі кері қайтады. Ал, барлық қаражатты осы жетімдерге үлестіреді. Қайтар күні қайыр істі жасағандар өздерін қажылықта жүргендей түс көреді. Бұл қажылық ниеттерінің қабыл болғандығының ишараты еді.
Мұсылманды Жаратқанның рақымына әрі мәңгілік жәннатқа жетелейтін ұлы амалдар қатарында шынайы иман, ата-анаға құрмет, жетімге қамқорлық, мешітке байлану, Құранмен сырласу, намаз оразамен орайласу, ағайын, бауырдың ынтымақта болуы ерекшеленген.
Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз өзі әкеден екі айында жетім, алты жасында анадан латым қалды. Жетімдіктің ащы дәмін өз басынан өткерген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) алдына бір жетім бала келіп, көршісінің ісіне шағымданады. Көршісі өктемдікпен оны басынып, құрма ағашын өзіне меншіктеп алған еді. Пайғамбар (с.ғ.с) оны шақыртады. Жетімнің ағашын өзіне қайтаруын сұрағанда, бермейтіндігін айтады. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с):
– Жетімнің құрмасын өзіне қайтар. Егер оны берсең, саған жәннаттан бір құрма ағашын уәде етемін, – деді. Бұл ұлы уәде де ол адамға әсер етпеді. Алайда, маңайда тұрған Әбу Дарда (р.ғ) бұл сөзге жігерленіп:
– Егер мен осы құрманы алып, жетімге қайтарып берсем, жәннаттағы сіз уәде еткен құрма дарағы менікі болады ма? – деп сұрайды. Келісім алысымен, өзінің үлкен дара үйін және ғажап құрма бақшасымен алмасу жасайды. Бүгінде осы оқиғаның кейіпкерлерінен ешкім жоқ болса да, жәннаттағы Әбу Дарданың уәделі құрмасы оны күтіп тұр.
Иса (ғ.с) Пайғамбар асығыс бара жатқан Ібіліс шайтанға кезігеді. Оның бір қолында бал, екінші қолында күл болады. Иса (ғ.с) онымен не істейтінін сұрағанда:
– Балды өтірік, өсек, ғайбат айтушының аузына жағам. Оның лас аузынан шыққан бұл сөздері елдің назарын аударып, тәтті болып көрініп, әселі болады. Нәтижесінде, олар бір мұсылманның етін жеген болады. Күлді жетімдердің басына шашамын. Сонда адамдар жетімнің басын сипаудан қашады, – деді.
Аллаға шүкір, дана еліміздің иманды азаматтары, қауқарлы кәсіпкерлері жетімдер үйіне жиі бас сұғатын болды. Тіпті, ондағы балаларды үйлеріне алып кетіп, ата-ана қамқорлығын көрсетіп бағуда. Бұл орасан зор сауап. Тағы бір мысал, Батыс елдерінде бір жетім үйінде 200 баланың дерлігі маусымды ауруларға шалдығып, жиі ауыратын көрінеді. Ішінде жалғыз бір ғана жетімек еш ауырмайды. Мұндай ғажайыпқа аң-таң болған тәрбиешілер мұның мәнісін түсінбейді. Ал, оның себебі сол, жетімді егде жастағы тәрбиеші үнемі яғни күніне үш реттен құшағына қысып, басынан сипап отырған. Міне, осы мейірімділіктің арқасында бала барша сырқат аурудан аулақ болғандығы дәлелденген.
Бүгінде ата-анасыз баланы отбасына алып, асыраушылар көбеюде. Алайда, оның шариғаттық шеңбері бар. Балаға тиесілі бөлінетін қаражат тек сол балаға ғана жұмсалуы парыз. Оның бір тиыны да орынсыз ысырап болмауы керек. Әрі оны өз перзенттеріне тең яки одан жоғары қою талап етіледі. Тиісті тәрбиені беріп, дүниесін сақтап, арттырып, көбейтіп, есейгенде өзіне қайтару жәннаттың даңғыл жолындағы ұлы сауап. Сонымен бірге, асыраушы әйел жетімекті өз үйіне алып, өзі немесе туған әпке-сіңлілерінің омырау сүтін кем дегенде бір рет болсын оған ішкіздіруі тиіс. Сонда ғана махрам туыстық қатынас орнап, бір-біріне деген жылылық күшейіп, адалдық орнайды.
Жетім туралы теріс сөз сөйлеуге болмайды, әсіресе ел ішіне таралған мақал мен теңеу сөздерді айтудың өзі күнә. Жетім бағып, келбеті май орнына қанға оралса да, ол туралы айту түптің түбінде қиындық әкеледі.
Мемлекетіміз жетімді қамқорлығына алған, қорғалған, әлеуметтік сақтандырылған. Алайда, әке мен ананың мейірімін бере алмайды. Әкенің орнын тек әке, ананың орнын тек ана ғана баса алады.
Бүгінде әке-шешесі тастап кеткен балалар тірі жетім санатында. Ең налытатыны сол жетімектерге тиесілі Алла алдындағы міндетті болған алиментті төлемей, қашып жүрген көкек азаматтар намыстан жұрдай жандар. Олар Алланың алдында қатты жауапқа тартылады.
Тарихы терең еліміз жесірін жылатпай, жетімін телміртпей, бауырына басқан. Тек біздің халқымызға ғана тиесілі әмеңгерліктің даналығы осында болар. Бір жетімін күлдіріп, қырық періштені қуантып, жеті шелпегін таратқан елімізде жетімдер моншағы жерге тамып түспей, аналар баурайында әкенің әлпешінде өссін деген тілектеміз.
Нұрлан қажы Байжігітұлы,
дінтанушы имам