Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президенттікке үміткерлердің шотына қанша қаражат түсті – ҚР ОСК есебі

Президенттікке үміткерлердің шотына қанша қаражат түсті – ҚР ОСК есебі

Кандидаттардың сайлау қорына түскен қаражаттар мен олардың жұмсалуы туралы есеп жарияланды.

ҚР Сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың сайлау қорына түскен қаражаттар мен олардың жұмсалуы туралы есепті жариялады, деп хабарлайды Today.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

ҚР ОСК 2019 жылдың 17 мамырындағы жағдай бойынша есепті ұсынды. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қаражаты және оны үміткер ретінде ұсынған "Nur Otan" партиясы бөлген қаражат 510 млн теңгені құрады. Республика азаматтары мен ұйымдардың ерікті ақша аударымдары 514 млн 457 мың 970 теңге болды. Көрсетілген кезеңге дейін аталған соманың 185 млн 593 мың 069,46 теңгесі жұмсалған. Олар баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығаруға және таратуға, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың үгіт жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған. Сонымен қатар сенім білдірген адамдардың көлік шығындарын жабуға, сайлаушылармен кездесу үшін үй-жайларды жалға алуға төленген. 

Сәді-Бек Түгелдің сайлау қорына өз ақшасы және оны ұсынған "Ұлы Дала қырандары" республикалық қоғамдық қозғалысының есебінен 200 мың теңге түскен. Ел тұрғындары мен ұйымдар үміткерді қолдауға ерікті түрде 75 млн 872 мың теңге аударған. Шығыс сомасы - 76 млн 053 теңге. 

Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің өз қаражаты және партияның бөлген сомасы - 250 млн теңге. Халықтың қайтарымсыз негізде берген сома - 88 млн 320 теңге. Үгіт-насихат жұмыстарына 289 млн 770 мың 683,72 теңге жұмсалған. 

Ал Дания Еспаева мен оны ұсынған "Ақжол" партиясы сайлау қорына ақша аудармаған. Кандидаттың қорын 112 млн 967 мың теңгемен халық пен ұйымдар толтырған. Д.Еспаева бұл соманың 109 млн 495 мың 277 теңгесін жаратып үлгерген. 

"Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы" Республикалық кәсіподақтар бірлестігі және одан үміткер Амангелді Таспихов те сайлау қорын толтырмаған. Оның шотына түскен ерікті аударымдардың көлемі 101 млн 850 млн теңгені құрады. Халық арасындағы үгіт-насихат жұмыстарына 75 млн 216 мың 780 теңге бағытталған. 

"Ауыл" партиясы атынан сайлауға түсетін Төлеутай Рахымбековтің өз қаражаты және партия аударған сома көлемі - 108 млн 007 мың теңге. Рахымбековтің шотына халықтың және ұйымдардың атынан ерікті ақша мүлдем аударылмаған. Осы уақытқа дейінгі шығысы - 77 млн 502 мың 977,85 теңге. 

Кандидат Әміржан Қосановтың өз қаражаты есебінен және "Ұлт тағдыры" қоғамдық бірлестігінен сайлау қорына 76 млн теңге түскен. Ел азаматтарының ерікті аударымдары 643 мың 600 теңгені құрады. Қосанов баспа және өзге де үгіт материалдарын шығаруға және таратуға, БАҚ-қа шығуға, заңды және жеке тұлғалардың үгіт жұмыстарын ұйымдастыруға 52 млн 999 мың 706,88 теңге жұмсаған.

22 мамыр 2019 ж. 682 0