КЕЙІПКЕРІМДІ ӨМІРДЕН ІЗДЕЙМІН
Жұлдыз – көкте жанған шамшырақ. Ауылдың кез келген баласының бойында жасырынған керемет сәулелі ұшқын бары анық. Ол жарыққа шыққан сәтте расында талант біткен биікке қарай ұмтылады. Сыр топырағынан түлеп ұшқан талай мықтының әрбір ізбасары қай салада болмасын өзіндік қолтаңба қалдырып келе жатыр. Өмір айдынында жаңылмай жолын тапқан жанның мұраты туған жер атын жалпақ жұртқа таныту болып табылады. Қашанда тұлпардың жүйрігі қанына тартып туады. Ал, шын мықтыны сынайтын әділ төреші, бірде жанашыр, тілекші халық екені рас. Көпшілік ықыласына бөленіп, бала күнінен елдің сүйікті ұлына айналған жас өрен, шалғайда жүрген туған жердің түлегі Нұржан Әбіласанмен барша тереңөзектік мақтанады. Қазіргі таңда ол Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының «Театр өнері» факультетінде «Музыкалық театр және кино әртісі» мамандығы бойынша соңғы курста білім алуда. Осыған дейін сахна тілін еркін меңгеріп, бірнеше образды аша білген, қазақ кино әлемінде өз орнын табуға ұмтылып жүрген жас актермен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.
– Мектеп қабырғасында жүргенде ән айтқаныңды білеміз. Музыкаға деген құштарлығың ана сүтімін дарыған десек артық айтқандық емес. Бала күніңде ең алғаш сахнаға шыққан кезің есіңде ме? Өнердегі тұңғыш ұстазың, аяулы анаң музыка әлеміне қалай баулыды?
– Әрине, бала күнімнен алғаш өнерге баулыған анамның орны ерекше. Мектеп қабырғасында жүргенде музыка пәнінің мұғалімі, ұстазым Роза Тұрмағанбетова бойымдағы әншілік қабілетімді аңғарып, тәлім-тәрбиесін беруден жалықпады. Ол кісіге ерекше ризашылығымды білдіремін. Осы орайда, бүгінгі күнге дейін қара шаңырақ саналып келген №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің ұстаздарына басымды иіп алғыс айтамын. Атап айтқанда, сынып жетекшілерім Ш.Әбенова, Ұ.Қалхоразова апайға, осы күнге жетуге ықпал жасаған аудандық мәдениет үйіндегі, оқушылар үйіндегі ұстаздарыма мың алғыс.
Ең алғаш рет ұстазымның нұсқауымен әліппемен қоштасқанда ән айта бастаған болатынмын. Содан кейін білім ордасында ұйымдастырылған кез-келген шараның бел ортасынан табылуға тырысып, ән айтып, шағын сахналық қойылымға қатысып жүрдім. Әуелі Алла одан кейін ұстаздарымның арқасында үлкенді-кішілі жетістікке жеткен кездерім де болды. Себебі, жетекшім мен анамның бағыт-бағдарын әлі күнге санама тоқып, жадымда сақтап, осы күні алға қарай жылжып келемін.
– Өнер әлемінің өмір дағдысына бағынбайтын өзіндік заңы бар. Талант пен еңбекті қатар ұштастыра алған жағдайда белгілі бір белесті бағындыруға болады. Болашақта қандай жоспар бар? Бала кездегі арман шындыққа ұласып жатыр ма?
– Жалпы, өнер әлеміне енді тәй-тәй басып, қадам жасағандықтан көптеген беймәлім таңсық дүниемен бетпе-бет келіп жатқан жайым бар. Негізінде, бір пайыз талант пен тоқсан тоғыз пайыз еңбек қаншада таразыға түседі. Егерде талантың бола тұра үнемі уақытыңды еңбекке жұмсамасаң, көштің соңында қалып қоюың мүмкін. Сондықтан еңбектенген адам еш уақытта тасада қалып қоймайды деп ойлаймын.
Жалпы, болашақтағы жоспарым – театр мен кино саласында белгілі бір мақсатқа жету. Бала кездегі арманым расында шындыққа ұласып жатыр. Арман жолында әрбір адам дұрыс жұмыс жасау керектігі тағы бар. Бағытың айқын болған жағдайда зор нәтижеге жетуге болады. Жоспар тұрғысынан алғанда, ең алғашқы меже – биыл бітіруші түлек болғандықтан диплом қорғау мақсатында жүктелген спектакльдегі рольді сәтті орындап шығу.
– Театр мен кино екі бөлек әлем. Өмірдің кез келген көрінісін көпшілікке шынайы ұсынатын актер шеберлігі тәжірибе арқылы шыңдалады. Осы кезге дейін өз образыңды таба алдың ба?
– Дұрыс айтасыз. Театр мен кино екі бөлек әлем. Екі жанрдың да ерекшелігі, қиындығы, өзіне тән қызығы кездеседі. Жалпы, өзімді екі бағытта еңбегімді сіңіріп тастадым деп айта алмаймын. Өнер әлеміне енді орныға бастағаннан кейін нақты образды әлі таппадым. Осы кезге дейін ойнаған рөлдерім ұнайды. Бірақ, өзімнің мінезіме, болмысыма сай келетін рөлді, яки кейіпкерді іздеу үстіндемін. Болашақата кино және театр сахнасында бағымды сынау арқылы өз рөлімді табу ойда бар дүние.
– Тереңөзек топырағынан түлеп ұшқан талай талант иесі тарих бетіне өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде актерлік қырыңмен жұртшылықты сүйсінтіп жүрсің. Осыған дейін үлкен сахнада сомдаФған рөлдерің қандай?
– Иә, туған жерім Тереңөзек топырағынан талай талант иесі, көптеген ақын-жазушы, әнші-композитор шыққанын мақтан тұтамын. Сол кісілердің салған ізімен біз де келе жатырмыз десем болатын шығар. Осыған дейін сомдаған рөлдерімді айтатын болсам, академия сахнасында жүріп, Оралхан Бөкейдің «Атаукере» повесі бойынша Ерік деген кейіпкерді алып шықтым. Және 3 курс оқып жүргенімде Уильям Шекспирдің дүниежүзіне танымал әйгілі «Асауға тұсау» комедиясында Петручио рөлін сомдадым. Шыңғыс Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты» спектаклінде майор Таңсықбаев деген образды сомдаған жайым бар.
– Кино әлеміне ең бірінші қадам жасағанда қандай сезімде болдың? Осы күнге дейін түскен кинодағы образдарың көңіліңнен шыға алды ма?
– Алғаш кино әлеміне мен 2017 жылдан бастап қадам бастым. Ең бірінші, эпизодтық рөлде өзімді сынап көрдім. Осындай рөлдер желісінде сериал мен фильмнің мәнін ұғуға практикалық тұрғыдан көмектесті. Ал, былтырғы жылы «MG» Production компаниясының тапсырысымен «Бүркітші» фильміне түскен болатынмын. Мұнда Кәміл деген басты рөлдегі кейіпкердің рөлін ұсынды. Бұл тұңғыш ойнаған үлкен рөлім деп айтуға құқығым бар. Фильмнің мазмұны сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы орын алған ашаршылық кезіндегі, ұлтымыздың тарихын, дүниетанымын ашуға бағытталған. Аталған туынды Алла қаласа осы жылы «КАНН» фестиваліне жолдама алып жатқан жайы бар. Бұл рөлді жақсы ойнап шықтым деп әзірге ашып айта алмаймын. Өйткені, фильмді халық көріп бағасын берген жоқ. Келешек жан-жақты таразылап қорытындысын шығаратын боламыз. Биылғы жылғы жоспарда үш жоба кезекте тұр.
– Сырдың саңлақтарының ізін жалғап жүрген өзіңді мақтан тұтатын жерлестерің жетерлік. Туған жерді сағынасың ба? Келешек қанатыңды қатайтқан Тереңөзекке қайта оралу ойда бар ма?
– Әрине, біздің Сыр өңірінде қайда жүрсек те мақтанып айта жүретін аға буын өкілдері жетерлік. Расында, сол кісілерден үйренеріміз көп. Туған жерге патриоттық сезімі, өнері тұрғысынан кез келген жағдайда үлгі алу парыз.
Төрт жыл деген көп уақыт емес. Бірақ, туған жерге деген сағыныш өте жоғары. Өйткені, өзім де ауылға барып, дұрыстап ағайынмен дидарласпағалы екі жылдың жүзі болыпты. Құдай қаласа үлкен мегаполис Алматы қаласында барынша тәжірибе жинап, ауылға ат басын бұрып, өнерімізді көрсету ойда бар. Алдымен, еңбек пен өнерді ұштастырып, мол тәжірибе жинап, Тереңөзекке келіп, үлкендердің ақ батасын алу ойда бар.
– Сенің ойыңша қазақ жігітіне тән қасиет қандай болуы тиіс? Осы күні өзің секілді замандастырыңа айтарың бар шығар.
– Жалпы, қазақ жігітіне тән қасиет ол намысты, жауапкершілігі мол және еш уақытта екі сөйлемейтін болуы керек деп ойлаймын. Өзінің ойындағысын нақты орындауы тиіс деп білемін. Замандастарыма айтарым, биыл «Жастар жылы» болғандықтан үнемі шаршамай еңбектеніп, туып өскен туған жерімізге үлесімізді қосып, тек алға қарай ұмтылу қажет. Өйткені, ел ертеңі – жастар екені анық.
– Үнемі үлкен үмітпен алға қарай ұмтылған бала Нұржанның бойындағы кейбір сақталған болмысты сахнадағы актерден көре аламыз ба?
– Міндетті түрде. Болашақта өзімнің бойымдағы қасиет пен болмыс сахнада көрініс табады. Себебі, театрда режиссер тарапынан рөл алған кезімізде кейіпкерді зерттей отырып, өзімізге тән мінезбен, қасиетпен, қалыпты әдетпен ұштастыруға тырысамыз. Сонда ғана кейіпкердің образын ашу жеңілдей түседі. Барлық жақсы мен жаман қасиетті рөлдегі кейіпкермен байланыстырғанда сахнада шынайылылық басымдырақ болады. Өзіңнің қиялыңнан, ізденісіңнен шыққан туынды бар жағынан ыңғайлы болып тұрады. Ал, ішкі түйсіктен образ шықпай жатқан жағдайда сыртқы ортадан, яғни базардан, көшеден, вокзалдан, кез келген ортадан табуға тырысамыз.
– Мәнді сұқбатыңа рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Балтабай ОРДАБЕКОВ