Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРА НАННЫҢ ҚАСИЕТІ

ҚАРА НАННЫҢ ҚАСИЕТІ


Қазақ халқының кеңпейіл дархандығы, пейіліне берген адалдығы еш уақытта түгесілмейді. Кезінде қиын-қыстау күндері жұдырықтай жұмылып, бір тудың астына бірігуді мақсат еткен ата-баба мұраты асыл еді. Сол күндері қолда барды қажетіне жаратып, ауыртпалық қасіретін тартқаны мәлім. Жан-жағынан төнген қатерге қарамастан біртұтас ұлт болып қалуды көздейді. Аумалы-төкпелі заманда жоқшылықтың жанға батқаны соншалықты бұқара халықтың бір жұтым асқа зар болғаны қабырғаны қайыстырады. Қиындықтан еңсесін көтере алмаған жұртшылық арасында қыршыннан қиылған талайдың жұлдызы ерте сөнді. Тарыққан күнде қаумалаған баласына қара нанның қасиетін ұғындырған қарапайым қазақтың көрегенділігіне тәнті боласың. Асқазанға ас түспеген уақытта жан сақтауға бірден-бір себепкер болған нанның қасиетінде асқан құдіреттілік жатыр.
Дастархан басында көпті көрген даналарымыз қай кезде де өткен күннің естелігін айтып отырады. Балаларына еш уақытта нан қиқымын аяқ астына тастамау­ды үйреткен үлкендердің тәлімі өмірлік өнеге. Сонымен қатар, нанды бір қолмен үзіп, ұнтақтағанды жаман ырымға балаған. Қатқан нанды дорбасына салып жатып, аналарымыз әркез адал астың киесін, аштық пен тоқшылықтың анық көрінісін ойға оралтады. Әлбетте қара нан бар жерде әр отбасында ырыс-несібе тасып, кез-келген іс берекелі болатыны мәлім. Заматында өсиет ретінде дала еңбеккерлерінің өлшеусіз қажыр-қайратын баяндаған қарияның сөзінде ғұмыр бойына маңдай термен келген ырысты далаға шашпай қамбаға толтырудағы нағыз диханшының табандылығын аңғарасыз. Қараша халықтың қамына бей-жай қарамаған ұлтымыз өз уақытында қазақ елінен пана іздей келген бауырлас ағайынмен қолындағы бір үзім нанын бөле жеген. Атамекені болып кеткен қазақ жерінде татулықты ту еткен өзге ұлт өкілдерінің тамыры кеңге жайылды.
«Қайнаған қара суда қасиет бар» демекші, қазіргі таңда молшылыққа кенеліп, ел басына тыныштық орнаған кезең. Зымырап уақыт өткен сайын барлық жағынан ісіміз алға басып, бейбіт өмірдің жарқын сәттерін бастан өткеріп жүрміз. Осы орайда күнделікті тұрмыста тұрғындар тарапынан көңілге қонымсыз оғаш дүниені аңғарғандай болдық. Бір күні көше бойынан өтіп бара жатып көп қабатты тұрғын үйлердің жанында орналасқан қоқыс алаңына көзім түсті. Шындығында аяқ басатын жер табылмас қоқыс маңайында көл-көсір нанның шашылып жатқаны жанымызға батты. Қасиетті қара нанның қадіріне жете алмаған қайран тоқшылық-ай десеңші! Қазақта нан тепкінің ақыры жақсылық әкелмейтіндігін үнемі өскелең ұрпағына айтқаны белгілі. Қанша дегенмен асып-тасыған қоғамда өмір сүрсек те, халқымыздың берік ұстанған обал, сауапты естен шығармағанымыз жөн. Саналы түрде ойлана қарайтын болсақ жер басқан әр пенде күнделікті бәз беруге жалданып, азын аулақ табыс табатыны тағы бар. Отбасына әжептеуір кіріс көзі түссе бар жағынан шүкірлік етеді. Әлгінде тасынып, аштықта жан сақтаған нанды далаға тастағандардан бұлардың айырмашылығы қарапайым бола тұрып, ысарапшылдықтың ақыры не боларын білгендігінде.
«Алты жыл аш жүрсең де, ата салтыңды ұмытпа» деген текті қазақтың ұрпағымыз. Қашан да үлкеннің ғибратын өздігінен шалқайған кей жанның есіне оралту парыз. Кәрі шешенің қолынан шыққан қара нанның құдіретіне бас ие білгеніміз абзал. Жомарттықты жаны сүйетін ұлтымыздың ұлылығы дәуірдің даңғыл жолында қайта жаңғырса дейміз. Бұл ретте әрбір азамат тоқшылықтың берекесін қара нанның қасиетімен байланыстырып, жоқшылықтан жүдеген жұртшылыққа дем бергенде адами тұрғыдан тең құқылы боламыз.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ

15 қаңтар 2019 ж. 1 396 0