Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІБІН КЕҢЕЙТКІСІ КЕЛЕДІ

КӘСІБІН КЕҢЕЙТКІСІ КЕЛЕДІ


“Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес”. Бұл Елбасының қоғамдық өмірдегі әйелдер белсенділігі үшін берілген бағасы. Расында да, ерлермен қатар иық тіресіп, кәсіпкерлік жолына бет бұрып жүрген нәзік жанды арулар жетерлік. Осындай кәсіптің көзін тауып, өз бетімен тәтті тоқаштар дайындап, елдің ықыласына бөленіп жүрген тәтті жан туралы әңгіме өрбітпекшіміз.
Қазіргі таңда республика бойынша кәсіпкер қыздардың үлес салмағы елу пайыздан асқан. Мұндай жоғары нәтиже әйелдер арасындағы кәсіптің әлеуетін арттыратыны анық. Ал, шағын бизнес кәсіп­орындарының алпыс пайызын әйелдер басқарып отыр. 2018 жылы облыс бойынша “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына 27741 қатысушы енгізілсе, оның ішінде әйелдің меншікті салмағы 47,4 пайызды құраған. Бұл біздің Сыр өңірі үшін жоғары нәтиже. Яғни, 13151-і нәзік жандылар үлесінде. “Өңірлік инвестициялық орталық” ЖШС арқылы облыстық бюжеттен шағын несиеге бір миллиард теңге бөлініп, 258 жоба қаржыландырылған. Соның 112 жобасын әйел кәсіпкерлер алған. Осыдан-ақ өңірдегі кәсіпкер қыз-келіншектердің белсенділігін байқауға болады.

Айдана Мұзаппарқызы осыдан бірнеше жыл бұрын тоғыз ай құрсағында көтеріп, өмірге әкелген сәбиінен қапияда айырылып қалды. Жаны ауырып, салы суға кеткен әйел көңіліне бір медеу іздеді. Көп ұзамай оны тапты. Ол тәтті тоқаштар пісіруге ден қойып, оны бастап кетті. Облыс аумағынан бөлек Алматы, Шымкент секілді ірі қалалардағы кәсіби кондитерлерден дәріс алып, іске машықтанды. Қазір Айдананың өніміне тұтынушы көп. Аудан орталығынан алыс, жақын елді мекендерден тапсырыс қабылдайды. Тапсырысқа сәйкес торт дайындап, оны өз қиялымен әсемдейді. Бұл өнеріне тұтынушылар алғысын білдіріп, ықыласқа бөленіп жүр. Жақында тәтті арумен жолығып, түрлі тоқаштар пісірудің жолын білдім. Әзірге үйінде күніне онға жуық торт пісіреді екен. Оларды тек бір ғана пешпен дайындайды. Бұл оған қолбайлау етіп отыр.
– Күнделікті күндерден бөлек мерекелерде тапсырыс көп түседі. Егер менде үлкен кондитерлік цех болса, күн-түн жұмыс істеп, үлгерер едім. Алайда ондай құрылғы жоқ. Оны алатын мүмкіндік те болмай отыр. Әзірге үйде он шақты тортпен ғана шектеліп отырмын, – дейді Айдана.
Бізбен әңгімесінде Айдана алға қойған мақсатымен де бөлісті. Аудандағы дүкендерге өз қолымен түр­лі заттар пісіріп, халыққа тек табиғи өнімдер ұсын­ғысы келеді. Мұнымен қоса, кондитерлік орталық ашып, жұмыссыздар санын азайтып, мұқтаж жандардың отбасына көмек беру де қайсар қыздың арманы. Бұған тек қолдау қажет.

Майя ҚОЖАБАЙ

27 сәуір 2019 ж. 729 0