Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН

ДАРИЯНЫҢ ЕТЕГІНДЕ ЕКПІНІ ЕНТЕЛЕЙ ҚҰЙҒАН СУДЫҢ МӨЛДІРЛІГІ КЕЙІПКЕРІМНІҢ ДАРХАН МІНЕЗІНЕН АНЫҚ БАЙҚАЛАДЫ. БАЛА КҮНІНЕН ТОЛҚЫНМЕН ЖАРЫСЫП, АСЫР САЛА ОЙНАҒАН СӘТІ КӨЗ АЛДЫНАН КЕТПЕЙДІ. ӘКЕ ЖАНЫНАН БІР ЕЛІ ҰЗАМАҒАН ОНЫҢ НАҒЫЗ ДАЛА БАЛАСЫ БОЛУЫНА ЖАСТАЙЫНАН ЕҢБЕККЕ АРАЛАСҚАНЫ БІРДЕН-БІР СЕБЕПКЕР. ҚОЛЫНЫҢ КҮШІ ЖЕТПЕСЕ ДЕ, МЫҚШЫҢДАП ТАЛАЙ ІСТІ ИГЕРУГЕ ТАЛПЫНЫСЫ ЗОР БОЛАДЫ. ҚҰМ БЕТІНДЕ ІЗІ ҚАЛҒАН БАЛАНЫҢ БАРЫНША ӘКЕГЕ БОЛЫСЫП, БІР ЖАҒЫНАН ДЕМЕУ БОЛҒАНЫ ДА БАРШАҒА АЯН. ҚОЛЫНАН ҚАРМАҒЫН ТАСТАМАЙТЫН ОНЫҢ БАЛЫҚ АУЛАУҒА ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫСЫ ЕРЕКШЕ БОЛЫПТЫ. ТӨРТІНШІ СЫНЫПТА ЖҮРІП-АҚ, ӨМІР БАСПАЛДАҒЫНАН ҚҰЛАМАУ ҮШІН ЕҢБЕК ҚАЗАНЫНДА ПІСІП ЖЕТІЛГЕНІ СОНШАЛЫҚТЫ ДАРИЯНЫҢ БОЙЫНДА НАҒЫЗ БЕЙНЕТКЕШ ЖАННЫҢ ӨМІРІ ӨРІЛІП ЖАТТЫ.
Осы күні сексеннен асқан Ниязхан қарияның жүріп өткен жолы өскелең ұрпаққа өнеге. Бізде ауылдағы еңбек адамының бүгінгі жай-күйін білмек ниетте Айдарлыдағы сапарымызды одан әрі жалғастырған болатынбыз. Шаңырағына барған бойда ерекше пейілімен алдымыздан шыққан қариямен әңгімелесуге асықтық.
Тоғай ішінде қоянға, қырғауылға тұзақ құрып, бала кезінен аң аулауға машықтанған ол сабағынан тыс уақытта жемтік дайындап, сазан, лақа секілді балықты оңай аулайтын. Ес білгелі дарияның суын кешіп, суда балықша жүзген оған балық, аң аулау кәсіптері етене жақын болып кетті. Көздеген мақсатына жету жолында асыптасудың керек еместігін санасына түйді. Білімін жалғастырмақ ниетте Айдарлыға оралған Ниязханның көкейінде осындағы жеті жылдық мектепті бітіру болатын. Ауыл еңбеккерлері күндіз-түні техника тілін меңгерген мезетте бұл да трактор тізгінін ұстауға қызығады. Әрі қарай мектепте жүре беруді құп көрмеген ол, механизаторлардың 2 жылдық оқуына баруға ұйғарым жасайды. Мұнда трактордың қозғалтқышынан бастап, барлық тетіктерін үйреніп шығуға тырысады. Механика әліппесін игеру жолында теориялық білімнен бөлек, нағыз тәжірибе алаңы қажет еді. Оқуды тәмамдап, Айдарлыға келгенде егістік даласында ер жетіп, трактор айдаудың қыр-сырына қанығады. Сан түрлі трактордың құрылысына мұқият көңіл бөлген Ниязханның еңбегі өлшеусіз. Комбайнның сол кездегі ауыртпалығын соншалықты елемегені оның жұмысқа деген құлшысын аңғартады. Сол уақытта жаңадан шыққан техниканың алғашқы маркасы шаруашылықтың жұмысын оңтайландыруға әкеледі. Қай кезде де жұмысқа талабы бар механизаторларды тарту басшылық тарапынан жасалатын қадам. Алғаш Беларусь тракторының құлағында ойнаған жас жігіт егістікте ауыл адамдарымен қатар жүріп, дала еңбегінде шынығады. Алдымен жауапты қызметкерлердің жанынан табылып, көмекші атанады. Техника бұзылған жағдайда жұмыс тоқтап қалмау үшін күні-түні бел жазбай жұмыс істеуге тура келеді. Болашағы техникамен байланысқан жігіттің ойында халықтың ырзық-несібесін мол жинауына еңбек ету абыройлы міндет еді. К-700-дың үш түрін тізгіндегенде нағыз ауыртпалықтың жүгін сезінеді. Ауылдағы ағайынның кәсібі бидай мен жүгері, бақша өнімдері екені мәлім. Көктем шығысымен шаруалардың жерін дайындау Ниязхан секілді тракторшылардың құзыретіне кіреді. Егістік басына қона жатып, бригадир айтқан тапсырманы бұлжытпай орындау, жоғарғы межеден көріну – өзі қалаған жұмысқа адалдығын аңғартады. 
Ақсақалмен әңгіме барысында баяғыдай тракторға қарғып мініп, айдап кеткісі келіп тұратынын байқадық. Ешқандай жасандылық жоқ ақсақалдың бойында еңбек адамына тән бұлжымас қағида жатқанын аңғардық. Естелігі естен кетпеген қария біраз ойлана отырып талай жайттың басын ашты. Бұл кісілердің жасаған жұмысына қарай айлығын да солай төлейтін болған. Балашағының қамы үшін үздіксіз, демалыссыз еңбек етсе, өз кезегінде жоспарды орындау күш пен төзімділікті, ұқыптылық пен ыждағаттылықты қажет етеді. Егістікте жоңышқа орып, қыстық азық бидай жинауда бүкіл халық болып, жұмылған жұдырыққа айналатын. Шын ниетімен кәсібіне адал болған жағдайда молшылыққа кенелу қиын емес. Ауылдың басты күнкөрісі саналатын жүгеріні мың гектарға дейін егу науқаны жүргізілгенде бұлардың жұмысы еселеніп, ел-халықпен бірге үй көрмейтін күндер болады. Комбайнмен жүгерінің сабағын қайырып, трактор тіркемесіне тиейді. Есесіне ол қыстай малға азық болады. Өткен ғасырдың бел ортасында Айдарлы ауылы мал бордақылау совхозы атанады. Әлгінде жиналған жүгері осындағы малдарды семірту үшін беріледі. Семіртілген малды қолдап, үкіметке етке өткізген. Міне, осы тұста әлгі жүгері сүрлемі бордақыда тұрған малдың құнарлы азығы болғаны рас. Одан бөлек трактор дөңгелегі жарылып, жолда қалған жағдайда өз күшімен икемге келмейтін дөңгелекті көтеріп, ішіндегі кәмірін ауыстырып, былайда-былай төңкеріп, жөндеп ала беретіндігі қарияның әлі есінде. Еңбекте жетілу үшін үлкеннің ақылы мен тәжірибелі өнегесін алу арқылы барынша төселу тракторшыны одан әрі шыңдай түседі. Техника мерзімінен бұрын бұзылса, арнайы маман келіп жөндеу үшін алып кетеді.
Алғаш механика оқуын бітіргенде шаруаға араласу ниетімен бригадирге жолығады. Ауыр жұмыстан тайсалмайтын жігітті басшылық Сейілхан Әбсәтбаев деген тракторшыға көмекші етіп жібереді. Сонда Ниязхан қария алғашқы трактордың не екеніне шынайы көз жеткізеді. Теориядан көз ашпаған жас жігіт практикалық тұрғыдан қиындыққа ұшырайды. Жанындағы ақылшы Сейілхан кенет ауырып, бұзылған трактормен бетпе-бет қалады. Намысқа тырысып, жөндеп таркторды аман-есен ауылға жеткізгенде ел ақсақалдары «бәрекелді» деп жатады. Осылайша техника тілін жылдам игерген тракторшы механик атқаратын жұмысты тез-ақ игереді. Болашағын техникамен байланыстырған Ниязхан ақсақалға адал дос, орта жолдан тастамайтын тегеурінді әріптес, бір жағын алып жүретін Жұмакүлдей адал жар кезікті. Зайыбы екеуі қаншалықты бейнет көрсе де, ар жолында өздерін биік қойып, алты перзентін өсіріп-жеткізді.
Заманында барлық шараның басы-қасында өзі жүретін. Арасында халық ойын жоғарыға жекізіп, ауыл шаруышылығындағы түйткілді мәселені шешуге тырысады. Бір жылдары Қазақстан Компартиясының ХҮ съезіне делегет болып сайланғанда еңбек адамының осындай үлкен жиынға қатысуы ел халқы үшін зор мәртебе болатын. Сол съезд барысында Ниязхан ақсақал Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, Нұрсұлтан Назарбаевпен пікір алмасу мүмкіндігіне ие болады. Ақсақал сол сапардағы әсерін әлі күнге есінен шығармаған екен. Сол кездегі астана Алматының төрінде талай алпауыттармен жолыққаны өз алдына бөлек әңгіме. Ауылдан табыла қоймайтын дүниелерді балаларына әкелгенде қуанышында шек болмаған. Базарлықтың үлкені самаурын мен аяқ киім секілді заттар екені рас. Ол кезде бұл дүниелер ауылдағы ең тапшы дүниелер болатын.
Зейнет демалысына шыққанға дейін жанына техниканы серік еткен ақсақалдың елден алған алғысы мен марапаты жетерлік. Оның еңбегі еленіп, кеудесіне талай медаль тағылғаны анық.
Алты баладан тараған ұрпақтары бүгінде қазыналы бәйтеректің саясында ер жетіп, қыздары бойжетіп, тағылымды ғұмыр кешуде. Демалыста жүрсе де, трактордан қол үзбеген қарияның егістік даласындағы қолтаңбасы сайрап жатыр. Ақсақалдың басынан өткен кейбір қызықты жайттарды ауылдасы Жамбыл аға кездескенімізде айтқан болатын.
Бірде қала көшелерінің бірінде жаяу жүргіншіге арналған жолда екі адам өтіп бара жатады. Сонда көлік терезесінен басын шығарып, жүргізуші «Ниязхан әрі тұр» деп айқалайды да алға қарай жүріп кетеді. Артынша ақсақалдың көлігін жол полициясы тоқтатып, белгіленген орында адам өткізбегені үшін айыптамақ болады. Сонда Ниязхан ақсақал “біздің заманымызда жол ережесін оқытқанда «жаяу жүргінші жолдан өту үшін адамдар төрт-бесеу болып топтасып, өту керек» деп үйретті. Бір-бірін күту керектігін санамызға құйды. Сендер болсаңдар заңға қайшы келдің дейсіңдер. Алдымен әр адам көлік ережесін білу қажет” деп кетіп қалады.
Осындай бала күнінен қатаң ережені ұстанған Ниязхан Рахманқұловтың отбасында, ауыл өмірінде, еңбек майданында алар орны ерекше. Бүгінде жоғарыға ұмтылған жастар осындай кісілердің ғұмырынан ғибрат ала білсе, шыныққан, шымыр, барлық іске икемді әлі талай еңбек озаттары шығатыны сөзсіз.
Ақсақал ізін жалғар ұрпағымен мақтанады. Немересі Дарын Ниязхан сүйгүлігімен талай аламан бәйгеге қатысып, жүлдегер атанып жүр. Кейде ақсақал осылардың зор жетістігін көріп, жастайынан көрген бейнетінің жемісі деп біледі. Қиындықтың артта қалғанына марқаяды. Замандастарымен өткенді еске ала қалса, сонау табысты жылдар шежіресін ақтарады. Дария бойында буыны бекіп, техника тілі жетік меңгернінің арқасында абырой биігінде болды. Өйткені, бұл қарияның тарих бетіне қалдырған құнды қолтаңбасы. Трактордың сан түрін көз жазбай танитын ақсақалдың ендігі тілегі елінің тыныштығы, балаларының амандығы.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
23 наурыз 2019 ж. 1 101 0