Айдарлының «академигі»
Айдарлыда «академик» бар дегенге сенесіз бе? Академик болғанда белгілі бір ғылымды зерттеп, докторлық қорғаған академик емес, жастайынан қаттамалы кітаптарды жастанып оқып, сол арқылы әлемді шарлаған кітапқұмар академик. Бүгінде ол кісі сексеннің үшеуінде. Бақуатты, жанына отыра қалсаң, айтары көп, құдды бір шежіре дерсің.
Біз барғанда ақсақал нанды майдалап турап, шәй ішіп отыр екен. «Кел, кел» деп жанына отырғызды да әңгімесін бастады.
– Мен өзі ақын-жазушы, журналистермен тілдескенді жақсы көремін. Олармен сыр шертісіп, ой бөліскен ұнайды. Негізі, кеңестік кезеңде ауылдарға ақын-жазушылар көп келетін. Елді мекенге келгенде арнайы іздеп барып, сұқбаттасып алатын едім. Қазақ жазушыларының шығармаларымен етене таныспын ғой. Ал тәуелсіздік алғалы олардың ауылға келуі сиреп кетті, – деді Асан ақсақал.
Ә дегеннен ақын-жазушыларды айтқан қария шәй ішіп отырып олармен кездескендегі қызықтарымен бөлісті. Ол кісі Шиелі ауданындағы Бәйгеқұм ауылында үлкен жиын өтіп, оған үш жазушы келетінін естиді. Атап айтқанда, Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбек және тағы бір қазақ жазушысы. Мұны естіген соң кейіпкеріміз олардың кітаптарын мойын қалтаға салып, Бәйгеқұмға барыпты. Сөйтсе, аталған жазушылардың екеуі келе алмай, Қойшығара Салғарин ғана келген екен.
Үлкен жиында жазушы трибунада тұрып сөз сөйлейді. Ал Асан ақсақал алдыңғы қатарға келіп жайғасады. Сөз сөйлеп болған соң белгілі қаламгер айдарлылық қарияның жанына келіп отырған. Сол мезетте ақсақал мойын қалтадағы жазушының кітаптарын біртіндеп шығарып, қолтаңбасын түсіріп алады. Сол арада Ақселеу Сейдімбекпен жақсы дос екенін білетін қария оның да кітабын шығарып, «Қойшеке, мына досыңыздың кітабын не қыласыз» дегенде жазушы «Еш ойланбастан қол қойып беремін» деп қолтаңба түсірген. Бір уақыттан кейін жазушы сый-сыяпат үшін сахнаға қайта шақырылады. Ел алдында оған құрмет көрсетіліп, шиеліліктер белгілі қаламгерге шапан жабады. Сол арада қазақ жазушысы иығындағы қымбат шапанды әкеліп Асан ақсақалға кигізіпті. Көп оқырманының бірі болса да кітабын асынып барған ақсақалға Қ.Салғарин өз құрметін білдіреді. Осындай ілтипатқа бөленген жан көңілденіп жазушыны өз үйіне құрметті мейман болуға шақырады. Алайда, белгілі себептермен жазушы келе алмайтынын жеткізген.
Асан Рүстембек қарияның үйіне қазақ жазушысы келмесе де, қазақтың белгілі ақыны келіп, мейман болған. Тіл жанашыры, адуынды ақындардың бірі Мұхтар Шаханов Айдарлыға келгенде осы үйден дәм татқан. Бір қызығы, М.Шахановпен бірге еріп келген он бір адамның әңгімесі бөлек болса, ақын мен оқырман біраз уақыт бөлек сыр шертеді. А.Рүстембек ақынның өлеңдері жайлы айтып, көкейіндегі ой-пікірімен бөліседі. Мұны естіген қазақтың біртуар перзенді риза болған көрінеді.
– Өте қарапайым адам екен. Біраз отырып, шер тарқаттық. Сол кездің өзінде сөре толған кітап болатын. Мұны көргенде Мұхаң «Ауылдағы академик» деп атап, мақала да жазды, – дейді кейіпкеріміз.
Бұдан бөлек, Асан ақсақал қаһарман батыр Бауыржан Момышұның баласы жазушы Бақытжан және жары Зейнеппен, жамбылдық ақын Рафаэль Ниязбеков секілді ақын-жазушылармен жолығыпты.
Қазір Асан Рүстембек қарияны көпшілік таниды. Кітапқұмар жан екенін де біледі. Ол кісінің кітап оқуына әуелде қатарластары себеп болыпты. Сол шақта елді мекенде мектеп болмаған. Оның үстіне, алғаш мектеп табалдырығын аттаған уақыт қиын-қыстау соғыс кезеңімен қатар келген. А.Рүстембек бала кезден таршылықты көріп өседі. Әкесі колхозда істегенімен, тапқаны тамақтан артылмайды. Айлық жоқ. Таза киім де жоқтың қасы. Соның салдарынан бала Асан шалғайдағы мектепке бір тоқсан барып, кейіннен оқуды жалғастыра алмайды. Осылайша, бірінші сыныпты үш жыл оқиды. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп орта білімді игеріп, аттестат алған.
– Өзімнің орта білімім төмен болды. Менімен қатар мектеп бітіргендер техникумға, институтқа түсті. Кейіннен қызмет істеді. Бір жерде отыра қалсақ, қатарластарым маған қарамайды. Жоғары білімі болған соң бөлектенетін болды. Содан ойладым «Менікі не? Мен өзімді-өзім неге өсірмеймін? Неге өзімді кондициядан шығармаймын?» деп кітап оқуға кірісіп кеттім, – деген қария ең алдымен, философияға мән беріпті. Сөйтсе, өткен ғасырдың орта шенінде қазақша философиялық кітаптар жоқ болған. Өзі орысша білмейді. Қанша кітап іздесе де бәрі орыс тілінде болыпты. Алғашында түсінбеген. Кейіннен әскерге барып келгеннен соң орыс тілін меңгере бастапты. Одан соң философиялық кітаптар қазақшаға аударылды. Тіпті, жақсы болған. Сөйтіп, сан салалы кітаптарды оқып, өзіне талап қоя білгеннің нәтижесінде білімін тереңдетеді.
– Өзімді-өзім қамшылап, білім деңгейім әжептәуір көтерілгендей болды. Тіпті, білуге деген құштарлығым бұрынғыдан да арта түсті. Қатарластарыммен сөйлесіп тұрамыз. Білім деңгейіміз тең болғандай. Сұрақтар қойып, сүріндіргісі келеді. Бірақ оқығанның арқасында еш мүдірмеймін. Одан кейін де көп оқыдым. Сөйте келе, қатарластарым менің алдымда сөйлемейтін болды, – дейді қария.
«Көп естігеннен бір көрген артық» демекші, ақсақал шәйін ішіп болған соң жеке кітапханасын көрсетуге қолқа салдық. Асханадан ақырын жүріп қариямен жеке бөлмесіне таядық. Есік құлыптаулы. Қолындағы кілтімен ашып, әп-сәтте рухани қазынаға толы кабинетке еніп кеттік. Ортада ақсақалдың жұмыс үстелі. Қабырғадағы сөрелер толған кітап. Сонымен қатар, сарғайып жинақталған газет-журналдар. Құдды бір кітапхана немесе архивке кіргендей кейіптеміз. Кітапханашы қариямыз «Мына сөре толған газеттер, мұнда қазақ жазушыларының кітаптары» деп бәрін таныстырып жатыр. Көзіміз нөмірленген дәптерлерге түсті. Сөйтсек, Асан ақсақал оқыған кітаптарын сүзгіден өткізіп, оның ішіндегі маңызды, құнды дүниелерді дәптерге түсіріп отырады екен.
– Бұл менің хоббиім. Өзім оқыған кітаптарда тәуір-тәуір дүниелер болса, дәптерге түртіп қоямын. Осы кезге дейін 36 дәптер толтырдым, – дейді қария. Бұл дәптерлердің әрқайсысының тақырыптары бар. Кәдімгі кітап секілді. Алғашқы бетіне, сол дәптерде қамтылған дүние жөнінде кіріспесі бар. Ішін ақтарсаң, эрудиция, ғибрат, триумфатор, тарих, медицина, ғалымдар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер және тағы басқа да тақырыптарды қамтитын маңызды мағлұматтар жетерлік. Қазақ жазушыларының ғұмырнамасы, әлем елдерінің тарихы, тұлғалардың ғибратты сөздері, афоризмдер, тіпті, оқыған кітаптарда кездескен сатқындардың есіміне дейін бар. Тайға таңба басқандай жазумен бәрін реттілігімен тізбектеп қойған. Өзі ойластырған сұрақ-жұмбақтарды да оқып көрдік. Мәселен, «№210. 8-09-1939 ж. – СССР-дің Сыртқы істер комиссары Германияның рейхсканцлері фюрер Гитлерді Польшаны басып алғандығымен құттықтады. Бұл комиссар кім еді?» деген сұрақ-жұмбаққа соңғы бетке тиісті нөмірмен «№210. Молотов» деп жауабын жазып қойған. Осы секілді әр конспект дәптерді оқи отырып, тың дүниелермен танысуға болады.
Сондай-ақ, ақсақал ауыл көлемінде, көршілес елді мекенде өмірден озған кісілердің тізімін де дәптерге түсіріп отырады. Оған қоса, ауданға қарасты Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Шиелі ауданының Сұлутөбе секілді бір-екі ауылындағы қорымдарды аралап, бақилық болған жандардың тізімін жасақтаған. Бас-аяғы 27 қорымға барған. Мұның кейінгі ұрпаққа қажеті барын айтады. Жақында қарияны іздеп бір қыз келген. Ол әкесінің бейітін таба алмай жүр екен. Ақсақал дәптерді қарап, бейіттің қай жерде екенін бірден айтып беріпті.
Кітаптың, газет-журналдың көптігіне таңданып тұрсақ, қариямыз біразы үйдің төбесінде екенін айтты. Бір риза болғанымыз, ақсақал газет-журналды жинақтап, ешкімге жыртқызбайды екен. Бүгіннің өзінде 4-5 тоннадай газет-журнал бар шығар дейді. Оған қоса, бір жылда 36 түрлі газетке жазылған кезі болған.
Тағы бір байқағанымыз, кітап сөресінде кішкене шыны банка толы қаламсап тұр. Бір емес, бірнешеу. Мұны сұрағанымызда, ақжарқын мінезді қария оның да сырын айтты.
– Алматыда балаларым тұрады. Олар бір күні келді. Ұлдарым «Әке, бізге не бересіз» деді. Енді қартайдым ғой. Менде байлық жоқ, мына кітаптарды бөліп алыңдар дедім. Содан бір ұлым «Әке, мына дәптерлерді жазған қаламсаптарыңызды жинақтап қойыңыз. Кейін осыны бөліп аламыз» деді. Содан әрбір сиясы таусылған қаламсаптарды осылай жинақтап қоямын, – деді қариямыз жымиып. Таңданысымыз түгесілер емес...
Кітапқұмар қария қолға түсе бермейтін кітаптарды іздеп жүріп оқиды. Осы кезге дейін біраз елдерге барып, республиканы шарлап шыққан. Қай жерге барса да алдымен кітап дүкендеріне бас сұғып, қызықты кітаптарды сатып алады екен. Кеңестік кезеңде ұлдары әр жерде әскери міндетін атқарған. Солардың артынан барып, кейін қайтарда кітап құшақтап келетін болған.
Әңгіме арасында ақылы теңіз-дария, көп жасаған қария кітапқа қызыққаны соншалық жасаған бір «ұрлығын» да айтты. Қызылордаға бір үйге барыпты. Кітап көп екен. Ішіндегі бір қызық кітапқа көңілі ауады. Сол үйде бір жас қыз бәрін бақылап жүрген. Соған қарамастан, әлгі кітапты қойнына тықсырып, алып кеткен көрінеді.
– Мен кітапты қайтарып беремін. Ішін сүзгіден өткізіп, керекті дүниені жазып аламын. Кейін өздерінің қолына тапсырамын. Бір күні жаңағы кітапты апарып бергенде жас қыз «Ойбай, аға, Сіз де ұрлық жасайтын ба едіңіз» деді. Сосын мен «Қарағым, бұл ұрлыққа жатпайды. Мен тек кітапты оқып, кейін өзіңізге әкеліп беріп тұрмын. Жыртылған жері болса, ренжісеңіз болады» дедім. Сөйтіп, рахметімді жеткіздім, – деген ақсақал құнды кітаптарды іздегендегі бірнеше қызықты әңгімесімен де бөлісті.
Қадірменді қария зейнетке шыққанша елге қызмет етіп, халыққа пайдасын тигізген. Бүгінде ол кісінің сонау шалғайдағы ауылдан аудан орталығына келіп, жаяу жүргіншілер көпірін жөндегенін жұртшылық біле де бермейді. «Майжарма» каналы кент орталығын жарып өтеді. Соның әр тұсынан тұрғындар қажетіне орай көпірлер салынған. Көлікке арналғаны бар, жаяу жүргіншілерге де арналып көпір түскен. Бір күні кейіпкеріміз аудандық ауруханадан келе жатып Жеңістің 50 жылдығы көшесі бойымен жүреді. Сол тұстағы аталған каналға түскен жаяу жүргіншілер көпірінің екі жақ бетінде тақтайлары жоғын көрген. Бұл жүргіншілер үшін бір жағынан қауіпті әрі қиындық тудырғаны анық. Соны көрген А.Рүстембек Айдарлыға барып, қажетті ағаштарды жинақтап, аудан орталығына қайта шығады. Облыс орталығына үлкен автобуспен қиындықсыз жеткенімен, Тереңөзекке қатынайтын «Газель» жүргізушісі ағаштармен мінгізуге қарсылық танытқан. Мән-жайды айтқаннан кейін «Газель» ішіндегі тұрғындар қарсылығынсыз кентке келеді. Діттеген жерге жетіп көпірді жөндейді. Сол сәтте кейбіреулер «қай мекеменің қызметкерісің» деп сұрапты. Енді бірі аты-жөнін сұраған екен. Бірақ ақсақал бұл ісімен ешкімге міндетсінгісі келмеген.
Одан бөлек, ол Қызылорда аэропортына бара жатқанда Аманкелді, Жетікөл, Айдарлыға беттейтін жолдың шұқырын тегістегенін өзге кісілерден естігеніміз бар. Атап айтқанда, елді мекендерге баратын бұрылыста бұрынғы арықтың ізімен жол ойылып қалған. Соған өзі жол жиегіндегі тастарды тасып, тегістеп, көптің алғысына бөленген.
Негізі, ақсақал жастайынан қандай іске көңілі ауса, соны бітірмейінше тыншымайды екен. – Бір шаруаны көрсем, соны аяқтамай ұйықтай алмаймын, – дейді құрметті жан. – Ондай істі халықтың игілігі үшін жасаймын. Бірақ мен жасадым деп міндетсінбеймін. Өйткені, мақтанғандай боламын. Ал сол ісім арқылы тек халыққа пайдам тисе болғаны, – дейді қария.
Айтпақшы, біз барғаннан ақсақалдың жанынан бір елі қалмаған Бибаят әжейдің жөні бөлек. Құдай қосқан жары қарияның қас-қабағына қарап, бар жағдайын жасап келеді екен. Қайда барса да екеуі қосақтасып жүреді. Екеуара әзіл-қалжыңы да жарасымды. Бір-бірінің сөзін түзеп отырады. Ақсақал сексеннің сеңгіріне шыққан шақта қатарынан үш рет отаға түскен. Соның әсерінен бүгінде көп нәрсені ұмыта бастапты. Алайда, Бибаят Ізтілеуқызы жанында жүріп, ұмытқан жерін есіне түсіріп отырады.
– Әуелде кітапты көп оқығанын жақтырмайтын едім. Газет-журналды жыртқызбай, жинататын. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей кейіннен өзім де қосылып кітап оқитын болдым. Кітапты көп оқығанының арқасында құрметке де бөленіп келемін. Облыстағы әмбебап ғылыми кітапхана қызметкерлері екеумізді шақырып студенттермен кездесу ұйымдастырды. Концерт те қойып берді. Осы кісінің арқасында барлық қызықшылықты көріп келемін, – дейді он құрсақ көтерген ана. Осы тұста, бір айта кетерлігі, айтары бар ақсақалмен аудан жастарының кездесуі ұйымдастырылса, өскелең ұрпақ тағылымды дүниелерге қанық болары сөзсіз.
Айдарлыдағы «академиктің» қасында біраз отырып, әңгімесін тыңдадық. Жанынан кеткіміз жоқ. Бірақ уақыт шіркін, ырқымызға көнбейді. Содан жинала бастадық. Алайда, осыншама кітаптың ортасында тұрып, біздің де көңіл бір-екі кітапқа ауды. Ақсақалдан сұрадық. Қалаған кітабымызға қолтаңбасын түсіріп беріп жатыр. Сол арада қариямен 63 жыл отасқан жұбайы Бибаят әжей «Кітаптарын ешкімге бермейтін, жолдарың болды» деді. Артынша қос-қостап кітап алғанымызды көріп «Қаныбек балам ренжіп жүрмесін» деді. Сұрастыра келсек, өзіміздің Қаныбек аға Әбдуов екен. Асан ақсақал мен Бибаят әжейдің 26 жылдан бергі өкіл баласы. Рухани жетекшілеріміздің бірі болған соң көңіл жайланып, жүрегіміз жылып сала берді.
Жалпы, «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген даналық дәп осындай кісілерге арналса керек-ті. Шежірелі, тарихты да түгендеп, ғибратты әңгімелерге де сусындатады. Жанынан бір елі кеткің келмейді. Айта бересің, жаза да бергің келеді.
Біз Айдарлыдан ұшар құстай қомданып, керемет бір әсермен шықтық. Жадымыз рухани жаңғырды. Арамызда көргенін кестелеп, білгенін білтелеген осындай абыз қарияның болғанына шүкірлік еттік. Ол кісі бір алтын көмбе секілді. Сол көмбенің, алтын сандықтың ауызын ашып, қалың оқырманға жеткізу бізге парыз екенін түсініп қайттық.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ