Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛҒА БАРЫП ЖҮРСІЗ БЕ?

АУЫЛҒА БАРЫП ЖҮРСІЗ БЕ?


Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді.
Неге маған жырламасқа –
Сырда туған елімді!
Әбділда Тәжібаев
Ауыл – алтын бесік. Құт-береке далада, ойын-сауық қалада. Демек, туған жер, бар береке ауылдан тарайды. Ауыл адамдары шетінен бейнеткеш. Ауыл баласының тәлім тәрбиесі де бөлек. Үлкенге ізеті жарасымды. Абысын-ажын, келіндер ілтипатына әлі күнге таңырқаймын. Бала кезімізде ауыл үйдің арасы қазіргідей биік қорғанмен қоршалмаушы еді. Бірінің малын бірі ұрлайтындар кезікпейтін. Үлкендердің сыйластығы-ай, шіркін. Ақсақалдар бір үйге жиналып, ата-бабаларының қадір қасиетін тамылжыта айтатыны естен кетпейді. «Абай» жолындағы Бөжейдің асын, Сандыбайдың, Ерденнің асын, Абылайдың асын майын тамыза айтатын Бөлекей, Әжмағанбет, Қаржаубай, Таңат, Сражаддин аталар-ай, шіркін! Қазір қалай? Қазір қып-қызыл саясатқа бейімделіп алдық. Анау кетеді, мынау келеді... Әйтеуір үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бос сөзге бой үйрету белең алып барады.
Әлі есімде. Сұрапыл соғыс жүріп жатқан кез. Ауылым ол кезде Сталин, Молотов, сонан соң «Октябрь», «Ортақшыл» колхоздары болып аталатын. Елдің еңбекке ықыласы бөлек. Бәрі қолмен атқарылады. Басты құрал-кетпен, тасылатын астық – өгіз арба, сонан соң айта беретін түскі үзіліс кезінде жаңылмай ақыратын – есек. – О, түс болды, есек ақырды ғой деп әкеәжелеріміз дала қосындағы асқатықсыз көже мен қара шайға қарай ағылатын. Бір дән шашау шықпайды. Бір тостаған бидайды қымқырдың ба, алты жылға сотталдым дей бер. Еңбек етпесең, еңбеккүн таппасаң ауылдан талай адамды басқа ауылға жер аударып жататын тәртіп бар еді. Содан туған жер ыстық қой, еңбеккүн табуға, еңбек етуге, ала жіп аттамауға ант беріп, тайлы-таяғымен колхоздың лайықты бір мүшесі болуды парыз санайтын. Біз соны көріп өстік, үлкендердің сөзін тыңдау үрдіс болды.
Тойып тамақ ішетін, асыр салып ойнайтын, қазіргідей әкешешесінің тапқан-таянғанына масыл болып, көлік мініп жататындар кезікпейтін-ді. Уақыт шіркін бәрін өзгертеді екен. Бір кірпішті қайдан алдың, мына үйді қалай салдың бәрі есепте болатын. Қазір есебін тап, коттедж сал, сауна сал, көлікті жыл сайын өзгерт ешкімнің ісі жоқ. Қолыңнан келді ме, етікті қоныштан бас, саған әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ.
Туған жер, туған ауыл осының бәрі қазір сенің көз алдыңда өтіп жатыр.
Қазір баяғы колхоз, совхоздар атымен жоқ. Қазір менің кіндік қаным тамған жер – «Қоғалы» деп аталады. Қызылорда қаласынан қырық шақырым жерде. Бала кезімізде жаяу жалпылап, арадағы ауылға бір қонып қалаға жететінімізді айтсақ ертегі сияқты. Қазір ұшқыр көлікке жарты сағаттық жол, көгілдір асфальт. Қалтада – ұялы телефон.
Өткенге тағы бір ой жүгіртіп, әңгіме сабақтайын, оқырман. Айта беретін соғыстың тынатын түрі жоқ. «Қоғалыға» алдымен екі аяғынан айрылған Әбдікерім, Іздіқұл ата келді. Сонан соң бар медаль, ордендерін тағып Талпақтың Жүнісі, Садықтың Оразбегі, Еспенбеттің Шахабы, Алдабергеннің Мұхаммеджаны, Сейітқазының Рүстемі келді. Хабар-ошарсыз кеткендерді күйзелген, күңіренген үйлердегі ата-әжелерінің төгілген көз жасынан байқаймыз, біз де егілеміз. Есберген, Шайырқожа, Алмағанбет, Әкімал Мақсұмдар жалғыз ұлдарын жеңіс біткесін келеді деумен көз жұмды. Ұлдарының ерлікпен қаза тапқанын естімей кетті.
Ауыл балаларымыз, мектепте оқимыз. Сабақтан шыққан бойда бір-бір дорбаны мойынға асып алып, масақ теруге аттанамыз. Масақ теруге бастайтын әжеміз – Ысқақтық Шәйкүлі. Өте тергіш кісі болатын. Ол кісі есекпен, біз жаяулап масақтың көп жерін іздеуге шығамыз. Бұта-бұтаның арасындағы қалған-құтқан бидай масағын дорбамызға салып, таңдайымыз кеуіп, үйге бет бұрамыз. Алдымыздан белсенді бригадирлер шығып, дорбамыздағы бидайдың түбін қақтырып, қырманға төгеді. Жылаймыз, егілеміз, үйге қайтамыз. Ертесіне тағы да масаққа шығамыз. Шәйкүл әже есегімен жортып, ұстатпай кетеді.
Ауылдағы колхозымыздың төрағасы Сыздықанов Асқар деген аға еді. Ол кезде елулерге жақындап қалған кезі. Бәйгеден келген бір жүйрік аты мен ертоқымына ауданның бірінші хатшысы Бегешов деген көзқырын салды, құда түсуін қоймады, Асқар аға ықпалды. Жалғыз ұлым Қозыбегімнің аты деп шылбырын ұстатпады. Хатшы Асқар ағаны еңбек армиясына аттандырып тынды. Ақыры сол аға мүгедек болды, дүниеден озды, әділетсіздіктің құрбаны болды.
Ауылдағы бар үй салықтан, етке мал беруден көз ашпады.Қолыңда сауар сиырың, ешкі-лағың бар ма, жоқ па, онысымен ешкімнің шаруасы жоқ. Мемлекетте етке мал өткізесін, бір сиырға – сегіз килограмм май өткізетін салмақ бар. Біздің өзегіміз талып жүр, онымен ешкімнің жұмысы жоқ, әке-шешеміз өкіметтің салығын төлегенше басын жастыққа қоймайтын. Сиырдың майын жинайды, күйдіріп, дүкенге өткізу заң.
Бір күні сабақтан кеш қайтып, үйге жақындай бергенде ер адамның жылаған дауысы естілді. Тұра қалып, құлақ түрдім. Әкемнің дауысы, жүгіре басып, өкпемді қолыма ұстап, үйге кірсем әкем еңкілдеп еңіреп отыр. Қасында шешем – Шыншагүл. Мен қосыла жылаймын. Не болды дейсіз ғой. Әкем күріш егетін звено жетекшісі, қарауында бес гектар жер бар. Күрішті ол кезде суды кешіп жүріп себеді. Содан әкемнің аяқтары тізесінен төмен қарай бұлшық еттері жарылып, қаны шығып, жанын қоярға жер таппай отырған кезі екен. Міне, сондай кезді де көрдік.
Соғыс бітуге жақындай бергенде ауылдан 13 адам Донбастағы шахтаға яғни еңбек армиясына баратын болды. Бәріне бас-көз болу менің әкеме жүктелді, жасы елуден асқан кез. Махат, Әбу молда, Әбсәләм, Сағаттар сол Донбастан 1947 жылы оралды.
Туған жер сенің басыңнан осындай қиындықтар өткен. Сан-алуан қиындықтарға төтеп берген «Қоғалыдан» біз әлі қол үзген жоқпыз. Өйткені, ол жерде біздің бабаларымыз бен әжелеріміздің сүйегі жатыр. Соған тәубе етеміз. Әлі «Бәлтік» мешіті, «Құлболды Ишан», Жанатай, Алтайбек, Исахожа, Ақбел мазаларлары алыстан көрінеді.

Менің ауылым – «Қоғалы» өзінің ұл-қыздарымен мақтанады. Біздің ауылдан ағайынды Серәлі, Құлахмет, Ләтипа, Лапиндер мен «Қыз Жібектің» даңқын асқақтатқан Сұлтан Қожықовтың, «Майқантөбеде» - талантты актриса Сәбира Майқанованың қыстауы алыстан көзге қол бұлғап тұрғандай көрінеді.
Туған жерден мен де қанаттанып ауылдағы мектептен білім алып, КазГУ-дің журналистика бөлімін бітірдім. Елу жылдан астам баспасөзге еңбек етіп, қазір тоқсанға қарай жол тартқан зейнеткермін. Ақын Әскербек Рақымбекұлы ауыл түлегі, оның жырларын оқырмандар сүйсіне оқиды.
Туған жерден философия ғылымдарының кандидаты, профессор Жәлдеш Әбіласанов, Тоқшылық Омаров, төрт бірдей ғалым кандидаты шыққан Асқаровтар әулеті, математика ғылымдарының кандидаты Зұлқарнай Икрамов, биология ғылымдарының докторы Бердіқұл Қалымбетов, филолог ғалым Әбжаппар Әбілақовтарды бүгінгі шәкірттері аузынан тастамайды. Туған жер! Сен ыстықсын. Сенің әр бұтаң, қалың тоғайлы жидең мен сексеуіл, жыңғылың, «Жетімасар» мен Сарықұм белдеулеріндегі жусан исі мұрын жарады. Қазіргі көнекөз қарттардың көшбастаушысы болып жүрген Камар, Жылқыбай, Тоқтарбай, Өмірбек, Ибрагимдермен кездескен сайын туған жер тарихының тиегі әлі ағытылады. Сыр мен сыны кетпеген аталар мен ағалар, әжелер аман жүріңдерші!
Туған жер сен таусылмайтын жыр дастансың, тағзым етер қасиетті топырақ екеніңе тенеу жоқ!
Иә, сонымен мен өзімнің туған жерім туралы аз кем толғандым. Ал сіз не байқап жүрсіз, оқырман.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
еңбек ардагері.
03 ақпан 2019 ж. 745 0